Ақордадағы кезек-кезек қабылдаулар: Куртулмуш, И мен Лавров не үшін келді?

20 мамыр - Қазақстанның сыртқы саясаты үшін жан-жақты кездесмулерге толы күн болды. Қазақстанға үш бірдей мемлекеттің лауазымды тұлғалары ат басын бұрды. Түркия, Қытай мен Ресейден келген мансаптылар кімдер? Олар қандай ұсыныс-талқымен келді? Қараңыз:

1716224276993525.jpg

ТҮРКИЯДАН КУРТУЛМУШ КЕЛДІ...

Әуелі Ақордаға Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш кірді.

Ресми ақпарат: «Кездесуде Қазақстан мен Түркияның кеңейтілген стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы парламенттік дипломатияның әлеуетін жоғары бағалайтынын атап өтіп, Түркия Ұлттық Мәжілісі төрағасының Қазақстанға сапарының мәні зор екеніне назар аударды», - делінген.

1716224036792779.jpg

(Сурет: Ақорда телеграмынан алынды)

ТОҚАЕВ: РЕЖЕП БЕЙМЕН ҮНЕМІ ХАБАРЛАСЫП ОТЫРАМЫЗ...

Тоқаев Түркиядан келген қонаққа: «Жақында ғана әріптесім Режеп беймен телефон арқылы сөйлестім. Біз үнемі хабарласып отырамыз. Сондықтан екі ел арасындағы диалог өте жақсы дамып келе жатыр.

Жалпы, Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Сонымен қатар басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қарым-қатынасымыздың әлеуеті өте зор. Сондықтан келешекте өзара сауда айналымы 10 миллиард долларға жететініне ешқандай күмәніміз жоқ», – деді.

КУРТУЛМУШ: ҚАЗАҚСТАН – БІЗДІҢ АТАЖҰРТЫМЫЗ!

Нуман Куртулмуш Қазақстанды «атажұртым» деп атап: «Қазақстан – біздің атажұртымыз әрі түркі халқына ортақ рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің отаны. Біз Түркістан қаласына жол жүріп, қасиетті орындарға зиярат етеміз және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінде конференция өткіземіз.

Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Еліңізде табысты саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар жүріп жатыр. Мұның бәрі Қазақстанның өркендеуіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Екі елдің сауда, технология, өнеркәсіп, логистика, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуеті зор», – деді.

1716224099625706.jpg

(Сурет: Ақорда телеграмынан алынды)

ҚЫТАЙДАН УАҢ И КЕЛДІ...

Түркиядан келген қонақ Ақордаға сәлем беріп шыға салысымен, Ақорда есігін Қытайдың Сыртқы істер министрі Уаң И қақты.

Ресми ақпарат: «Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай дипломатиясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Оның айтуынша, Қытайдың бастамалары жаһандық күн тәртібіне ықпал етеді және халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосады. Мемлекет басшысы Қытайды тауар өндіру және экспорттау, технологиялық инновация, экономикалық өсім, халықаралық инвестиция және басқа да көптеген салада мойындалған көшбасшы ел ретінде атап өтті», - делінген.

Тоқаев Қытайдан келген лауазымды тұлғаға: «Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі және солай болып қала береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Шын мәнінде, екі ел арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың болашағы зор», – деді.

Уаң И Қазақстан президентіне: Қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін алғыс айтып, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ізгі тілегін жеткізді.

Кездесуде сауда-экономикалық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайту перспективалары, сондай-ақ үкіметаралық қатынастарды кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

1716224185189539.jpg

(Сурет: Ақорда телеграмынан алынды)

РЕСЕЙДЕН ЛАВРОВ КЕЛДІ...

Үшіншгі болып Ақорда есігінен енген солтүстіктегі «Құдайы көрші» - Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров болды.

Лавров Астанаға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің СІМ басшыларының кеңесіне қатысу үшін келген.

Тоқаев: Ресей дипломатына ілтипат білдіре отырып, «екі елдің қатынастары стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатқанын» атап өтті.

Лавров: «Сіз алдыңғы күні ғана Путинмен телефон арқылы сөйлестіңіз. Десе де, ол сізге ыстық сәлемін және жақсы тілегін жолдап жіберді. Сіздер өзара жиі сөйлесіп тұрасыздар. Биылдың өзінде 2 мәрте жүзбе-жүз жолықтыңыздар. Мұның сыртында телефон арқылы сөйлесулеріңіз де бар», - деді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және инвестициялық-өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ көпжақты форматтағы және интеграциялық бірлестіктер аясындағы өзара іс-қимылдар талқыланды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар