Әлсіреген державалар дәуірі: Соғыс жаһандық саясатты қалай өзгертіп жатыр?

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғыс бастау туралы шешімі жаһандық күштер тепе-теңдігіндегі түбегейлі бетбұрыс кезеңге айналды десек әсте артық айтпаймыз. Бұл тек Американың ғана емес, Қытайдың да әлсіреп жатқанын көрсетіп отыр.

1791451936628546.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Алайда, бұл жағдайға Еуропаның бөркін аспанға атып қуануына еш негіз жоқ, өйткені қазіргі еуропалық модель қауіпті әрі әлсіз державалар үстемдік еткен әлемде өзін қорғауға мүлде бейімделмегенін танытты.

ҚЫТАЙДЫҢ ЕКІҰДАЙ ЖАҒДАЙЫ...

Дональд Трамптың Иранды әскери күш арқылы ымыраға келтіру әрекеті әзірге түпкілікті нәтиже көрсетпеді. Қарашадағы сайлаудан соң ұрыс қимылдары қайта жандануы мүмкін екенін өткенде АҚШ президенті өзі де айтты.

Бұл соғыс Қытайға да ауыр соққы болып тиді. Ормуз бұғазы мен Қызыл теңіздегі блокада сауда мен жеткізілімді шектеп, Бейжіңнің ішкі құрылымдық мәселелерін – үлкен мемлекеттік қарызды, жасанды түрде төмендетілген валюта бағамын, жастар арасындағы жұмыссыздықты және экономикалық теңсіздікті бұрынғыдан бетер ушықтырып жіберді. Егер Қытай мақсатты экономикалық өсу қарқынына қол жеткізе алмаса, президент Си Жипыңның режимі қиын жағдайға тап болуы да әбден мүмкін.

Украинадағы соғыс барысында Ресей мен Ираннан келетін санкцияланған мұнай мен газ Қытайға үлкен экономикалық сыйлық болып, энергетикалық қажеттіліктерін өтеуге көмектесіп келген еді. Алайда Иран соғысы бұл шадыман «мерекенің» шырайын бұзды. Әлемдегі ең ірі мұнай импортері саналатын Қытай жеткізілімнің бір бөлігінен айырылып қана қоймай, Иранды тіпті өз кемелері үшін де бұғазды ашуға көндіре алмады.

Сондай-ақ, екі суперқағанаттың (державаның) әлсіреуі жаңа ойыншылар мен альянстардың пайда болуына түрткі болды. Мұның айқын мысалы ретінде Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан арасында жақында жасалған қорғаныс альянсы туралы «Мекке келісімін» атауға болады.

ЕУРОПАНЫҢ ГЕОСАЯСИ «ҰЙҚЫСЫ»

АҚШ пен Қытайдың әлсіреуі Еуропадағы одаққа (ЕО) жаһандық рөлін қайта иеленуге мүмкіндік береді, бірақ ол әзірге көкіген бөстекі риторикамен шектеліп отыр. Геосаяси күшке айналуды аңсаған Еуропа шағын қақтығыстар мен бюрократиялық тежеуіштерден арқасын босатып шыға алмай келеді.

ЕО-ның басты мәселесі – оның 27 мүше елдің барлығының консенсусын талап ететін басқару моделі болып табылады. Мүдделердің әртүрлілігі келісімді ұзаққа созып, шешімдердің ең төменгі ортақ атаулымнан ары аспауына бастап әкеледі. Соның салдарынан нақты бағыттарда көшбасшылық танытуға еркіндік жоқ. Франция, Италия, Испания мен Германия қалғандарын тезге сала алмайтын жағдайда десек артық айтпаймыз.

«Еуропалық жоба» өз кезінде Еуропаны өзінен қорғау үшін пайда болған еді. Бірақ бүгінде ол сыртқы қауіптерге қарсы тұруы тиіс. Ол үшін Еуропа жеке сектордың тәжірибесінен сабақ алуы керек-ақ. Корпорациялар орталықтандырылған құрылымдардан холдингтік типке көшіп, жекелеген бөлімшелерге автономия бере отырып, икемділігін арттырды.

ЕО бұл логикаға сүйене отырып, демократиялық серіктестерге толық мүшелік пен бақылаушы мәртебесі арасындағы бинарлы таңдаудан басқа да бірнеше деңгейлі интеграция мүмкіндіктерін ұсына алар еді. Бұл – ондаған жылдар бойы кезек күткен Түркия сияқты елдерге де жаңа жол ашар еді.

Әлсіреген қағанаттар дәуірінде Еуропа саяси тұрғыдан «мүмкін емес» болып көрінетін қадамдарға барып, өз модельдерін түбегейлі қайта құруға тиіс. Әйтпесе, тарихтың ең қараңғы беттері қайталанып кетуі әбден мүмкін.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар