Қырғыздың «Азия ньюс» газеті «Кенесары қанқорлықпен қырғызға бүлік салып, масқара боп жеңілген» атты көлемді зерттеу мақаласын жариялапты...

(Коллаж: Mezgil.kz)
Біраздан бері қырғыз президенті Садыр Жапаров бастап, қалғандары қоштап, «Кенесары тақырыбын» жиі қозғап жүр. Олардың жазған пікірлері қазіргі қазақ‑қырғыз арасына сына қағуды көздейтін сыңай танытады...
Не мақсатпен? Әлде бұл «сырттан тапсырыс» па? Беймәлім...
Тарихи дерекке жүгінсек, Қоқанға қарсы соғысқан, кейін онымен бірігіп орыс әскерімен соғысқан Кенесары ханның ұлы Сыдық сұлтанмен (Сыздық батыр) бірге жүрген, сол тарихи оқиғалардың куәгері Ахмет Кенесарыұлы былай жазады: «Кенесары қырғыз манаптарына хат жолдады. Онда хан қырғыздарды Қоқан билігімен бірігіп күресуге шақырды. Бірақ, өкінішке орай, оны бай манаптар қабылдамады»...
Сондықтан, «Азия ньюстің» «Кенесары ханның ниеті қанқұйлы» деуі – шындыққа жанаспайды. Қанқұйлы болса, Кенесары хан соғысқа сай ондаған мың қолмен шабар еді ғой... Бірақ, оны «Кенесары ханның шабуылы» деп атойлатып, одан әрі оны «Кенесарыны жеңген соғыс» деп насихаттау – екі елдің қарым‑қатынасына сызат түсіретіні анық.
Ахмет сұлтан одан әрі былай жазады: «....Соңғы шайқас болар кеште Кенесары 500 сарбазбен шегініп келе жатты. Хан: «Аттарды сойып әлденейік. Сосын таң ата бес жүз мылтықпен атыса отырып, арқаны өзенге тірей шегініп, соғыса отырып қоршаудан шығайық», - деді. Наурызбай айтты: «Маған екі жүз сарбаз беріңіз. Мен түн жамыла сыналап шабуылдап, қоршауды бұзайын. Сол дәлізбен қалғандарыңыз өтіп кетіңдер», - деді. Оған Кенесары көнбеді. «Мен қашып шығып, жұртыма сосын қалай хан болам», - деді...
Бірақ, сол түні сарбаздар арасында келіспеушілік туып, олардың үш жүздейі түнде қашып кетеді. Ертесіне екі жүз сарбаздай қалған қолды, қырғыздар түнде Қоқан ханына толық бағынышты Ош жақтан келіп жеткен қоқандық қырғыз сарбаздарымен бірігіп, толық жояды», - деп жазды.
Ендеше, «Азия ньюс» газеті қандай «Отан соғысы» туралы айтып отыр? Кенесары ханмен бірге қалған 200 (екі жүз) сарбазбен болған «соңғы шайқасты» ма? (Ал, оған дейін Кенесары қырғыз даласына жорық жасапты деген дерек жоқ)... Міне, бұны «қырғыз тарихына» абырой әпермейтін эпизод дер едік...
Жалпы, қазіргі заманда Түркі әлемінің бірігуі жалпылама сипатқа ие болып келеді. Оның көш басында Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан сыяқты ірі елдердің тұрғаны жасырын емес. 300 млн түркі жұртын біріктіретін бұл үрдіске солтүстік көршілер сақтықпен қарап отырғаны рас. Ендеше, қырғыз баспасөзі «Кімнің диірменінен су құйып жатыр?» деген сұрақ туындайды...
Ертең осы орынсыз сөзден Қырғыз еліне зиян келіп жатса – бұл «тарихшылар» тағы да «Бұған Кенесары хан кінәлі» деп, ханды айыптай ма екен?..
Mezgil.kz