Ердоған: Түріктің басына алтын ғасыр орнатамын!

Режеп Тайып Ердоған тағы бір мәрте Түркияның президенті болып сайланды. Жексенбіде өткен президент сайлауында Ердоған өзінің қарсыласы Кемал Қылышдароғлыдан 2 миллион дауыс артық жинап жеңіске жетті.


05ee47ee39086ce65fc6781bc9f5a694b7d2a82b.jpeg


Елдегі оппозиция сайлауды әділ өтті деп санамайды, өйткені сайлау комиссиясы мен соттар іс жүзінде Ердоғанға тәуелді, сөз бостандығына шектеу қойылған, биліктің нағыз қарсыластары түрмелерге жабылған.


Мемлекетті басқарудағы сәтсіздіктер, сөз бостандығының шектелуі, мыңдаған халықтың жер сілкінісінен зардап шегуі, жылдар бойы созылып келе жатқан экономикалық дағдарыс халықтың Ердоғанды таңдауына кедергі болады деп ойлаған оппозицияның үміті ақталмады.


Ердоғанның консервативті саясатын: қоғамды исламдындыру, авторитаризмді күшейту, әскери қуатын арттырып, әлемге ықпал етуді қолдайтын ауыл-аймақта қоныстанғандардың дауысы демократияны, зайырлы қоғамды, еуропалық даму бағытын қолдайтындардың дауысынан асып түсті.


Бұл сайлауда елді 20 жыл бойы басқарып келе жатқан Ердоған 52,14% дауыс жинаған, ал оның басты қарсыласы, оппозиция өкілі Кемал Қылышдароғлы 47,86% дауыс жинады.


Қылышдароғлы «бұл сайлау – соңғы жылдары Түркияда болған ең әділетсіз сайлау» деп бағалады. Ол Түркияда демократия орнату үшін күресуді тоқтатпайтынын айтты.


Жеңіске жеткен Ердоған халқының басына «алтын ғасыр орнатамын» деп сөз берді.


«Осы сайлауда, түрік тарихындағы ең маңызды сайлаудың бірінде, біздің халқымыз «Түркия дәуірі үшін» дауыс берді... Бір дәуір аяқталды, екінші дәуір басталды. Осы сайлау заманауи тарихымыздың бетбұрыс кезеңі болады деп үміттенемін», - деді Ердоған жиналған жұртқа.


Режеп Тайып Ердоғанды Ресей президенті Владимир Путин де, Украина президенті Владимир Зеленский де жеңісімен құттықтады. Ердоған соғыс жүріп жатқан екі елдің ортасында арағайындық рөлін сомдауға тырысып жүр. Ол Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесті, сонымен бірге Украинаға түрік дрондарын жеткізді. Екі тараптың ортасында келіссөз ұйымдастырды, тұтқындар алмасуына көмектесті.


Түркия – НАТО-ның мүшесі, Еуропаны босқындар ағынынан қорғау ісінде ЕО одақтасы. Сонымен бірге Ердоған Таяу Шығыспен байланыс ұстап отыр, түрік әскерін Сирия соғысына араластырып отыр. Газ және атом энергетикасы саласында Ресейдің сенімді серіктесі.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар