Тайсон Әлидің кегін қалай қайтарды?

5.jpeg


Осыдан 30 жыл бұрын яғни, 1988 жылы атақты боксшы Майк Тайсон өзінің бала кездегі арманын орындау үшін ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағын бәске тікті. Оның арманы – Мұхаммед Әли жеңілген Ларри Холмсты жеңіп, Әлидің  кегін қайтару болатын.

Кәсіпқой бокста қарсылас шақ келтірмей жүрген Мұхаммед Әлидің «алтын» дәуірі аяқталар кезең 1980 жылға тура келді. Дәл осы жылдары Әлиге жекпе-жекке дайындалуға көмектесіп, спарринг-серіктес атанып жүрген Ларри Холмс бокстың жұлдызы болып шыға келді. Мұхаммед Әли карьерасындағы соңғы жекпе-жектерінің бірін осы Холмсқа қарсы өткізіп, Әли бірінші рет кездесуді соңына дейін жалғастыра алмай, Ларриден оңбай таяқ жейді. Сондай-ақ Холмс Әлимен өткен жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтаған алғашқы және жалғыз боксшы болды. 

Бір қызығы, Холмс Тайсонмен жекпе-жек өткізер алдында екі жыл жұдырықтаспаған. Әли де Холмсқа қарсы шығар алдында екі жылға жуық шаршы алаңға шықпаған еді. Оның үстіне Мұхаммед жекпе-жектен үш ай бұрын ауруханада дәрігерлердің тексерісінен өтіп, ол оң нәтиже берген. Бірақ оның нәтижелері көп уақыт бойы құпия ұсталған. Кейінірек уақыт өте анықталғандай, сол кездің өзінде Әлидің саусақтары мұрнына әзер жететін, бір аяғымен мүлдем тұра алмаған, ал сөйлеуі тіпті қиындап кеткен еді. Дәл сол уақытта оның ауруы (Паркинсон) асқынып келе жатқан болатын. 

Холмспен жекпе-жек алдында Әли былай деп айқайлады: «Мен сенің қожайыныңмын және ұстазыңмын. Сен бүгінге дейін жеткен жетістіктерің үшін маған қарыздарсың». Жекпе-жек алдындағы осы «нөлінші» раунд қана Мұхаммедтің еншісінде болды. Ал қалған жарты сағат бойы рингте Холмс үстемдік етті. Шәкіртінің бұдан әрі қарай Холмсқа төтеп бере алмайтынын біліп, боксшысының қорланып жатқанын түсінген Әлидің жаттықтырушысы Анжело Данди жекпе-жекті тоқтатуды ұйғарды. 

Сол уақытта АҚШ-тың келесі бір бөлігінде осы жекпе-жекті тамашалау үшін бірнеше жас боксшы жиналған болатын. Олардың арасында 14 жастағы Майк Тайсон да бар еді.  

 80-жылдары бозбала Майк өте бұзық әрі сотқар бала-тұғын. Оның бұзақы болғаны соншалықты, Тайсонды ата-анасы түзету мекемесіне беруге мәжбүр болған. Балаларды түзету мекемесінде отырған күндердің бірінде ол достарымен бірге Мұхаммед Әли туралы «Барлық уақытта теңдессіз» («Величайший на все времена») фильмін көру үшін келді. Фильм аяқталған соң барлығы шапалақ соғып тұрғанда, сахнаға әйгілі боксшы Мұхаммед Әлидің өзі шыға келді. Көрермен болып отырған балалар өз көздеріне өздері сенбей қалды. Өйткені бұл балалар үшін расымен күтпеген жайт еді. Сол сәттен бастап Тайсон тек қана боксшы емес, барлық кезеңнің ұлы боксшысы болуды мақсат тұтты. 

Әли мен Холмс жекпе-жегінің ертесіне Тайсонның сол кездегі жаттықтырушысы, атақты КасД'Амато оның көзінше Мұхаммедпен телефон арқылы сөйлеседі: «Өзіңді қалай ғана әуесқой боксшының соққыға жығуына жол бердің? Ол сен үшін түкке тұрғысыз боксшы еді ғой!..», деп айқайлады Д'Амато. 

Содан кейін ол адам тағдырына әсер ететін ерекше шешім қабылдап, Әлиден Тайсонмен сөйлесуін өтінеді.  – Қазір менің жанымда бір жас бала отыр, – деді Д'Амато. – Ол қазір жай ғана боксшы, бірақ болашақта ауыр салмақтағы әлем чемпионы болады. Оның аты – Майк Тайсон. Өтінемін, мен үшін сол жігітпен сөйлесіп көрші, Мұхаммед. Сен оған мені әрқашан тыңдау керектігін айтқаныңды қалаймын, – дейді де Д'Амато тұтқаны Майкқа береді. 

– Сіздің мұндай жағдайға түскеніңіз өкінішті. 

– Мен ол кезде науқас едім, − дейді Әли. – Жекпе-жек алдында дәрі ішіп, барлық күшімді сарқып алдым. Сол себепті Холмс мені оңдырмай соққылады. Мен толық емделіп, үлкен рингке қайта ораламын. Холмстан кегімді қайтаруды жоспарлап отырмын. 

– Уайымдамаңыз, чемпион. Мен өскенде оны сіз үшін жеңіп және сіздің кегіңізді қайтаратын боламын, − деді бала Майк. 

Арада бірнеше жыл өтіп, Тайсон кәсіпқой бокстағы мансабын бастаған кезде, Д'Амато оның алдына мақсат қояды: «Біздің міндетіміз – Холмсты тас-талқан етіп жеңіп, одан чемпион атағын тартып алу. Ол сенімен салыстырғанда түкке де тұрмайды!». 

Өкінішке қарай, Д'Амато-ға Тайсон мен Холмс арасындағы жекпе-жекті көру бақыты бұйырмаған екен. Д'Амато 1985 жылы қайтыс болды. Бірақ Тайсон Кас ұсынған жоспарды есте сақтап, оның «Джебтен кейін бірден оң қолмен соққы жасау керек» деген сөзін ешқашан жадынан шығарған жоқ. 

80-жылдардың соңына қарай Холмс Майкл Спинкспен екі рет жұдырықтасып, екеуінде де ұпай саны бойынша жеңілген еді. Бірақ Холмсты әлі ешкім нокаутпен жеңбеген болатын. Ларридің өзі де, басқа боксшылар да мұндай мүмкіндік болатынына сенген жоқ-ты.  

1988 жылдың соңына қарай бүкіл әлем күткен Тайсон-Холмс жекпе-жегі ұйымдастырылатын болды. Кездесу күніне дейін жекпе-жекті Тайсон мен жанкүйерлер тағатсыздана күтті. Жекпе-жек алдында Ларри былай деді: «Мен бокс тарихында жеңімпаз ретінде қалмақшымын. Ал Майк Тайсонға келер болсақ, ол бокс тарихындағы соңғы жексұрын боксшы ретінде қалады. Ал егер ол мені жеңетін болса, алдағы уақытта Тайсон өзін-өзі құртып тынады». 

Рингке шығардың алдында Тайсон киіну бөлмесінде Холмсты жер бетінен жоқ қылып жіберуді көздеді. Тіпті ол қабырға құлағанша бір жерді ұра берді. Себебі Майк Холмсты да дәл осылай құлату ниетінде болды. Ал жекпе-жекті қыздыра түсу үшін рингке Әли шығып, Тайсон отырған бұрышқа келіп «Оның сазайын бер!» деп өтінді. 

Гонг сыңғыры естіле салысымен Тайсон шабуылға көшіп, Холмсқа өмірінде бұрын-соңды көрмеген соққыларды жаудырды. Ол тіпті қарымта соққы туралы да ойлай алмады. Сол кезде ол ешкім тоқтата алмайтын «машинамен» бетпе-бет келгенін түсінді. Сол минуттарда Тайсон бокстың бет бейнесі, бұл спорт түрі Тайсон үшін жасалған сияқты еді. Төртінші раундта рефери «Брейк» деп команда берді. Тайсон жекпе-жекті тез аяқтау керектігін түсініп, екі секундтан кейін ол Д'Амато айтып кеткен тәсілді іс жүзінде қолданып, Холмсты сұлатып салды. Бір минут өткеннен кейін ол тағы нокаутқа түседі. Бірақ бұл жолы Ларри орнынан тұра алмай, төреші оның жекпе-жекті жалғастыра алмайтынын айтады.

  Майк Тайсон осылайша Холмстан Мұхаммед Әлидің кегін қайтарды. Бұл Кастың жеңісі, Әлидің жеңісі, әрине Тайсонның жеңісі болатын. 

Әли БИТӨРЕ,

 «Егемен Қазақстан»



Ұқсас тақырыптар