Желтоқсанның орта шешінде АҚШ-тың Майамиінде алқа-қотан жиын өтпек. «Үлкен жиырмалық» деген үлкен топ бас қосады. Оларға арнайы шақырылған қонақтар да қосылып, ауқымды жиын өтеді деп күтілуде...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
G20 САММИТІ: АҚШ, ЕУРОПА ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ОҢТҮСТІКТІҢ ПОЗИЦИЯЛАРЫ
АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропа мен Жаһандық Оңтүстік басшылары бас қосатын бұл алаң – қазіргідей геосаяси текетірестер мен қарама-қайшылыққа толып тұрған кезеңде басты дипломатиялық алаңға айнала ма? Әлемдік тәртіптің үш түрлі полюсі — АҚШ, Еуропа және Жаһандық Оңтүстік мүдделері тоғысатын немесе қақтығысатын сынақ алаңы бола ма? Әлде, презентациялық һәм декоротивтік басқосу деңгейінде қала ма?
Майами саммиті қарсаңында бұл тараптардың ұстанатын басты геосаяси позициялары қандай болмақ? Ықшамды шолу ұсынып көрелік...
АҚШ ҰСТАНЫМЫ: СОҒЫС ТОҚТАМАЙ – САУДА РЕТКЕ КЕЛМЕЙДІ...
Сарапшылардың пікірінше, Уашиңтонның Майами саммитіндегі басты ұстанымы елдің ішкі-сыртқы саяси курсына сай жүйеленбек. Ақ үй әуелі экономика мен сауда-саттықты күн тәртібіне қойғысы келеді. Дональд Трамп әкімшілігі бұл алаңды жаһандық сауда ережелерін қайта қарау, тарифтік саясат және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға бағыттауға тырыспақ.
Онан соң Украина соғысы талқылаусыз қалмақ емес. Әлбетте, Уашиңтон Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін де күн тәртібінде талқыға салады деп күтілуде. «АҚШ Украинадағы соғысты тоқтату немесе экономикалық ымыраларға келу үшін жекелеген мәмілелерге (мысалы, энергетикалық ресурстарды сату, жеткізу тізбектерін тұрақтандыру) басымдық беруі мүмкін», - дейді сарапшылар.
ЕУРОПАНЫҢ ҰСТАНЫМЫ – РЕСЕЙДІ ОҚШАУЛАУ КЕРЕК!
Еуропа – кәрі құрлық. Үлкен саясатта салмағы басым. АҚШ тізгінін Трамп екінші мәрте ұстағалы Еуропа дербес қорғаныс саясатын жүргізуде әжертәуір ілгерілеу көрсетті. Ал Ресей мәселесінде һәм қауіпсіздік мәселесінде позициясы қатаң. «Ресейді оқшауда ұстау керек», - дейді Еуропа.
Оны жуырда тағы бір мәрте демонстрациялады. Күні кеше ғана Атлантада G20 елдерінің Сыртқы істер министрлері бас қосқан. Сол жиында Еуропа министрлері кезек-кезек Сергей Лавровты іреп-сойды. Тіпті, оны «жаһандық жиындарға интеграциялануға тырысып жатыр» деп айыптап, бірге суретке түсуден де бас тартты. Әлемге көрсетіп тұрып, демарш жасады.
Атлантадағы осы демарш Майамиде де қайталанады деп күтілуде. Әсіресе Шығыс пен Солтүстік Еуропа Майамиде де өз ұстанымынан қайтпайды делінеді.
Еуропалық лидерлер (Макрон, Мерц және т.б.) саммит күн тәртібінің басты тақырыбы етіп Украинаның аумақтық тұтастығын, халықаралық құқықты және Ресейге қарсы қысымды күшейту мәселелерін қоюды талап етеді деп күтілуде.
Онан соң, Еуропа Уашиңтонның кейбір мәселелердегі «өткір прагматикасынан» сескенеді. Сондықтан олар Жаһандық Оңтүстік елдеріне Мәскеудің әрекеттерінің қауіптілігін түсіндіріп, ортақ антикремльдік майданды сақтап қалуға тырысады деген болжамды пікірлер де айтылуда.
ЖАҺАНДЫҚ ОҢТҮСТІК НЕ ДЕЙДІ?
Жаһандық Оңтүстік дегеніңіз – Бразилия, Үндістан, ОАР, Индонезия т.б. елдер. Бұлар көбіне-көп бейтарап позициядағы елдер саналады. Күйттегендері – экономикалық мүдде ғана. Олар Батыс пен Ресей текетіресіне өз мүдделері тұрғысынан ғана баға береді. Соған сай әрекет етеді.
Қазірге дейін Жаһандық Оңтүстік елдері Украинадағы қақтығысты «еуропалық проблема» деп санап, жаһандық азық-түлік, инфляция және энергетикалық дағдарыстарға көбірек алаңдаушылық білдіріп келген.
Ал Бразилия немесе Индонезия сияқты елдер Батыстың санкциялық саясатын толық қолдамай, екі жақпен де экономикалық байланыстарын сақтап қалуға тырысып келген.
Ал алда болатын Майами саммитінде Жаһандық Оңтүстік елдері Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Дүниежүзілік банк сияқты қаржы институттарын реформалауды, дамушы елдерге жеңілдетілген несиелер мен климаттық қаржыландыруды басты талап ретінде қояды деп күтілуде...
ҚЫТАЙ КІМНІҢ СӨЗІН СӨЙЛЕЙДІ?
Қытайдың Ресей-Украина соғысына қатысты позициясы екіұшты. Украина тарабы Бейжіңді бірнеше мәрте айыптап, «Ресейге болысып отыр», - еген.
Бейжің өзін «бейтарап позициядамыз» деп айтады. Дегенмен, Қытай Ресейді ашық айыптаған жоқ. Ал БҰҰ-дағы маңызды дауыс берулерде қалыс қалып келеді. НАТО мен АҚШ-ты «ұрысты шиеленістіруші» деп айыптайды.
Сөйтсе де, Бейжің: «Украинадағы соғыс – Еуропа мәселесі. Және кез келген келіссөзге Еуропа қатысуы керек», - дегенді айтқан.
Алдағы саммитте Қытай АҚШ-тың протекционизмі мен қысымына қарсы әрекет етеді деп күтілуде. Бейің Уашиңтонның саммит құжаттарында Қытай экономикасының «нарықтық емес» сипаты туралы тұжырымдарды өткізуге тырысуын және «сауда теңгерімсіздігін тудырды» деген айыптауларына қарсы тұрмақ. Қытай тарапы мұны «біржақты экономикалық қысым» деп атайды.
Осыларды қорытар болсақ, Майамидегі G20 саммиті біріккен жаһандық консенсустың емес, керісінше, мүдделер қақтығысының алаңы боладтын түрі бар. АҚШ прагматикалық экономиканы, Еуропа қатаң қауіпсіздік пен принциптерді, ал Жаһандық Оңтүстік өздерінің экономикалық дивидендтерін алға тартады. Ал бұл қайшылықтар саммиттің ортақ қорытынды декларациясын қабылдауды қиындата түспек.
ЗЕЛЕНСКИЙ МЕН ПУТИН ЖҮЗБЕ-ЖҮЗ КЕЗДЕСЕ МЕ?
Тақырыпқа тұздық: Сөзіміздің басында Майамидегі G20 саммитіне арнайы шақырылған қонақтар да баратынын айттық. Мысалы, Трамп Қазақстан президенті Тоқаевты да арнайы шақырған. Сондай қонақтардың бірі – Украина президенті Зеленский.
Демек, Путин де, Зеленский де Майамиде болады деп күтілуде. Ендеше, неге Майами мінберін ақырғы төрт жылдықтағы ең басты диалогтың мінберіне айналдырмасқа? «Мен әлемде сегіз соғысты тоқтаттым», - деп жарияға жар салған Трамп үшін жер бетінде қазір болып жатқан ең сойқан соғыстың бірін тоқтатудың, табан тірескен екеуді бір үстелге отырғызудың таптырмас мүмкіндігі емес пе?
Әлгіннен бері Украина БАҚ-тары: «Зеленский мен Путин Майамиде кездесуі мүмкін еді. Киевтің ұсынысын Уашиңтон бірден қолдаған. Ал Мәскеу жүзбе-жүз кездесуден бас тартып, телефон арқылы сөйлесуді ұсыныстады», - деп жазды.
Осы ақпарат шыққан сол еді, Мәскеу шыр-пыр болды. Ресейдің СІМ бастығы Сергей Лавров: «Бұл жалған әңгіме. Путин Зеленскиймен жүздеспек те, сөйлеспек те ойы жоқ. Зеленский Путинмен жүздескісі келсе Мәскеуге келсін», - деп сөйледі.
Айта кетейік, Зеленский мен Путин ақырғы рет 2019 жылы жүздескен. Ал телефон арқылы 2020 жылы сөйлескен. Содан бері Зеленский Путинді сан мәрте «жүзбе-жүз сөйлесейік» деп шақырды. Донбасста, Ватиканда, Түркияда, Араб елдерінің бірінде кездесу ұсынылды. Тіпті: «Жекпе-жектен жалтарсаң, үшеулеп отырайық», - деген де ұсыныстар айтылды. Бәрінен бас тартқан – Путин. Жекпе-жектен де, онлайн жүздесуден де, телефон арқылы сөйлесуден де Кремль бас тартты.
Mezgil.kz