Қабдеш Жұмаділов: «Орбұлақ шайқасы» деген тарихта болған емес («Жас Алаш», 26.12.2019 жыл)
«Бүгінге дейін менің талай уақытым ақиқат үшін алысумен, шындық үшін шырылдаумен өтіп келеді», – дейді Қабдеш Жұмаділов. Шынымен солай ма? «Орбұлақ шайқасы болған жоқ» деген дәлелсіз сөзін қорғау үшін бір кездері бар қазаққа қадірлі болған қарт қаламгер Қабдеш Жұмаділов айналасына ақиқат айтар ақсақалдық жасқа келгенде Алашына ар мен намыстың не екенін көрсетіп, абыз атанар кезінде тағы да өтірік айтып қойғанын аңғармады. Төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылып жататын қырғыз ағайындардың «Халық айтса, қалп айтпайды» деген мәтелі бар. Олардың «қалп» дегені – өтірік дегені. Осы мәтелдегі қырғыздың сол «қалп» деген сөзін иемденіп, біз «Қабдеш айтса, қалп айтады» деген мәтел шығарып, жұртқа жария етуді жөн көрдік.
Ол мақаласында: «Шайқас – Орбұлақта емес, Кегеннен Ыстық-көлге асып түсетін Қарқара асуында өткен», – депті. Біріміздің кіндік қанымыз қасиетті Қарқара топырағына тамғаннан бүгінгі күнге дейін осы өңірде өмір сүріп келеміз, біріміз қызмет бабымен талай жыл осы Қарқарада еңбек еттік. Ой, ойпаң, жылға, жыра, қырат, қырқа, сай, сала, қолат, қопа, төбе, қыр, жота, бел, белес, асу, адыр, тау, тастарына дейін аралап жүріп, бірде-біріміз «Қарқара асуы» деген асуды не естімеппіз, не көрмеппіз. «Әй, Қабдеш, бірдеңе біліп айтқан шығар» деп, осы сөз тасқа басылып, жария болғалы бері жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, жан-жақтан жабылып жүріп, жаппай «Қарқара асуы» деген асуды іздедік. Бұл алапта ондай асу жоқ боп шықты.
Сонан соң «тарихты жазып жүрген жазушы ғой, бір мәліметтерден көріп айтып отырған шығар» деп, хатқа түскен, тасқа басылған тарихи жәдігерлерді қарадық. Алдымен патшалық Ресей саяхатшылары мен географтары тайға таңба басқандай қылып шығарған географиялық карталарынан іздедік. Таппадық. 785 хижра жылы Ақсақ Темір Қарқарадан Ыстықкөлге өтіпті. Онда да «Қарқара асуы» деген асу туралы сөз жоқ. Бертінде, 1857-60 жылдары осы өлкені аралаған П.П.Семенов Тянь-Шаньскийді қарадық. Ол да «Қарқара асуы» дегенді жазбайды. 1868-81 жылдары Жетісу облысы мекемелерінде түрлі әкімшілік қызметте бола жүріп, талай құнды еңбек жазып қалдырған этнограф Н.А.Аристовтың жазғандарын сүзіп шықтық. Оның да зерттеулерінде ондай асу жоқ. Шоқан Уәлиханов тура осы Қарқарада бір емес, бірнеше рет болған ғой, «бірде болмаса, бірде жазып кеткен шығар» деп, оның да жазғандарын қарадық. Ол да «Қарқара асуы» дегенді аузына алмайды. Шоқан өз қолымен осы Қарқара алабының картасын сызады. Қабдеш Жұмаділов айтқан «тарихи асу» бар болса, сызбауы, белгілемеуі мүмкін емес еді.
П.П.Румянцевтің жетекшілігімен алғаш 1913 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген, кейін 2000 жылы Алматыда қайта басылған «Жетісу уездері» деген топтаманың 4-томындағы Верный уезіне қатысты жер иелену жөніндегі материалдарын да парақтап шықтық. Онда да «Қарқара асуы» деген асу жоқ. Қарқара өңірінде туып-өскен Құлмамбет, Бөлтірік, Көдек, Мейірман, Әжек, Жүсіпбекқожа, Шәріпжамал, Әбен, Қапез, Майлылардың да өлең-жырларын шолып шықтық. Олар да «Қарқара асуы» дегенді еш жырына қоспайды. «Қарқара шайқасы болды» дегенді де ешкім тілге тиек етпейді. Тіпті дәл осы Қарқарада болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы ұлы Мұхтар Әуезов жазған «Қилы заман» тарихи повесін қайта оқып шықтық. Онда да «Қарқара асуы» деген кездеспейді. Сөйтіп, ұзын сөздің қысқасы – Қабдеш Жұмаділовтің «Қарқара асуы» дегені жалған сөз боп шықты. Бұл – бір.
Егер ондай асу бұл өңірде жоқ болса, онда жоқ жерде шайқас қайдан болсын?! Демек, Қабдештің «шайқас болды» дегені де өзінен-өзі өтірік болып шықты. Бұл – екі.
Қабдештің «Жоңғар қолын қырғызға апаратын жалғыз жол – осы» дегені де ақиқаттан аулақ жатыр. Кегеннен ары Қырғызға тек Қарқара арқылы емес, Талды арқылы да, Күрметі арқылы да баруға болады. Демек, «жалғыз жол – осы» дегені де өтірік. Бұл – үш.
Қабдеш бір сөзінде: «XVIII ғасырда Сыр бойындағы қарақалпақты зорлап көшіріп әкетіп бара жатқанда, оларды Қабанбай жасағы құтқарып қалғаны есімізде», – дейді ойдан шығарған оқиғаның басы-қасында өзі болғандай есіне алып. Демек, Қабдештің мұнысы да өтірік. Бұл – төрт.
Қызды-қыздымен Қабдеш тағы бірде: «...Жәңгір хан арттағы қалың әскердің келуін күтпей, отқарулы 600 мергенмен Қарқара асуына бұрын жетеді де, сол арада қорғаныс шебін құрып, Санташқа өтетін қысаңда жоңғар қолын көп шығынға ұшыратады», – депті. Қарқара қайда, Санташ қайда? Санташқа өтетін қысаң жоқ ол өңірде. Яғни Қабдештің мұнысы да өтірік. Бұл – бес.
Орбұлақ шайқасының болғанын тарихшы ғалымдар тарихи айғақтармен сан мәрте дәлелдеген. Демек, оның «Орбұлақ шайқасы болған жоқ» дегені де күмәнді. Бұл – алты.
Осы мақаланы бастағанда Қабдеш Жұмаділовтің: «Бүгінге дейін менің талай уақытым ақиқат үшін алысумен, шындық үшін шырылдаумен өтіп келеді», – дегенін әдейі келтіріп едік. Көріп отырғанымыздай, жазушының бұл сөзі де өтірік болып шықты. Бұл – жеті.
Осы киелі жеті санымен біз «Қабдеш айтса, қалп айтады» деген сөзімізді бекітеміз.
Стахан БЕЛҒОЖАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы;
Ызғарбек БЕКТҰРҒАНОВ,
Алматы облысының құрметті азаматы,
Райымбек ауданының бұрынғы әкімі /1992-1998/;
Босатқан ҰЛДАРБЕКОВ,
Кеген ауданының бұрынғы әкімі;
Байғожа НҰРҒОЖАЕВ,
Райымбек ауданының бұрынғы әкімі /2002-2006/;
Аян АЙТЖАНОВ,
Райымбек ауданының бұрынғы әкімі /2008-2011/.