Бүкіләлемдік мұра: Қазақстан Азияда үздік жиырмалыққа енді...

Қазақстан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының саны бойынша Азия елдері арасында 13-орынға тұрақтады.

1794899721263691.jpg

(Суреттер: whc.unesco.org сайтынан алынды)

Рейтингті X әлеуметтік желісіндегі танымал «Asia Nexus» арнасы жариялады. Автор ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының деректерін негізге алып, мәдени, табиғи және аралас нысандарды есептеп шыққан.

Қазіргі таңда Қазақстанның тізімде 7 нысаны бар. Рейтингте елімізден кейін тұрған Моңғолияда да дәл осынша нысан тіркелген.

Қытай мен Үндістан көш басында

Бірінші орынды Қытай иеленді. Ол өзінің 61-нысанын 25 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Бүкіләлемдік мұра комитетінің сессиясында алды — тізімге ғасырлар бойы фарфор жасалған Цзиндэчжэнь өнеркәсіптік мұрасы енгізілді. Мұнда X–XIX ғасырлар аралығында жұмыс істеген фарфор өндірісінің тұтас жүйесі сақталған.

«Қытайдың Бүкіләлемдік мұра тізіміне қосқан үлесі расымен де орасан зор», — деді ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра орталығының номинациялар бөлімінің басшысы Алессандро Бальзамо. Оның айтуынша, қытайлық нысандар санымен ғана емес, алуан түрлілігімен де таңғалдырады.

Екінші орында Үндістан тұр. Оның осы сессиядағы 45-нысаны — ежелгі Сарнатх будда кешені болды. Аңыз бойынша, Будда нұрланғаннан кейінгі алғашқы уағызын дәл осы жерде оқыған.

Рейтингтің жоғарғы бөлігіндегі өзге елдер де тізімді толықтырды. Ираннан Аламут қамалы мен оған қатысты бекіністер, ал Жапониядан ежелгі Асука-Фудзивара астанасы енді.

Биылғы сессияны рейтингте 17-орында тұрған Оңтүстік Корея қабылдады. Әрбір ел жылына тек бір ғана өтінім ұсына алатындықтан, көшбасшылар мен өзге мемлекеттер арасындағы алшақтық баяу қысқаруда.

Қазақстанның жетінші нысаны

Қазақстан өзінің жетінші нысанын 25 шілдеде иеленді — тізімге Маңғыстаудың жерасты (жартас) мешіттері мен киелі орындары енгізілді. Бұл нысанның құрамына Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата үңгір-мешіттері кірді.

Вице-президент Ерлан Қарин бұған дейін бұл жұмыстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жанданып, мүлде жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен болатын. Бұл мешіттер құлшылық орны ғана емес, сонымен қатар білім беру орталықтары қызметін атқарған.

«Бұл жартастар халқымыздың тарихи жады мен бабаларымыздың аманатын сақтап тұр», — деді ол.

Тізімде бұған дейін не болды?

Қазақстанның мұралар тізіміндегі алғашқы нысаны Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болды. Ол тізімге 2003 жылы енгізілді.

Кейінірек тізімді Таңбалы петроглифтері мен Ұлы Жібек жолының Чанъань–Тянь-Шань дәлізі, сондай-ақ табиғи нысандар: Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдерін қамтитын Сарыарқа, Батыс Тянь-Шань және Тұранның суық шөлдері толықтырды. Олардың бір бөлігін Қазақстан Қытай, Қырғызстан және Түрікменстанмен бірлесіп иеленеді.

Моңғолияның жеті нысаны

Моңғолия да жазда Пусанда өткен сессияда жаңа нысанға ие болды. Тізімге ғұн ақсүйектерінің қорғандары, соның ішінде елдің шығысындағы Дуурлиг-Нарс қорымдар кешені енді. Бұған дейін Кореяның Ұлттық музейі моңғол археологтарымен бірлесіп бұл ескерткіштерді 30 жылдан астам уақыт зерттеген.

Моңғолияның 2003 жылы тізімге енген алғашқы нысаны Увс-Нуур көлінің қазаншұңқыры болды. Одан кейін Орхон аңғарының мәдени ландшафты, Моңғол Алтайының петроглифтері, қасиетті Бұрхан-Халдун тауы және Даурия ландшафттары қосылды.

Тағы бір нысанды Хангай жотасының беткейіндегі қола дәуірінің бұғытастары құрайды. Ежелгі тұрғындар оларды ғұрыптық рәсімдер мен жерлеу кезінде орнатқан.

Келесі өтінімдер:

Президент жаңа өтінімдер әзірлеуді тапсырды. Олардың қатарында Жаркенттегі ағаш мешіт, Алматыдағы Вознесенск соборы және Қаратау петроглифтері бар.

Жаркент мешіті мен Вознесенск соборы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының алдын ала тізіміне енгізіліп қойған. Ел толыққанды өтінім бере алуы үшін нысан алдымен осы тізімге кіруі тиіс.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар