АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Майамидегі G20 саммитінен кейін Қазақстанға келуді жоспарлап отыр. Бұл туралы оның Самарқандта ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуінің қорытындысы бойынша белгілі болды.

(Сурет: ҚР СІМ сайтынан алынды)
Кездесу 19 қазанда Самарқандтағы келіссөздер аясында өтті. Қазақстан СІМ мәліметінше, Рубио мен Тілеуберді екі ел арасындағы сауда, инвестиция және одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
G20 САММИТІ, СИРЕК МЕТАЛЛДАР ҺӘМ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі:
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті. Тараптар екіжақты қатынастардың оң серпінін атап өтіп, практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, тауар айналымын ұлғайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен 2025 жылғы қарашада өткен кездесуінің қорытындыларын қоса алғанда, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ тараптар Майамиде өтетін алдағы G20 саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, М. Рубио G20 саммитінен кейін жақын арада Қазақстан Республикасына толық форматтағы сапармен келуге мүдделі екенін растады», - деп жазды.
Қазақстан тарапы америкалық инвестициялар мен технологияларды тартуға мүдделі. Тілеуберді басым бағыттар ретінде энергетика, аса маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларын атады.
Министрлер сондай-ақ 2025 жылғы қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамптың кездесуі кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын талқылады.
РУБИО ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?
Марко Рубионың өзі келіссөздерден кейін АҚШ Қазақстанмен экономика және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін хабарлады. Сондай-ақ ол Қазақстан тарапына Дональд Трамптың бейбіт бастамаларын қолдағаны үшін алғыс айтты.
– Мен Сыртқы істер министріне Қазақстанның Президент Трамптың бейбіт бастамаларын, соның ішінде Авраам келісімдерін батыл қолдағаны үшін алғыс білдірдім. Біз C5+ форматындағы өзара іс-қимылымыздың жалғасуын асыға күтеміз, – деп жазды ол.
Келіссөздер барысында тараптар Майамиде өтетін G20 саммитіне дайындық мәселесін сөз етті. ҚР СІМ хабарлағандай, Рубио осы шарадан кейін Қазақстанға толық форматты сапармен келуге мүдделі екенін растады. Сапардың нақты күні айтылған жоқ.
Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы тараптардың тауар айналымын арттыруға және бірлескен инвестициялық жобалар бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті екенін қоса айтты.
Mezgil.kz