Өртенген МӨЗ-дер: Украина дрондары Кремльді тығырыққа тіреді...

Кремльдің нұсауымен сөйлейтін орыс телеэфирі қалай деп бұлтақтаса да, Мәскеудің имперлік пиғылынан тұтанған бұл соғыстың экономикалық және тұрмыстық салдары Ресейдің ішкі нарығында күн санап айқынырақ сезіле түсуде...

1795691449241501.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

КРЕМЛЬТІҢ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛУІ: КӨЗБЕН КӨРІП, ҚОЛМЕН ҰСТАЙТЫН ШЫНДЫҚ

АҚШ-тағы әйдік «Соғысты зерттеу институтының» (ISW) 24 қарашадағы есебіне көз жүгіртсек, Ресей президенті Владимир Путин мұнай инфрақұрылымына жасалған соққылардың мемлекетке айтарлықтай шығын әкелгенін жария түрде мойындауға мәжбүр болған. Билік елді отынмен қамтамасыз ету және ішкі нарықтағы бағаны тежеу үшін қомақты қаржы жұмсауға еріксіз мәжбүр болған.

24 қарашадағы мәлімдемесінде президент Путин отын нарығын тұрақтандыру үшін бірқатар шұғыл шара қабылданғанын өзі айтқан. Сонда, Кремль қандай шараларға баруға мәжбүр болды? Қараңыз:

Ең әуелі – отын экспортына шектеу қойылды;

Онан соң – ресейлік мұнай компанияларына, соның ішінде импортқа байланысты субсидиялар бөлінді;

Бұған қоса – бензин мен дизельдің биржалық саудасына қойылатын талаптар өзгертілді;

Ең ақыры – энергетикалық нысандарды қорғау жұмыстары күшейту бойынша арнайы шаралар қабылданды.

ISW сарапшыларының пікірінше, әсіресе, Ресейдің батыс өңірлерінің тұрғындары соққылардың нәтижесін күнделікті өмірде өз көздерімен көріп, бастан кешіруде. Тарс-тұрс жарылыстар, гүрілдеп ұшқан дрондар мен дрон сынықтарының құлауы, интернеттегі іркілістер, әуежайлардың жабылуы және жанармайдың қымбаттауы Ресей қоғамын шаршата бастаған. Оған басты себеп – бұл фактілер қарапайым халықтың қалтасына соққы болып тиіп, тұрмысты тұралатқан.

Бүгінде Кремль пропогандасы мұндай қиындықтарды жамап-жасқап, ақтап сөйлеуге шамасы жетпей отыр. Ал билік Украинаның алыстан көздеп атқан соққылары бюджет пен экономикаға салмақ түсіріп жатқанын ашық мойындауға мәжбүр.

ISW сарапшыларының бағалауынша, 2026 жылдың жазы орталағнған тұста Украинаның дрон соққылары Ресейдің басым бөлігінде жанармай дағдарысын тудырған. Ал қара күз түсіп, қазан аяқталғанда Ресейде бар барлық МӨЗ-дер мұнай өңдеу қуатын шамамен 30 пайызға қысқартуға мәжбүр болған. Бұл өз кезегінде, бензин тапшылығын өршіте түскен. 2026 жылдың шілде айынан бастап Ресей бензинді түрлі елдерден теңіз арқылы таси бастаған, ал қазан айында импорт көлемі рекордтық деңгейге жеткен.

ҚАЗАН МЕН ҚАРАША: ДӘЛ КӨЗДЕЛГЕН 18 МӨЗ...

Енді Ресей билігін мәжбүрлеп мойындатқан сол соққылар жайлы аз-кем ақпарат ұсынайық: Әрісін айтпағанда, Украина Қарулы күштері қазан мен қарашаның өзінде Ресейдегі ұзын-саны 18 МӨЗ-ді (мұнай өңдеу зауытын) дәл көздепті (Bloomberg дерегі).

Қазан айында айтарлықтай ауқымды соққылар жасалған жоқ. Оған басты себеп – АҚШ. Уашиңтон Киевке қолқа салып, энергетикалық бітім ұсынды. Ресей МӨЗ-дерін соққыламай тұруды өтінді. Киев Уашиңтонның өтінішін орындады. Сөйтіп, қазан айын Ресей МӨЗ-дері тыныш өткізді.

Тек... Тек, қазанның 30-ы күні «Ресейдің бітімді бұзуы» себепті, Украина Новокуйбышев МӨЗ-ін дәл көздеп, дөп соқты. Жалпы бұл МӨЗ – 2025 жылы оншақты рет соққы жеген. Ал 2026 жылы Қазан мен қарашада екі кезек дрон шабуылына ұшырады.

Ал қараша айының басынан бастап бүгінге дейін, Украина Ресейдің 16-17 МӨЗ-ін соққының астына алған. Олардың қатарында: Кириши МӨЗ-і, Омбы МӨЗ-і, Кстовскі МӨЗ-і, Рязан МӨЗ-і, Сызрань МӨЗ-і, Куйбышев МӨЗ-і т.б. бар.

Мысалы, Украина 7 қарашада Саратов МӨЗ-іне, 6 қарашада Афипский МӨЗ-іне дөп соққылар жасаған. Ал 9 қарашаға қараған түні Ленинград облысындағы Кириши МӨЗ-іне дәл соққы жасалды. Бұл кәсіпорын Украинадан шамамен 800 шақырым қашықтықта орналасқан. Қуаттылығы — жылына 20–21 млн тонна мұнай, бұл Ресейдегі жалпы мұнай өңдеу көлемінің 7%-ын құрайды. 2026 жылы бұл МӨЗ-ге ең кемі 5 рет соққы жасалған. Бұл соққылардан зауыт әуелі қуаттылығын 50%-ға төмендетіп, кейін жұмысын тоқтатқан.

Ал жалпы алғанда, Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) 2024 жылдан бері соққы беріп келеді. Кейбір кәсіпорындарға әр екі-үш ай сайын тұрақты түрде шабуыл жасалуда. Шабуылдардың басым бөлігі дрондармен жасалған, сондай-ақ «Нептун» зымырандары мен өзге де зақымдау құралдары қолданылған. Соққылар географиясы негізінен Ресейдің еуропалық бөлігін — Орал тауларына дейінгі 1500-1700 шақырым радиусты (Пермь, Ухта) қамтиды. Дегенмен дрондар мен зымырандар одан да әрі — Сібірге дейін жетіп, Ресей аумағының ішкі бөлігіне 2400-2800 шақырымға (Омбы, Сургут, Жаңа Уренгой) тереңдеп енген.

Бұл соққылардың нақты нәтижесі жоқ емес. «Bloomberg» сарапшылары: «Украина қазан-қараша айларында Ресей аумағындағы 18 МӨЗ-ге соққы жасаған. Ал 2026 жылдың 23 қарашасындағы нақты есептерге көз салсақ, Ресейдегі тәуліктік мұнай өңдеу көлемі 2,6-2,7 млн баррельге дейін төмендеді. Бұл соңғы 20 жылдан астам уақыттағы ең төменгі көрсеткіш», - деп жазады.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар