Cіз кімсіз, Жарқын Жеті?!

Қытайдағы қазақтар тап болған аса ауыр жағдай Атамекенге көшіп келген бауырларымыз арасында өзара пікірталасты ушықтырып тұр. Паспорттарынан айырылып, елге келуден күдерін үзген арғы беттегі ағайындардың халі күн санап қиындап барады. Түрмеге қамалған, тұтқындалған, саяси үйрену лагерлеріне қамалған қазақтардың санында қисап жоқ деген әртүрлі ақпаратта есеп жоқ. Еліміздегі БАҚ бұл мәселені былтырдан бері әртүрлі деңгейде жазып келеді. Бұл жағдайға шетелдік ақпарат құралдары да жіті назар аудара бастады. 

жаке 7.jpg

Қытайдағы қандастарымыздың басындағы ауыр хал Атамекенге оралған оралман ағайынның арасында өзара өсек-аяң, алыпқашпа әңгімені гулетіп тұр. Бірін-бірі кінәлаған, ғайбаттаған, өсектеген жұртшылық екі-үш топқа бөлінгені байқалады. Олардың ортасына от жағып, содан лаззат алатын, рахат күй кешетін әлдебіреулер оралмандарды бір-біріне айдап салып, өз ойларын жүзеге асырып отырғандай сезіледі...  Елдік мұрат жолында ұйымдасып, бірлікке ұмтылғанда ғана бұл тығырықтан шығар жол табылары даусыз.

Қытайдағы әрі Қазақстанға қоныс аударған қандастар арасында дәл қазір өте танымал бір адам бар: ол – «Жарқын Жеті». Қытай қазақтары арасынан ең алғаш интернет жазбалары арқылы танымалдыққа ие болған ол туралы алыпқашпа әңгіме басылар емес. 2009 жылдан бастап Қытайдағы қазақ сайттарында жолсапарлары арқылы танылған оның есімі бүгіндері Атамекенге де мәшһұр бола бастады. Желілердегі аудио үндеулері мен видео лекциялары қызу талқыға ұласып жүр. Негізінен Қытайдағы қазақтар тағдыры туралы толғанатын блогер Қытай тарихы мен саясатын, оның өткені мен ертеңі туралы болжамдарын жиі сөз етеді. Оның бұл лекцияларын тыңдағандардың пікірлері әралуан. Бірі «арандатушы», «Қытай мен Қазақстан арасына іріткі салуды көздейтін топтың өкілі» десе, енді бірі оны ұлтын шын сүйген бүгінгінің қаһарманы көреді.  

«Жарық Жетінің» «Мың бір сапар» атты жолсапарлары мен күнделіктерін оқығандар оны әуел бастан Қытайдағы қазақтарды елге оралуға үндеген, бүгінгі қиын кезеңді алдын ала болжаған көсем ретінде бағаласа, кейбіреулері осы «Жарқын Жетінің» кесірінен (шын аты – Серікжан Біләшұлы), оның лекцияларын тыңдап, мақалаларын бөліскені үшін мыңдаған қандасымыз Қытай түрмесіне түсті деп кінәлайды. Басы дау-дамайдан арылмаған блогер-жазушы қазір Қытайдағы қазақтар мәселесін кең ауқымда көтеріп, қазақ билігінің, халықаралық ұйымдардың назарын аударуға белшеше кіріскені байқалады. 

Біз «Жарқын Жеті» туралы ақпараттарды ақтарып отырып, 2012 жылы мамырда елдегі сайттардың бірінде жарық көрген «562 мың рет оқылған қазақша жолжазба» атты мақаланы тауып алдық. Сол мақаланы ықшамдап қайталай ұсыну артық болмас деп түйдік. Алдағы уақытта Қытайдағы қазақтар тағдыры жайында жүйелі зерттеу жүргізетін боламыз. 

***

Қазақтілді Интернет-сайттардың әлемінде үлкен резонанс деуге тұрарлық бір көз сүйіндірер, көңіл қуантар оқиға жүріп жатыр. Бұлай деуге толық негіз бар, электронды басылымдарды төңкерістіріп отырып, Қытайдағы қандастарымыздың «Күлтегін» атты сайтын ұшыраттық. Бізді қызықтырғаны, арғы бететгі ағайындарды не ойлантады, не толғантады деген кәдімгі сұрақ еді. Қуанарлығы, ағайындарымыз Қазақстанның барлық ақпаратын өздеріне аударып, «төтешеге тәржімалап» ұсынып отыр екен. Сенімі мығым, бір-бірін қапысыз түсінетін, ақпараттық бірлігі күшті елдің болашағы да зор. Демек, ол мүдде қазақта бар екен. Қара ормандай 2 миллион қандасымыз қаңтарылып қарап жатпапты, елдегі әрбір жаңалыққа елеңдеулі. Жаманшылығын жасырып, жақсылығын асыруға тырысады Атамекеннің. Мұны осы жақтан ағылған әрбір хабар-ошарға қалдырған лебіз-лепестерінен байқадық. Шүкір! Ғазизленген ойын ғаламтор арқылы жұртшылыққа паш етуде.

Соның бірі, бәлкім бірегейі «Жарқын жеті» есімді азаматтың «Москва сапарынан естеліктер» атты сапарнамасы. Бүгінге шейін бұл жолжазба 561 670 (бес жүз алпыс бір мың алты жүз жетпіс) рет оқылған екен. Әйдік оқиға деп әспеттегеніміз сондықтан. Бұрын-соңды Интернет сайттарда дәл мұндай қызу пікірге ұйтқы болған бірде-бір мақала немесе шығама болмаған шығар қазақ басылымдарында… Жазылғанына екі жылдан асқан бұл шығарма (күнделіктер, сапарнамалар, ой-толғамдар) әлі де өз оқушыларын ынтықтырумен келеді. Жарқын не жазса да, қай тақырыпта толғатса да өзіндік принцип-тұжырымынан қайтпай, өз ойын нақты дәлелдей біледі екен. Оның әртүрлі тақырыптағы толымды толғанысын біреулер қолдаса, енді бір оқырмандар шоғыры мүлдем кереғар пікір айтады. Тұжырып айтқанда, талас-тартыс толастамай тұр.

Жарқынның бұл жазбасын көркем мәтін деу қисынсыз, бірақ интернеттік әдебиеттің бір үлгісі деуге болатындай. Ең бастысы, мұнда қатып қалған тақырып, ой шектемелік, мазмұн қуалаушылық жоқ. Өзінің басынан кешкендерін, күнделікті көрген-түйгендерін оқырманға ұсынады. Ал авторға, оның жазбаларына ризалар да, риза еместер де өзінің пікірін тұщымдап жеткізеді, керек деп тапса автор оларға өз көзқарасын баяндап, қайтарма жауап қатады. Әуел баста, өзінің жеке кәсібіне орай Москваға барған баянын әдіптеген автор, бірте-бірте тарихқа, ұлттық болмысқа, діни танымға үңілуді құп көрген. Қытайдағы қазақтардың тағдыр-талайын Атамекен Қазақстанмен байланыстыра отырып, «бұрын кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» деген сұрақтарға жауап іздеген. Өзінің жазбаларына үңілгенімізде білгеніміз, автор оншақты жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударып, елге ту қадаған білімді азаматтардың бірі. Сөз орайы келгенде арғы беттегі қандастарға миллиард Қытайға жем болмау, қор болмау үшін Атамекенге ат басын бұр деген ұран тастайды. «Сенің түп мекенің, жалғызың – Қазақстан! Бүгінгі Қытайдың жылтырақ саясатына алданба, арбалма! Түп мекеніңе туыңды тік!!!» деген ұлтшыл ұранын ортаға салып, және бұл ойын нақты дәлел-фактілермен тұздықтайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, мұндағы Жарқын бүркеншік есім екендігі. Өзінің сапарнамаларына қарағанда, ағылшын, қытай, орыс тілдерін жетік меңгерген әрі ірі халықаралық саудаларға қатысып жүрген іскер азамат көрінеді. Мұндай «жасырынбақ» жағдай оқушысын одан әрмен қызықтыра түсетіні және белгілі. Сапарнаманы үзбей оқитын бір оқырман: «Мың бір сапар» деп ат қойыпты. Олай дейтін жөні бар екен. Автор «мен» бірде Москвада, енді бірде Пекинде, Шанхайда, Гонг-Конгте, тағы бір кезде Астана мен Алматыда – әлемнің әр түкпірінде жүреді. Сондай-ақ даңқты шаһарлардың өткені мен бүгінінен, ішкі-сыртқы әлемінен нақты мысалдар келтіреді. Ондағы салт-сана, тұрмыс жағдайы, елдік мінезі, ұлттық болмысы дейсіз бе, бәріне жіті үңіледі. «Мың бір сапар» десе, дегендей-ақ…

Қорыта айтқанда, бұл сапарнамалар қазақтілді сайттардың жұмыс өнімін, интеллектуалдық деңгейін көрсетеді. Әрбір оқырман Жарқындай сауатты, білімді, қазақ мүддесіне қатысты әрбір іске немқұрайлы қарамайтын ұлтшыл болса, елдігіміздің тұғыры биіктей түсері даусыз. Иншалла, солай болғай! Төменде сол сапарнамалардан үзіп алып, бірерін ұсынып отырмыз. Әрине, автордың екі жылдық жазбасын түгелімен қопарып, қотарып, ішінен інжуін теру де оңай шаруа емес. Біз шымыр еткізерлік бірер түйінін тастадық ортаға. Қалғанын алдағы уақытта ықшамдап ұсынармыз…

 ***

…Бір ғана Африканың өзінде, қара зәңгілердің ата мекенінде, баяғыда Францияның құлдығына түсіп, құлдық қамытын кигенімен, соңыра ала егемендігін алған немесе жартылай егемен ел болған кей елдер бұл күнде сол өздерін отарлаған француздардың тілін әлі де қолданып келеді. Дененің құлдығынан сананың құлдығы, тәннің құлдығынан жанның құлдығы «баянды» боларын ертеде-ақ білген француздар отарындағы жұртты француздандыруға барын салған-ақ екен!

Алжир, Маракко, Камерун, Тунис сықылды елдер осының қатарында. Осы тектес, француз болмағанымен, французша ойлап, французша сөйлейтін Африқа елдері қаншама?!

Ал, Белгия, Швейцария, Люксембургтерде француз тілі заңды түрде мемлекет тілі қатарында қолданылады. Қай жағынан қарасаң да, француз тілінің жағдайы қазіргі қазақ тілімен салыстыруға келмейтін деңгейде жақсы. Бірақ, сондай мықты бола тұра ағылшын тілінен «жеңілген» бұл тілдің жанашырларының байбаламы қазақ тілінің жанашырларынан алдеқайда күшті. Ал, біз болсақ, жастықты биік қойып, қалғып-мүлгіп отырмыз….Алла сақтасын!

***

Абай да, Байтұрсынов да, Абайдың туысқаны, ғұлама Шәкәрім де, Ыбырай Алтынсары да, онан соңғы Алашорда заманындағы барша алашшылдар да тұтасымен ұлтқа тұтқа болатын тұлғалар бола алуының жалғыз себебі – олар таза мұсылмандық жолмен тәрбие алып, таза мұсылмандық парызын өтеп, мұсылманның тірлігін жасағандар болатұғын. Мұсылман үшін Отанын қорғау, халқын дұрыс жолға салу парыз еді. Ал, онан соңғы құдайсызданған заманның ілгерінді-кейінді барлық ғалымы мен жазушысы, ақыны жоғарыдағы ұлы тұлғалардың қасында, олармен салыстырғанда, бейне, телегей теңіз қасындағы көлшіктей ғана, таяз, саяз немесе аспанмен таласқан асқар таудың қасындағы төбешіктей…

mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар