Ресейде аюлар елді-мекендерге кіріп, адамдарға жиі шабуылдайтын болды. Бұл ақпаратты тіпті әлемге әйгілі CNN басылымы да зерттеп, жазып шықты. Басылым Ресей тұрғындарынан пікір алып, сарапшылардың сөздеріне құлақ түрген.
(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Аюлардың шабуылы Ресейдің батысынан бастап шығысына дейінгі аймақтардың барлығында дерлік байқалады. Алайда Сібір өлкесінде шабуылдар саны әлдеқайда көп тіркелген. Қазір Ресейдің орманды және таулы өлкедегі тұрғындары түнде далаға шығуға, орманға кіруге және аулада қыдыруға қорқатынын айтуда.
Қыркүйек айынан бастап Ресейдің бірнеше аймағында кемі 26 адам аюдың жемтігіне айналған. Ресейдің 40 аймағында аюлардың ауылды аймаққа кіріп, шабуыл жасау фактілері тіркелген. Ондаған адам жарақат алған. Ең көп шабуыл Красноярск өлкесінде тіркелді. Көз жұмғандардың басым бөлігі де осы аймақтың тұрғындары саналады.
Қиыр Шығыстың зоологы Сергей Колчин Красноярск аймағында аюлардың шабуыл жасау жиілігі салыстырмалы түрде артқанын растады. Сарапшы, зоолог Константин Тирронен жағдайға әлдеқайда күрделі тұрғыдан баға берді. Ол аюлардың шабуылы артқанын айтып, дабыл қақты. Қос сарапшы да шабуылды ең алдымен аюлардың аш болуымен түсіндіруде. Биыл Ресейде жаңғақ пен жеміс-жидек аз болып, аюлар тоя тамақ ішпеді және қысқа қор жинап үлгермеді дейді мамандар.
Сарапшы Колчин Ресейдегі орман өрттері аюларды өмір сүру аясынан айырғанын, енді жыртқыштардың елді-мекен маңына жақын қоныстануына тура келгенін айтуда. «Аюлар ауылды аймаққа кіріп, тамақ іздеуде. Қоқыстарды ақтаруда. Бұл сөзсіз жыртқыш пен адамның бетпе-бет кездесуіне әкеледі. Оның соңы әдетте қайғылы сценариймен аяқталады», - дейді сарапшы Колчин.
Сарапшы Тирронен болса, аюлардың қысқы ұйқы алдында май қорын толтыруға тырысып жатқанын айтты. Олар аюлардың саны көп еместігін, Ресей билігінің орман алқаптарын отау әрекеттері жыртқыштарды өз аймақтарынан ығыстырып жатқанын қынжыла айтуда.
«Ауыл маңындағы аюларды жаппай атып тастаудан еш пайда жоқ. Мәселе аюлардың ауылға не үшін кіргенінде ғой. Біріншіден, олардың өмір сүру ортасын жойып жатырмыз. Олар аш, тамақ іздеуде. Екіншіден, аюлар ең алдымен қоқыс төгетін орындарға топтасуда. Ал ондай орындар ауыл-аймаққа жақын орналасқан. Демек, аюларды ауылды аймаққа жақындатқан өзіміз. Олардың біреуін атып тастасаң, екіншісі келеді. Өйткені біз мәселені шешіп отырған жоқпыз, салдарымен күресудеміз. Кей аюды атқан сәтте, оларды өлтірмей, жаралауымыз мүмкін. Ал жаралы жыртқыш адам үшін әлдеқайда қауіпті», - дейді Тирронен.
Мамандар аюларды жаппай қыру әрекеті тоқтауы тиіс дейді. Бұл Ресейдегі аюлардың популяциясын күрт азайтуы мүмкін. Қазірдің өзінде ресейлік аңшылар мыңға жуық аюды атып тастаған.
Mezgil.kz