Иран мен Талибан соғыса ма?

Әлемнің назары Иран  мен Ауғанстан билігін басып алған «Талибан» жасақтарының арасындағы қақтығыста. Сенбі күні Иран әскері мен тәлібтер арасында қарулы қақтығыс басталды. Атыс-шабыстың басты себебі не екені айтылмаса да, тараптар арасында шекаралық аймақты анықтау мен суды бөлісе алмау мәселелері бары айтылып та, жазылып та жүр.


1685260981_taliby.jpg

 

Тәлібтердің мәліметінше Иран шекарашылары тәлібтерге оқ жаудырған, ал «Талибан» қарымта жауап қайтаруға мәжбүр болған. Талибан өзінің бір сарбазының қаза тапқанын айтты. Иран ақпарат құралдары мен ресми билігі тәлібтердің мәлімдемесін жоққа шығарып, атысты бірінші тәлібтер бастады дейді. Иран екі сарбаздың қаза тауып, екі бейбіт тұрғынның жараланғанын айтуда. Қақтығысушы тараптар қақтығыс аймағына ауыр техникаларын жеткізіп, артиллерия қолданып, минометпен атысып жатқан видеолар әлеуметтік желіде тарады.

 

Араға бір күн салып, Талибан өкілі Абдулхамид Хорасани былай деді: «Біздің күшімізді сынамаңдар. Сендердің арттарыңда батыстық күштер тұрса, ал біз нағыз мұсылманбыз. Егер Ислам әмірлігінің ақсақалдары өз рұқсатын берсе, онда біз Тегеранды жаулап аламыз». Бұл мәлімдемені көптеген БАҚ «Талибан Иранға соғыс жариялады» деп таратты. Алайда шындығында бұл тек сес көрсету болатын. Тәлібтер қақтығысты бейбіт реттеуге қарсы еместігін айтып, тағы бір мәлімдеме жасады.

 

Тараптар не үшін қақтығысты? Екі ел арасындағы шекаралас аймақтар Талибан билікті тартып алғанға дейін, Тегеран мен Ауғанстан үкіметінің арасында бейбіт реттеліп келген еді. Ал тәлібтер билікке келген соң, тек қана Иранмен емес, Пәкістан, Тәжікстан және Түркіменстанмен де қақтығысты. Яғни шекаралық аймақты нақтылау және бөлісу мәселесі бар.

 

Екінші үлкен мәселе, ол трансшекаралық өзендер мәселесі. Ауғанстан жерінен Иранға бірнеше өзен кіреді. Талибан билікке келгелі сол өзендердің бойында ірі су қоймаларының құрылысын бастады. Бұл онсыз да су тапшылығы бар Ирандағы жағдайды ушықтырып жібермек. Сол себепті Иран билігі Талибанның су қоймаларына қарсы. Бұл әсіресе Гильменд өзені бойында салынып жатқан су қоймасына байланысты болып тұр.

 

Сарапшылар тәлібтер Иранмен ашық соғысуға мүдделі еместігін айтуда. Басты себеп Ауғанстан ішіндегі әлеуметтік жағдайдың нашарлауына байланысты, Талибанға қарсы наразы топ санының артуында. Сол себепті қақтығыс осы деңгейде қалады дейді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар