АҚШ президенті Дональд Трамптың соңғы апталардағы күрделі саясаттағы күрт бұрылысы әлемдік ақпарат кеңістігін әрі-сәрі күйге түсірді. Ресеймен «мұнай келісімін» жасасқан Трамп өзін-өзі ақтау үшін «бар бәлеге» Киевті һәм президент Зеленскийді айыптап, «Украинаға жаңа басшы керек» деген Ресей риторикасын қайта қоздатты...

(Коллаж: mezgil.kz)
ТРАМП НЕГЕ ЗЕЛЕНСКИЙГЕ ШҮЙЛІКТІ?
Трамп әлемдік мұнай нарығындағы дизель бағасының шарықтауына Украинаны айыптады. «Украинаның Ресей МӨЗ-деріне жасаған соққылары нарықты шайқалтты», - деп сөгінді. Бірақ, Ормуз жайлы жақ ашпады. Баб ел-Мандеб жайлы үндемеді.
«Axios»: «Вашингтон Киевке кемі 6 мәрте өтініш жасап, Ресей МӨЗ-дерін соққыламауды сұраған», - деп жазса, «CNN»: «Трамп өзі батқан былықтан шығар шара таппаған соң, кінәні Киевке артуда. Өйткені, Трамптың Ресейден алған дизелі АҚШ-тың ішкі нарығын 1,5 күнге ғана жамайтын көлем», - деп жазды.
Ал Трамптың өзі тепсініп тұрып: «Украинаға жаңа, келіссөз жасаса алатын басшы таңдау керек. Зеленскийде көп мүмкіндік болды. Бірақ, негесі белгісіз, ол келісім жасаспай қойды», - деп айтты. Трамп бұл сөздерді кем дегенде екі-үш мәрте қайталап айтты.
КИЕВТІҢ ЖАУАБЫ: ПОЗИЦИЯДАН АУЫТҚЫМА, ТРАМП!
Киевтің жауабы да көп күттірмеді. Әуелі Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибига шығып сөйледі. Сөйлегенде бүйдеді: «Президент Зеленский біздің елімізді жай кезде емес, соғыс жүріп жатқан қиын кезеңде басқарып отыр. Бұл соғыс - тәуелсіздік үшін жүріп жатқан соғыс. Зеленский Украина халқының қолдауына ие. Біздің елімізді кім басқаруы керектігін шетелдегілер емес, Украина халқы өзі шешеді. Ал Трамптың Зеленский туралы айтқандары - Зеленскийдің өз міндетін лайықты атқарып жатқанын көрсетеді», - деді.
Ал Зеленскийдің өзі: «Президент Трампқа деген бар құрметіммен айтайын - қандай да бір лидерді таңдау - біздің халқымыздың ішкі шаруасы. Иә, біз соғыс жағдайындамыз. Мұндай кезде сайлау өткізу қиынның қиыны. Тіпті, қауіпті іс. Бұл біздің конституциямызға қайшы. Бізде қазір тіпті, сайлау өткізетін жөнді инфрақұрылым да жоқ. Сондықтан, кімді қашан сайлайтынын Украина халқы өзі шешіп алады. Ал шынына келгенде Украина халқы қазір Украина президенті емес, Ресей президенті ауысқанын қалап отыр», - деді.
Зеленский тағы: «Егер сен бейтарап позицияны ұстансаң, одан ауытқымауың керек, бұрыс тарапқа шығып кетпеуің қажет. Мен Трамптың кеңесшілері қателесіп отыр деп ойлаймын. Оны бұрыс жаққа кім итермелеп отырғанын білмеймін. Бұл — тарихтың сен тұруға тиіс тарапы емес», - деп мәлімдеді Украина президенті.
Зеленский сонымен қатар, отставкаға кетпейтінін қадап айтты.
«Біздің әр сағатымыз шабуылдың астында өтіп жатыр. Қауіпсіздік жағынан алсаңыз да, сайлау өткізу мүмкін емес. Оның үстіне біз сарбаздардың дауысынсыз президент сайлай алмаймыз. Ең бірінші – Отан үшін шыбын жандарын шүберекке түйіп, ел қорғап жатқан сарбаздар дауыс беруі керек. Бұл әділетті болмақ», - деді. Зеленский.
Сонымен қатар Ресейдің МӨЗ-деріне соққыларды қайта жалғастыратынын мәлімдеді. Ол тағы АҚШ пен Ресейдің сауда келісімін меңзеп, «маңызды әріптесінен айырылып бара жатқанын» айтты.
УКРАИНАНЫ ЗЕЛЕНСКИЙДЕН КЕЙІН КІМ БАСҚАРАДЫ?
Трамптың сайлау туралы риторикаларынан соң әлемдік сарапшылар: «Украинаны Зеленскийден соң кім басқаруы мүмкін» деген сұраққа жауап іздей бастады. Болжалды үміткерлер де белгілі. Олардың барлығы дерлік ала-бөтен адамдар емес. Украина үшін аянбай еңбек еткен, Украина қоғамында абырой-беделі бар тұлғалар. «Newsweek» сарапшылары Зеленскийдің орнын басуы мүмкін немесе оған бәсекелес болуы мүмкін 4 басты тұлғаны атап жазыпты. Олар:
Болжалды үміткер – Валерий Залужный
Залужный ең ықимал тұлғалардың көшін бастап тұр. Украинаның бұрынғы Бас қолбасшысы (2021-2024 жылдар аралығы). Ресей басқыншылығы басталған сәттен бастап жаумен табандап күрескен, Киев түбіне жеткен басқыншылардың бетін қайтарған адам. Украинаның «Ұлт батыры». Қазір Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі қызметінде жүр.
Әртүрлі рейтингтерде қазіргі президент Зеленскийге басты оппонент ретінде дәл осы Залужный аталып жүр. Десе де, рейтингтегі лидер Зеленский болып қалуда. Ал болжалды үміткерлердің ішінде Залужныйдың көрсеткіштері Зеленскийге жетеқабыл.
Залужный да Ресей үшін қолайлы тұлға дей алмаймыз. Өзі де әскерді тізгіндеп тұрғанда: «Ресей – Украинаның басты жауы. Ал жаумен ең аяғына дейін соғысып қана жеңуге болады», - деп айтқан. Де-факто – Залужныйды Ресейдің әскери-саяси билігі «жау» деп санайды.
Болжалды үміткер – Кирилл Буданов
Онан соң рейтингте тұрған адам – Кирилл Буданов. Қазір Буданов Украина Президенті Кеңсесінің бастығы. Бұған дейін Сыртқы барлауды басқарған. Респонденттердің 53 пайызға жуығы Будановқа сенетіндіктерін айтқан. Десе де, салыстырмалы түрде Будановтың мүмкіндігі Зеленский мен Залужныйдан әжептәуір төмен.
Буданов та қаражаяу адам емес. Ресейге қарсы теңдессіз әскери операцияларды ұйымдастырған. Ұйымдастырып қана қоймай, сол операцияларға өзі тікелей қатысқан. Солардың бірсыпырасы:
«Қырымға жасалған жорықтарға» өзі қатысқан. Оккупациядағы Қырымда орналасқан жаудың «С-400» секілді жойқын қаруларын талқандап, Қырым көпірін соққылап, диверсиялық шабуылдар жасаған. «Қара теңіз операциясы» кезінде теңіз дрондары арқылы Ресейдің Қара теңіз флотына шабуылдаған. Ресейдің тылына дрондармен шабуылдап, «Ту-22М3» немене «ДРЛО А-50» секілді Ресейдің қымбат әрі жойқын техникаларын өртеген. Ресейге қарсы ондаған жойқын операцияны жоспарлап, әзірлеп, іске асырған Будановты Кремльдегілер Зеленский мен Залужныйдан да қатты жек көретінін жасырмайды.
Болжалды үміткер – Михаил Федоров
Украинаның бұрынғы Қорғаныс министрі. Алдыңғы үштікпен салыстырғанда Федоровты қолдаушылар саны аздау. Дегенмен, Украина президенттігіне үміткерлердің бірі саналады.
Федоров – «дрон соғысының архутектуры» саналады. Украина армиясын жаппай роботтандыруға бәс қойған да, «дрон армиясын» жасақтаған да дәл осы Михаил Федоров. Ол бастап, қолға алған дрон әскері – қазір Украинаның басты көзірлерінің біріне айналып отыр. Сол үшін де Кремль Киевтің бас кеңсесінен көргісі келмейтін, Кремль үшін қолайсыз адамдардың бірі – осы Михаил Федоров.
Болжалды үміткері – Петр Порошенко
Петр Порошенко Украинаның бұрынғы президенті. Зеленскийге дейін елді осы Порошенко басқарған. Зеленскиймен сайлауға түсіп, екі турда айқасқан. Ақыры Зеленский жеңіп, Порошенко Жоғарғы Рада депутаты атанған.
Соғыс басталғалы-бері Порошенко әскерді бір кісідей-ақ қолдап келеді. Арнайы қор құрып, әскерге қажетті керек-жарақтар мен техникалар жеткізіп беруде. Түрлі типтегі дрондар, радиоэлектронды күрес құралдары мен барлауға керек техникалар, жүк көліктері, бронды техникалар т.б. сатып алып, армияға беруде. Бұдан бөлек, Украина қалаларын жылытқыш генераторлармен жабдықтауда.
Петр Порошенко да қатаң антиресейлік позициядағы адам. Ол президент болып тұрған кезде де, Жоғарғы Рада депутаты болған кезде де Ресейге саяси-экономикалық қысымды арттыруды табандап тұрып талап еткен.
Порошенко «Еуроинтеграция» жолын ұстанушы. Ресеймен Укриана арасындағы әскери байланыстарды алғаш болып үзген де, Украина-Ресей арасындағы әріптестік шартын тоқтатқан да, Украина шіркеуін Мәскеу патриархатынан бөліп алған да, Украинадағы БАҚ-та алғаш болып орыс тіліне шектеу енгізген де осы Порошенко еді.
Осыларды ескере отырып, әлемдік сарапшылар: «Украинада Зеленскийден кейін кім президент болса да, Украина енді Ресейге қайта бас имейді», - деген қорытындыны айтады. Ал сонда, Трамп нені өзгертпекші, кімді өзгертпекші? Ақ үйдің бұл жанталасында не мән, не мағына қалады? Өздеріңіз пайымдай жатарсыздар...
Mezgil.kz