Ғағауыздар Молдовадан бөлінеміз деп жатыр...

Ғағауызия Халық жиналысының (жергілікті парламент) экс-депутаты Николай Дудогло тәуелсіздік алу бойынша референдум өткізу туралы бастама көтерген. Өткен сенбіде сиез өткен. Ғағауыздың орталығы Комратта. Онда автономияның келешегі талқы болған.


1685454685324851.jpg


Ғағауыздағы басшы-қосшылар: «Кишинев ішкі ісімізге араласты. Өткен сайлауда Кишинев жіберген Антикор жергілікті ОСК-ға күшпен басып кіріп, автономия ішіндегі басшы сайлауға қатысты құжаттарды тәркіледі», - деп өкпелеген.


Жиынға қатысып сөз алған автономиялық аймақ басшылары мен делегаттары Кишиневті, президент Мая Санду мен биліктегі «PAS» партиясын айыптап сөйлеген.


«Ғағауыздар елдің бүлінгенін қаламайды. Біз Молдова халқына қарсы емеспіз. Біз Мая Санду билігіне, қазіргі Үкіметтің жүргізіп отырған саясатына қарсымыз. Үкімет бізбен санасуды қойды. Автономия ретіндегі құқықтарымыз күн сайын шектеліп жатыр. Біздің аймақты күллі Молдоваға қарсы қоюда. Бізді экстремист, сепаратист етіп көрсетуде», - деді.


Ал жиынға қатысушылардың бірі Ғағауызия Халық жиналысының (жергілікті парламент) экс-депутаты Николай Дудогло: «Егер Кишинев біздің талаптарымызды орындамайтын болса, Тәуелсіздік алып, бөлініп шығуымыз керек. Ол үшін референдум өткізуіміз керек», - деп ұсыныс тастаған.


Сиез соңында 6 тармақтан тұратын талап әзірлеген:


1) Ғағауызияның 1994 жылғы 23 желтоқсандағы айрықша құқықтық статусы туралы Заңға Конституциялық мәртебе беру;

2) Молдова Республикасының заңнамаларын Ғағауызия статусына сәйкестендіру, Ғағауызияның айрықша құқықтық статусында көрсетілген автномиялық құқықтары бойынша іске асырылатын бастамаларға Орталық биліктің шектеу қоюын доғару;

3)  3 айдың ішінде Ғағауызия территориясында салықтық, статистикалық, экологиялық және басқа да органдар мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін қайта қалыпына келтіру;

4)  Молдова мен Ғағауызия Халық кеңесі парламенттерінің жұмыс тобын қайта жандандыру;

5)  Молдова парламентіне, орталық атқарушы органдарға, сот пен құқық қорғау органдарына өту үшін Ғағауызияға беріліп келген арнайы квотаны қайта қамтамасыз ету;

6) Молдованы тәуелсіздіктен айыруды өз бағдарламасына жазған партияның қызметіне шектеу қою.

Сиезге қатысушылар: «Осы талаптарымыз орындалмаса, біз тәуелсіздікке ұмтыламыз», - деп келесі отырысты 9 қыркүйекке белгілеп тарасқан.


6 тармақтан тұратын бұл резолюцияны Ғағауызия басшылары Молдова парламенті спикеріне, Ресей, Түркия, АҚШ президенттеріне, Еуропа Одағы басшылығына, ЕҚЫҰ миссиясы мен Молдовада акредиттелген дипкорпус өкілдеріне жолдайтыны айтылған.


Айта кетейік, Ғағауызия Молдовадағы автономиялық аймақ. Қайсыбір жылғы (2014 жыл) есеп бойынша халық саны 135 мыңға жуықтайды. Ғағауыздар түркі халықтарының тобына жатады десек те, соңғы жылдары аймақта про-ресейлік саяси топ күш алып келеді.


Биыл 14 мамырда аймақ басшысының сайлауы өткен. Онда про-ресейшіл «Шор» партиясының өкілі Евгения Гуцул жеңіске жеткені айтылған.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар