Жаңа жылдан бастап темекі тағы қымбаттайды

4.jpg

Осылайша, бір қорап шылымның ең төменгі бағасы 380 теңгеден кем болмайды. Темекі бағасын өсіру үрдісі жалғаса бермек. Алдағы үш жылда сигареттің құны 500 теңгеден асады. Мұндай әдіспен халықты жаман әдеттен арылтуға бола ма? Жалпы темекінің құнын өміру кімге пайдалы? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 

Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дерегінше, Қазақстан халқының 27 пайызы темекі тартады. Жалпы шылым шегу сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамда үйреншікті дүниеге айналғандай. Бағаны өсіру теріс әдеттен бас тартуға қаншалықты әсер етпек?

«Қоймайтын шығар сол. Темекі бағасы күннен күнге көтеріліп жатыр ғой әлі де. Ол қоятын болса қоятын еді ғой.  Дұрыс па? Значить қоймайды халық».

 «Бағаның қымбаттауы еш өзгеріс әкелмейтін сияқты. Баяғыдан шегіп жүргендердің тастап кеткені сирек. Ал кімнің ақшасы жетпесе, сол арзандау бір әдісті табады бәрібір».

Соңғы статистикаға үңілсек, темекінің кесірінен елімізде жылына 25 мың адам көз жұмады делінген. Яғни, бар-жоғы 18 миллион халқы бар мемлекет үшін бұл үлкен мәселе деген сөз. Бағаның қымбаттауы сигарет өндіретін компаниялар мен мемлекет үшін тиімді. «ҚазАлко» қауымдастығының директоры Әміржан Қалиевтің пікірінше, ел қазынасына аталған бизнес едәуір салым жасап отыр.  

«Өткен жылы темекі өнімінен тек қана акциздік салық 138 миллиард теңге. Бұл аз ақша емес. Жыл сайын өсіп келе жатыр. Биыл 8 айдың ішінде 112 миллиард. Бұл өткен жылдың 8  айымен салыстырғанда 18 пайыз жоғары. Иә болмаса былтырғы жылға қарағанда қосымша 17-20 миллиард теңге артық акциздік салық төлейміз деген жоспарымыз бар» - дейді «Қазалко» қауымдастығының директоры Әміржан Қалиев.

Бұл ақпаратты экономистер де растады. Ғалымжан Керімбектің пайымынша, салықтың түсуі, әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ, бұл жағдайдың екінші жағы барын ескеру қажет. 

«Қазіргі кезде акциз салығының сомасы артты. Сондықтан ол қазіргі акциз салығынан түсетін сома осыдан 10-15 жыл бұрынға қарағанда 3-4 есе жоғары сома түсіп жатыр. Бұл мемлекет үшін пайдалы. Бірақ, екінші жағынан адамдардың денсаулығына, әлеуметтік жағдайына әсер етуі мүмкін» - дейді экономист Ғалымжан Керімбек.       

Темекі өнімдерін тұтынатын азаматтардың санын азайту жобасы дүниежүзі бойынша қолға алынып жатқан бастама. Қазірдің өзінде әлем халқының 7/1 бөлігі осы әдетке әуес екен. Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы «ақыры бағаны өсіреді екенбіз, қымбаттату процесін күрделі ету керек» дейді. 

«Менің ойымша, темекі шегумен баға арқылы күрес ол радикалды болу керек. Баға күрт 2-3 есе немесе 5 есе өсуі керек. Сол кезде темекі шегуші ойланады да. Әйтпесе, жыл сайын өсіп тұрған баға қалтасына да өзіне де білінбей, психологиялық тұрғыдан әсер етпей баппен өзгере бергенге алаңдамайды да, көңіл аудармайды» - дейді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы.

Бағаның күрт өсуі контрабандалық өнімдердің артуына тікелей сепепші болуы мүмкін дейді мамандар. Қазірдің өзінде еліміздің оңтүстігіне көрші елдерден осындай заңсыз партиялар жеткізіліп жатыр деген дерек бар. Бұл да өз алдына жеке проблема.  

«Көлеңкелі темекі айналымымен айналысып жүрген адамдарға ешқандай қатты шаралар жоқ. Азды-көпті штраф бар, ол аз. Сондықтан заңды күшейтіп, айыппұлды молайту керек. Себебі, соңғы жылдары көлеңкедегі темекі өнімі аз да болса көбейіп жатыр»- дейді «Қазалко» қауымдастығының директоры Әміржан Қалиев.

Мамандар шылым шегетін азаматтардың жас мөлшері жыл санап жасарып барады деп дабыл қағуда. Бағаны өсіру, темекі қорабының сыртына түрлі ескертулер жазғанның өзі бұған тосқауыл болмай тұр. Енді жаңа әдісті ойлап тауып, қолданысқа енгізбесе сигаретке әуес 27 пайыз қазақстандықтардың саны арта бермек



Сәйкес тақырыптар