Бахмуттың кілті - Клещеевка: Украина әскері қандай тактика таңдады?

Украина қарулы күштері Бахмут маңындағы Клещеевка елді-мекенін азат етті. Бұл туралы ақпаратты Батыстық барлау күштері, Украина билігі растады. «Біз Клещеевка елді-мекенін азат еткенін мойындаймыз. Десанттық күштер басқыншы қолындағы аймақты азат етті», - дейді Украина билігі.


Украина освободила еще одно село около Бахмута - Аналитический  интернет-журнал Власть

 

Украина президенті Владимир Зеленский елді-мекенді азат еткен сарбаздарға алғыс білдірді. Ауылдың азат етілгендігі жайлы алғашқы ақпараттар әлеуметтік желіде тарады. Украина сарбаздары елді-мекендегі Покровка храмының алдында тұрып, үндеу жариялады. Жауынгерлер Украина және әскери бөлімше туларын ұстап тұрып, Клещеевканы басқыншыдан толық азат еткенін айтты.

 

Украина Бас штабы әлі күнге дейін елді-мекенді азат еткенін жарияламады. Әдетте Бас штаб қандай да бір елді-мекенді азат еткенін араға бірнеше уақыт салып барып жариялайды. Бұл Украина жауынгерлері нақты позицияға орнығып, аймақты жаудан толық азат еткеннен кейін іске асады. Ал ресейлік тарап бұл аймақтағы ұрыс қимылдарына қатысты тіс жармауда.

 

Украина әскері Бахмутты тікелей шабуылдамай, қала маңындағы маңызды елді-мекендер мен биіктіктерді қайтаруда. Бұл қаланы қоршауға алып, Ресей әскеріне жан-жақты соққы жасауға әсер етпек.

 

Сарапшылар қаланы қоршауға алуда және ондағы басқыншы әскеріне соққы жасауда маңызды үш елді-мекенді айтқан болатын. Олар Андреевка, Клещеевка және Курдюмовка. Украина әскері қазіргі уақытта Бахмут қаласының оңтүстік және солтүстік бағытында алға жылжуда. Ал қаланың батыс бөлігі бұрыннан Украина бақылауында. Украина Бахмут қаласынан 2023 жылдың мамыр айында айырылып қалды. Тоғыз айға созылған шайқаста Ресей әскері орасан зор шығынға ұшырай отырып, қаланы басып алған болатын.

 

Клещеевка елді-мекені Бахмут маңындағы ауыл. Онда соғысқа дейін екі мыңға жуық тұрғын болған. Вагнер жендеттері бұл елді-мекенді басып алу үшін 2022 жылдың қарашасынан бастап ұрыс қимылдарын жүргізді. 2023 жылдың қаңтарында ауылды өз бақылауларына алды. Бұл Бахмутты қоршау үшін жасалған әрекет еді. Енді дәл осы тактиканы Украина әскері Ресейдің өзіне қарсы бағыттап, Клещеевканы өз бақылауына алды. Ресей жарты жылдың ішінде ауылды мықты қорғаныс позициясына айналдырып үлгерген еді.

 

Тамыз айында ұшақ апатынан қаза болған Евгений Пригожин Клещеевканы маңызды санап, «Бахмут қоршауда қалса, Ресей әскері қақпанға түскен тышқандай болады» деген мәлімдеме жасаған болатын.

 

Ресей әскері Клещеевканы төрт айға жуық қорғады. Украина сарбаздары оңтүстік және солтүстік бағыттта ақырын алға жылжып, басқыншы әскерін ауылдан шегіндірді. Ал қыркүйек айының ортасында Ресей ауылдан толық айырылды.

 

Бұл аймақ не үшін маңызды? Клещеевканың маңында Бахмутты тікелей атқылауға болатын биіктіктер бар. Сонымен қатар Горловкадағы ресейлік сарбаздарды қамтамасыз ететін маңызды жол торабы да осы елді-мекен арқылы өтеді. Клещеевка маңынан Горловкаға апаратын теміржол торабы өтеді. Қазіргі уақытта Ресей әскері сол маңға бекінді. Украина бұл бағытта да шабуылын үдетті. Егер теміржол торабындағы позицияны Ресей әскері ұстап қала алмаса, онда Украина әскеріне Донецк бағытындағы жол ашылады.

 

Сарапшылар Клещеевканы «Бахмуттың кілті» деп атауда. Елді-мекен маңындағы биіктіктерді алған украин сарбаздары Бахмуттағы Ресей әскери нысандарын тура атқылаудың жолын табады дейді.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар