2024 жылдың күнтізбесі таусылуға жақындаған сайын, жаһандық саяси кеңістік үш жылға жалғасып келе жатқан Ресей мен Украина арасындағы қанқасап соғыстың аяқталуына меңзейтін келіссөз туралы тезистерді жиі талқылауда.

(Сурет: telegraf.com.ua сайтынан алынды)
Осыған дейін АҚШ-тың жақында сайланған президенті Доналд Трамп пен оның болашақ командасы әзірлеген «Келлогтың бейбітшілік жоспарын» Mezgil.kz порталында жаздық. Бұл шартқа Украина көне ме, жоқ па, ол жайлы Киев тарапынан ресми пікір айтылған жоқ.
Ал кеше Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавровтың америкалық журналист (сайлау кезінде Трампқа бүйрегі бұрған) Такер Карлсонға берген сұхбаты жария болды. Біздің бұл сұхбатқа назар аудару себебіміз – аталған әңгімелесуде Ресей СІМ басшысы Украинамен қандай жағдайда келіссөзге отыруы мүмкін екенін, Ресейдің қоятын талап-шарттарын атапты.
Лавров: «2014 жылы Киевте «төңкеріс» болмағанда, Қырым әлі күнге Украинаның құрамында болар еді. Егер сол кездегі президент Янукович пен оппозиция арасында келісім жасалғанда, бүгінгі жағдайдың бірі де болмас еді», - дейді. Ресей Еуроинтеграция жолын таңдаған Киевтегі 2014 жылғы оқиғаны «билік төңкерісі» деп атайды.
Аталған сұхбатта Сергей Лавров Украинамен келіссөзге отыру үшін Ресей қандай талаптар қоятынын тізбелейді. Сонымен, Лавров айтқан Ресей қоятын шарттар мыналар:
1. Киев НАТО-ға қосылудан бас тартуы тиіс;
2. Украина өз аумағындағы әскери базаларды жабуы тиіс және шетелдік әскери қызметшілер қатысатын жаттығуларды тоқтатуы тиіс;
3. Соғысты қазіргі жеткен межеде аяқтауға көнуі керек. Ресей кейінгі кезде өзіне қосып алған Украинаның Донцекі, Луганкскі, Херсон және Запорож облыстарын Ресей құрамына қосуға келісіп, Ресей Конституциясына енгізілген өзгерістерді мақұлдауы тиіс;
4. Орыс тіліне, орыс мәдениетіне, ресейлік БАҚ-қа және украин православие шіркеуіне тыйым салатын Заңдардың күшін жоюы керек.
Украина тарапы әзірге Ресей саяси басшылығы айтқан бұл талаптарға қатысты пікір білдірмеді. Бірақ, Киев осыған дейін Ресеймен келіссөздер үшін жер беру дейтін талапқа көнбейтінін айтқан. Алайда, президент Зеленский НАТО-ға оккупациядағы жерлерсіз кіру жайлы сөз еткен.
Mezgil.kz