Қадыров өлі ме, әлде тірі ме? Шешенстанда басшы ауысады...

17-ші қыркүйек күні шешен оппозиционері Абубакар Янгулбаев өзінің телеграмм-арнасына: «Кадыров өлді», - деп жазды. Жазба жарияланған уақыт – Астана уақытымен сағат 16:27 еді.

1695027437969503.jpg

Бұдан 13 минут өткен соң, яғни, Астана уақытымен сағат 16:40-та «Рамзан Кадыров» телеграмм-арнасы шешенбасының жаңбыр астында серуендеп жүрген видеосын жария етті. Ескерте кететін жайт, видео астына: «Интернет бетіндегі өтірік пен шынды парықтай алмайтын жандардың бәріне таза ауада сейіл құрып, ойын жинақтауға кеңес беремін», - деп жазба қалдырғанымен, оның қашан және қайда түсірілгені белгісіз.

Ал «ВЧК-ОГПУ» телеграмм-арнасы сол күні Астана уақытымен сағат 19:49-да Мәскеуде көңіл аударарлық дүниелер болып жатқанын, атап айтсақ, Шешенстанның мемлекеттік нөмірін таққан көліктер Кремльдің бас ауруханасына бірінен соң бірі барып жатқанын хабарлады. Арнаның мәліметіне сүйенсек, ғимарат аумағына сол көліктер ғана ешқандай тексеріссіз кіріп, ал басқаларының асты-үстін толық тінте-тексеріп жатқан көрінеді.

Әрине, Рамзанның өлі-тірісін анықтау әзірге беймүмкін. Бірақ оның Орталық клиникалық ауруханада ес-түссіз жатқаны туралы хабар әлемдік басылым беттерін кезіп кеткелі қашан!

Әуе қозғалысын бақылайтын сервистерді негізге алып, «Верстка» басылымы жариялаған ақпарға сенсек, Қадыровтың ұшағы қыркүйектің басынан бері Мәскеуге үш рет ұшыпты және шешенбасы кейінгі үш күнде Мәскеуде жүргенге ұқсайды

Сервистің мәліметіне қарағанда, нөмірі RA-73417 бизнес-джет 6-9 қыркүйекте Мәскеуге қонған. Соңғы рет 15 қыркүйекте Грозныйдан Мәскеуге ұшып, Шешенстанға оралмаған.

Орыс тілді ақпарат кеңістігіне таралған соңғы деректерде: «Қадыров қазір Мәскеудегі ауруханалардың бірінде жатыр. Оған қайта ота жасалмақ. Осының алдындағы бүйрек ауыстыру операциясы сәтсіз болған. Шешенбасы қазір арагідік есін жинағанымен, жағдайы мүшкіл. Ауруханаға оның жақтастары жиналып, мұрагерлік мәселесін шешуде», - делінеді.

2021 жылы Қадыров бесінші рет қатарынан Шешенстан басшысы атанған. Ол кезде Қадыров Шешенстан жұртшылығының 99,7 пайыз дауысын алған (РФ ОСК мәліметі). Оның Шешенстан басшылығындағы мерзімі 2026 жылы аяқталады. Қадыров Ресейдегі аймақ басшыларының арасында ең ұзақ уақыт билікте болған адам деп танылған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар