Таяу Шығыстағы жағдай: Қазақстан ұстанымы - «екі мемлекет» қағидасы!

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты ұстанымын білдірді.

1792145264651515.png

(Сурет: aa.com.tr сайтынан алынды)

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Таяу Шығыстағы жағдайға, соның ішінде Палестина мәселесіне арналған ашық пікірталасында сөз сөйледі.

Қ. Омаров Қазақстанның ұстанымы саяси-дипломатиялық реттеуді қолдауға, жағдайдың одан әрі шиеленісуіне жол бермеуге және «екі мемлекет» шешімін іске асыруға негізделгенін атап өтті. Сонымен қатар ол Нью-Йорк декларациясының маңыздылығын, бейбіт тұрғындарды қорғауды, гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізуді және БҰҰ-ның, соның ішінде БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыстарды ұйымдастыру агенттігінің (БҰТШБА) орталық рөлімен Газа секторын қалпына келтірудің маңызын баса айтты.

Қазақстан Газаны тұрақтандыру мен қалпына келтіруге, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мен цифрландыру салаларында, штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдалана отырып, практикалық үлес қосуға дайын екенін растады.

Бұдан бөлек, Қазақстанның бейбітшілік процесін қолдаудың қосымша платформасы ретінде Авраам келісімдеріне қосылу ниегі бар екені атап өтілді.

Қорытындылай келе, Қазақстан барлық тараптарды барынша ұстамдылық танытуға, диалог пен дипломатияға басымдық беруге шақырды және Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау жолында сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар