Германия сарапшылары Ресейдің 2023 жылғы экономикалық өсімге қатысты мәлімдемелеріне сараптама жасады. DW басылымы ондаған экономист, қаржыгерлерден пікір алып, «Ресей Қытайдың экономикалық отарына айналып бара жатыр» деген тұжырымға тоқтаған.
Ресей президенті 2023 жылдың желтоқсан айында жыл қорытындысын жасап, Ресей экономикасы өсу қарқынына байланысты Батысты артта қалдырғанын айтты. Алайда сандар мен болжамдар басқаша сөйлеуде.
Экономика саласының сарапшысы Янис Клуге 50 беттен тұратын «Ресей-Қытай экономикалық қатынасы. Мәскеу тәуелділік жолында» атты зерттеу жұмысын жариялады. Зерттеу жұмысы желтоқсанда жарық көріп, 1991 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі аралықты қамтиды. Зерттеу соңын сарапшы былай қорытындылаған: «Қытай үшін Ресей сату нарығы мен арзан ресурс аймағы үшін қызықты саналады. Алайда Бейжің Ресейге технологиялық инвестиция салып, оны дамытуға ниетті де, құлықты да емес. Бұл саясат Ресейді Қытайға шикізат сататын тәуелді елге айналдырып, Қытайдың дайын өнімін сатып алып отыратын нарық күйіне түсіреді. Салдарынан Ресей сырттан келетін арзан өнімді сатып алатын қоғам қалыптастырады, ал ішкі өндіріс күші азая бермек», - дейді.
Қытайдың осы саясатынан сақтанған Еуропа және АҚШ өз нарығын Қытай тауарлары үшін жабуға талпынып жатыр. Түбегейлі жабу мүмкін емес, алайда шектеулер енгізген. Ал Ресей билігі Бейжіңге қатысты ондай ұстанымда болатын күйде емес. Қытай кәсіпкерлері Ресей аумағында өндірістік күш қалыптастыратын инвестиция салудан үзілді-кесілді бас тартып келеді.
Янис Клуге 2000 жылы Ресей президенті болып Владимир Путин таққа келген сәтте Қытай өнімінің импорттық үлесі 10 пайызға жетпесе, 2023 жылы ол көрсеткіш 35 пайыздан асқанын айтады. Қытайға Ресей сататын тауар үлесі де жалпы саталымдағы тауар үлесінің 31 пайызын құраған. Ресейдің жалпы экспорт-импорт қатынасында Қытай үштен бір бөлікті алып жатыр. Бұл көрсеткіш арта береді дейді сарапшы. Ресей мұнайын сатып алу бойынша соғысқа дейін бастапқы орында ЕО болса, қазір Қытай бірінші орынға шыққан. Газ саудасында да дәл солай. «Ресейдің Қытайға тәуелділігі күн санап артуда, Мәскеу Бейжіңнің экономикалық отарына айналуда» дейді Янис. Ол Украина соғысы ұзаққа созылған сайын Ресейдің Қытайға тәуелділігі арта беретінін шегелеп айтуда.
Ал Ресей нарығы Қытай үшін әлі де бастапқы маңызды нарық болып саналмайды. Сарапшылар солай деп отыр. Екі ел арасындағы сауда қатынасының үлесі еселеп артса да, Қытайдың сауда қатынасындағы Ресейдің үлесі импортта 5 пайыз, ал экспортта 3 пайызды құраған. Яғни Ресейдің 140 млн нарығы сатып алу жағынан 500 млндық Еуропа мен 330 млндық АҚШ-ты еш алмастыра алмайды дейді мамандар. Дәл осы көрсеткішке байланысты Қытай инвесторлары Ресей нарығында ірі зауыттар салуға ниетті емес. Инвестицияның басым бөлігі шикізат саласына ғана салынуда.
Ресей Украинаға басып кірген сәттен кейін Батыс компаниялары Ресей нарығынан кете бастады. Бейжің дереу арада Батыстық компаниялардың орнын басып, киім, автокөлік, құрылыс салаларында өз тауарын ұсынуда. Қазіргі уақытта Ресей нарығындағы сатылымға шыққан жаңа көліктердің 80 пайыздан астамы қытайлық өнімдер саналады. Мамандар дәл осы қарқынмен жалғасса Ресей қоғамы алдағы 5 жылда Қытайдың автөкөлік саласына тәуелді болады деген пікірде.
Дей-тұра Қытай Ресейге өз технологиясын сатуға құлықсыз. Бұған қатысты Мәскеу мэрі Сергей Собянин: «Біз Қытайдан станоктар сатып алайық десек, олар дайын өнімді алыңдар дейді. Жоқ, бізге станок керек десек, ауадағы аса қымбат бағаны айтуда» деп реніш пікірін білдірген еді. Бұл Мәскеуде қайтадан ашылып жатқан «Москвич» көлігін құрастыру жобасына қатысты сұхбат барысында айтылды.
2023 жылы Ресей «Сібір күші-2» газ құбыры жобасын бастайтынын айтты. Наурыздағы Си Цзиньпиннің Мәскеуге сапары барысында да, қазандағы Путиннің Бейжіңге жасаған сапарында да бұл мәселе талқы болып, келісім жасалғаны айтылды. Ресей Еуропа нарығын дереу арада алмастырып, жаңа газ құбырларын салу жолын іздеуде. Алайда Қытай «Сібір күші-2» құбырының салынуына әлі шынайы қосылмады. Осылайша жоба тек қағаз жүзінде келісілді.
Сарапшылар екі ел арасындағы сауда қатынасында доллардан бас тартып, өзара ұлттық валютада сауда жасау үлесі артқанын айтуда. Ал бейресми келісім бойынша сауданың басым бөлігі юаньмен іске асқандықтан, Ресей нарығындағы Қытай валютасы да күшейіп, экономикалық рычагқа айналып келеді.
DW зерттеуі бойынша алдағы 10 жылда Ресейдің Қытайға тәуелділігі барлық салада айқын көрінет бастайды. Ол жеңіл өнеркәсіптен бастап шикізат сатып алуға дейінгі аралықты қамтитын болады деп топшылайды.
Mezgil.kz