Қазақтан қыз алған қытайлыққа 2 млн теңге төлейді

4.jpg

Қытайға қызыңды берсең, 2 млн теңгеге дейін сыйақы аласың. Елге оралған қандасымыз көрші мемлекеттегі саясаттың қалай жүріп жатқанын ашып айтып берді. Оның үстіне әлеуметтік желілерде тараған тағы бір ақпар бұл саясат елдің сыртына да шығып жатқанын білдіргендей. Оған қатысты сарапшылар не дейді.

«Қытай азаматы Ардақ есімді қазақ қызына үйленген. Дүркіретіп той жасалды. Ол туралы Қытайдың барлық телеарналары көрсетті. Олар ер азаматтардың көрші Қазақстанға назар аударуын қалайды. Ханьдықтар үшін қазақ қызына үйлену арман болып барады».

Әлеуметтік желідегі бұл жазба қызу талқыға түсті. Әрине, ашуға ерік бергендердің бары байқалады астындағы комментарийлерден. Шыны керек, соңғы уақытта көрші мемлекетке қатысты жағымсыз ақпараттар көптеп айтылуда. Сол жақтың өмірін көріп, тарихи отанына оралған қандасымызбен тілдестік. Қос қызы қазақ тілінде білім ала алмаған соң, Күлпаш Кәдірбек елге қайтқан.

«Біз сол Қытайдың саясатын Қытайдың қысымын сол жерде жүріп, көп білмейміз ғой. Осы Қазақстанға келіп білдік қой. Ол жерде бейберекет сөйлеткізбейді. Бейберекет сөйлемейміз. Жиын-топ болмайды ол жерде. Қайда 2011-ден бастап басталып кетті ғой ол. Бұрын ұйғырларға солай болатын, бірте-бірте бізге де келді» - дейді Күлпәш Кәдірбек.

Қазақ мектептері жабылып, жаппай қытай тілінде білім беріледі. Қалып қойса, өзге ұлтпен құда болу қаупі туындады дейді өзі.

- Қытай қазақтан қыз алса, квота береді. 

- Суммасы қанша сонда? 

- Осы жақтың ақшасына шаққанда 1,5-2 миллиондай. 

- Оған көнгендер болды ма? 

- Жоқ, көнген жоқ. Енді мен естімеген мен білмеген жерден болмаса, өзім тұрған жерден бір қазақ, бір ұйғыр олай істемеген. «Сөйтіпті ғой»,- деп жүреді».

Көрші елдегі қандастарымыздың жағдайына қатысты сарапшылар да үнсіз қалмады. Қолдау білдіруге дайын екендіктерін білдіруде.

«Елбасымыздың ылғи да айтатын сөзі бар дүние жүзіндегі қазақтың жалғыз Отаны бар, ол – Қазақстан. Осы уәж рас болатын болса, біз Қытайдағы қандастарымыздың қиын жағдайына бейтарап қарамауға тиіспіз. Біз қалай болғанда да өзіміздің қандастарымыздың хақ құқын белгілі деңгейде қорғауға міндеттіміз деп ойлаймын» - дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлы.

Моральдық тұрғыда құлшыныс жоғары болғанымен, заң талаптары кедергі. Қарапайым халық жаны ашығанымен, қолы қысқа.

«Бір нәрсені түсінуіміз керек. Ол жақтағы негізінен Қытай азаматы болған қазақтар ол әрине, Қытайдың ішкі мәселесі. Біз бұл жерден жаңағы қандастарымыздың жағдайына жанымыз ауруымыз мүмкін, айтуымыз мүмкін, оны көрсетуіміз мүмкін. Бірақ араласа алмаймыз. Біздегі мысалы орыс тілді азаматтар, орыстар, славяндар ойбай бізге қазақ тілін үйретіп жатыр, бізді құртып жатыр десе, Ресей келіп араласса, бізге жаға ма, ол да жақпайды. Бұл жерде мемлекетаралық мәселемен шешеді мұны» - дейді саясаттанушы Дос Көшім.

«Қатты бір тепсінудің қажеті жоқ. Тепсінгенімен бірдеңе бітсе, пожалуйста тепсінеміз. Тепсінгенімен біреу санасайын деп жатыр ма, Сіздің ашуыңызды біреу қыстырайын деп жатыр ма қазақша айтқанда. Сондықтан бұл мәселе басқа жолдармен шешілуі керек. Қазақстан мемлекетінде кейбір тетіктер бар. Соларды шебер пайдалану арқылы қандастарымыздың проблемасын шешуге болатын шығар деп ойлаймын» - дейді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.

Қытайдағы қандастарымыз да, оларға бей-жай қарай алмайтындар да отандық дипломаттарға зор үміт артуда. Өйткені, саясаттанушылар тілінде «Француз бағыты» деген атпен танымал саясат жүруі мүмкін деп отыр. Яғни, ел ішіндегі аз ұлтты ассимиляция жолымен бағындыру.

Дереккөз: Бірінші Еуразия телеарнасы



Ұқсас тақырыптар