Хиуа сапары: Қазақ-өзбек басшылары қандай талқы жасамақ?

Қазақастан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға барды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

1712309476729148.jpg

(Суреттер Ақора телеграм арнасынан алынды)

«Мемлекет басшысын Үргеніш қаласының әуежайында Президент Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Сапар аясында екі ел басшылары бейресми кездесу өткізіп, Хиуа қаласындағы кәсіпорындар мен мәдени нысандарды бірге аралап көреді деп жоспарланып отыр», - делінген ресми хабарламада.

Бүгін президент Тоқаев Өзбекстанға сапарлап баратыны туралы Ақорда кеше хабарлаған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 5 сәуір күні Хиуа қаласында бейресми кездесу өткізеді. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты байланыстардың ауқымды мәселелерін, сондай-ақ өңірлік күн тәртібін талқылайды деп жоспарланып отыр», – деп хабарлаған Ақорда.

Сондай-ақ, кеше Қазақстан Президенті Өзбекстан Президентіне Шымкент – Самара тас жолында болған жол апатынан өзбекстандық сегіз азаматтың қаза табуына байланысты көңіл айтқан. Қазақстан Президенті қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, жылы лебіз білдірген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті ислам өркениеті мен сәулет өнерінің жауһары саналатын Хиуа қаласында өтіп жатқан кездесудің символдық мәні бар екеніне назар аударып, барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастыққа көңілі толатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел үкіметтері қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісімен белсенді айналысып жатыр. Тиісті «жол карталары» жоспарлы түрде орындалып, қол қойылған келісімдер мен сауда келісімшарттары бойынша жұмыс жүргізілуде. Өзара тауар айналымының көрсеткіштері жаман емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 4,4 миллиард долларды құрады. Өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде портфелімізде инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асатын 60 бірлескен жоба бар. Оның аясында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын салу жобасы да сәтті ілгерілеп келеді.

Біз алдағы уақытта Қазақстан Президентінің бұл сапарында қандай келісімдер жасалды деген сұраққа кеңірек тоқталатын боламыз. Порталымызды назарда ұстай жүріңіздер...

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар