Ресейдің келесі құрбаны Грузия болуы мүмкін...

Путиннің түкірігін жерге түсірмей отырған Ресей Украинаға жасаған басқыншлық соғыста ойсырай жеңіліп жатыр. Әскери жағынан да, саяси жағынан да... Шетел сарапшылары Украинаға қарсы соғыстың аяғы жақындағынын жиі айтып жүр. 

1700468553330673.jpg

Алайда осы соғысты Путин режимі «жауын астынан құрғақ шыққандай», яғни билігін сақтай отыра тәмамдауы да бек мүмкін. Бұлай бола қалса, орыс диктаторы өзінің бәз-баяғы «бет-беделін» қайтаруға мәжбүр болады. Путин үшін мұның бірден-бір амалы – «кішігірім» соғыста жеңіске жету. Бұл ретте Грузияға үлкен қауіп төніп тұр деп болжауға болады.

Мұндай пікірді Ресейдің танымал тарихшысы һәм саясаткер Дмитрий Чернышевский айтты. Оның айтуынша, соғыс аяқталғаннан кейін Ресей агрессиясының жаңа «раунды» басталады және Грузия соның құрбаны болуы ықтимал.

«Ресейдің жақын шекараларындағы соғыстан кейінгі жағдайы туралы болжам жасаудың уақыты келді... Жағдай өзгермесе (өзгермеу ықтималдығы жоғары) соғыстан кейінгі әлем Путин режимімен күресуге мәжбүр болады... Егер ол Ресейдегі билігін сақтап қалса, Грузия ең үлкен тәуекел аймағында болады», – деді Чернышевский.

«Ресей Украинадағы қырғыннан әлі де үлкен, аймақтық және өте агрессивті ойыншы болып шығып жатыр. Ал Украинаны өзі басып кіріп, өзі жеңіліс тапса, агрессия деңгейі барынша жоғары болады. Өйткені олар, біріншіден, соғыс тәжірибесін жинады; екіншіден, іштегі абсолютті аяусыз режим бәрін басып-жаншып, бас көтертпейтіндей етті. Ресей Украинадан кейін басқа біреуге шабуыл жасаса, оған қарсы санкциялар салынбайды... Егер Ресей тағы да басқыншылық жасаймыз деп шешсе, мұны болдырмайтын механизмдер болмайды. Бұған қарулы күштер мен біртұтас халық және көмекке келетін сенімді одақтастар ғана тосқауыл болуы мүмкін», – деді ресей тарихшысы.

Дмитрий Чернышевский Қазақстанға да қауіп төніп тұрғанын айтады. Алайда Кремль Қытай, Түркия елдерімен қарым-қатынасты бұзбау үшін Қазақстанға қару кезенуге бел бумауы да мүмкін. Ал Гүржістанды көздесе, мұндай мәселелермен бетпе-бет келмейді. Ол әбден әлсіреп, екіге бөлінген бүгінгі Гүржістанның Мәскеудің ықтимал басқыншылығын тежей алатынына күмәнданады.

«Грузия – шағын ел, жұмылдыру ресурсы жоқ, әскері әлсіз, қарулары ескірген және толық қамтамасыз етілмеген, ұрыс тәжірибесі де жоқтың қасы... Ресей әскері қазірдің өзінде Абхазия мен Оңтүстік Осетияны басып алған, Ресейдің әскери базасы Тбилисиден 40 шақырым жерде... Ол жерден шабуыл жасау өте ыңғайлы... Грузин әскері көзіне қан толған Путин сарбаздарына қарсы тұра алмайды. Ал Грузия үкіметі әбден іріп-шіріп біткен. Таяқ жеген, қатыгездікке ұшыраған орыс аюының ең қорғансыз, ең дәмді құрбаны – Грузия», – деді Чернышевский.

Ресейдің бірқатар азаматы Путин режимінен бас сауғалап Грузияға қашқанын екерсек, орыс тарихшысының сөзінің жаны бар. Орыс диктаторы «қашаған» халықты сылтауратып, жаңа «орыс тілді халықты қорғауға арналған арнайы операцияны» жариялауы, оны жеңу арқылы ел ішіндегі рейтингін көтеруді көздеуі мүмкін. Бұл қисын – қауіпті һәм қорқынышты болса да, ақылға қонымды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар