Легион Ресейді тағы шабуылдауда: "Владивостокқа дейін азат етеміз!"

Ресейдің Белгород облысына «Азат Ресей» легионы және «Орыс ерікті корпусы» тағы да шабуыл жасады. 

ecf52680-6090-46c1-a226-b039f56837f1.jpg

Бұл қарулы жасақ өкілдері 22 мамыр күні дәл осы облыстың Грайворон ауданына кірген болатын. Таңғы сағат 6-да кірген жасақ өкілдері ең алдымен шекаралық бекетті басып алды. Артынша Грайворон қаласына 5 шақырым жерде орналасқан Гора-Подол ауылына кірді. Козинка және Глотово ауылдық аймақтарындағы Ресей әскери нысандарына минометпен соққы жасады. Украина аумағынан кірген қарулы топпен Ресей әскері бір күннен астам уақыт бойы ұрыс жүргізді. Диверсанттар бір күндік рейдтен кейін қайтадан Украина аумағына өтіп кетті. Олар рейдтің өте сәтті болғанын, Ресей шекарасының қорғанысы тым әлсіз екенін айтты. Бірнеше ресейлік әскери техниканы олжалағанын мәлімдеп, Ресей ФСБ-сына тиесілі болған БТР-ді көрсетті. Ондаған ресейлік сарбазды рейд барысында жойдық дегенді де айтты.

 

Ресей тарапы да өз ақпаратын жариялады. Мәскеу рейдке қатысқандардың ішінен 70-тен астамының көзін жойғанын айтып, Украина-Ресей шекарасы маңында талқандалған бірнеше Батыстық үлгідегі әскери техниканы көрсетті. Алайда қаза тапты деген легион сарбаздарыныың фото және видеосын жарияламады, тізімін БАҚ-қа бермеді. Бұл тәуелсіз сарапшылар тарапынан үлкен сұрақ туындатқан мәселе болды. Олар Ресей әскері легионның 70-тен астам сарбаздың көзін жойды дегенге сенім артуға болмайды дейді.

 

Ресей аумағына рейд жасаған «Азат Ресей» және «Орыс ерікті корпусы» мүшелері Украина жерінде тілшілерге сұхбат беріп, шабуылды алдағы таңда үдететінін айтқан болатын. Бір күн бұрын «Орыс ерікті корпусы» қолбасшысы Денис Никитин видео жариялап, «Ертең біз Ресейге басып кіреміз, бізге сәттілік тілеп қойыңыздар» деді. Ол видеода 22 мамыр күні бір күндік рейд барысында Бахмут қаласынан әлдеқайда үлкен жерді жаулап алғанын айтып, шабуылды тоқтатпау маңызды екенін мәлімдеді.

 

1 маусым күні, таңертең «Азат Ресей» легионы сарбаздарының мұздай қаруланып, Ресей шекарасына жақын маңда тұрған видеосын жариялады. Онда: «Ресейге кіріп, Владивостокқа дейін азат етеміз. Путиндік режимге қарсы күрес күшейеді. Біз бейбіт халық жағындамыз» деген мәтіндегі роликті әлеуметтік желіде таратты.

 

Артынша Ресейдің Белгород облысының Украинамен шекаралас аймағында атыс-шабыс басталғаны жайлы ақпарат тарады. Ақпарат көздері легион Ресей аумағына кірді десе, енді бірі ол ақпаратты жоққа шығаруда. Алайда ұрыстың болып жатқаны анық дейді БАҚ. Ресей Белгород облысының Украинамен шекаралас аумағындағы бірқатар елді-мекенді эвакуациялау жұмыстарын жүргізуде. Облыс бойынша мектеп бітіруші түлектер емтиханнан босатылған.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар