Германияға сапар: Қазақ-Герман достығынан Украинадағы соғысқа дейін...

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барып, Герман президенті, Герман канцлері және бизнес қауымдастықпен жеке-жеке жолықты. Астана мен Берлин арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдетуді көздеген бұл сапардың аясында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды.

1790752171704190.jpg

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Қазақстан президенті Украинадағы соғыс тақырыбына да тоқталып, Қазақстанның ресми ұстанымын жеткізді. Ресеймен еларалық қарым-қатынастар жайын сөз етіп, тараптарды «соғысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді бастауға шақырды».

Енді осыларды рет-ретімен баяндайық...

ГЕРМАНИЯНЫҢ БИЗНЕС ТӘЖІРБИЕСІ ҺӘМ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ӘЛЕУЕТІ

Кеше, 29 қыкүйекте президент Тоқаев Германияның бизнес өкілдерімен жолықты. Бұл кездесуде Тоқаев Германия қаржысын, тәжірибесі мен тәуекелді басқару тетіктерін Қазақстанның ресурсымен және көлік саласындағы мүмкіндіктерімен ұштастыру мәселесін талқылады.

Орталық Азия – қазіргі жаһандық қақтығыстар дәуірінде Шығыс пен Батысты жалғаушы маңызды логистикалық-транспорттық торабқа айналды десек, сол географиялық аймақтың басты ойыншысы – әлбетте Қазақстан.

– Халқымыз Германияға айрықша құрметпен қарайтынын, абырой-беделі жоғары мемлекет деп білетінін атап айтқым келеді. Банк секторындағы темірдей тәртіпке, инженерлік шешімдердің жоғары сапасына, шағын және орта бизнестің орнықтылығына (Mittelstand) тәнтіміз. Экономикамызды жаңғырту мен технологиялық тұрғыдан трансформациялау үдерісінде дәл осы ерекшеліктерді үлгі тұтамыз. ГФР – Еуропадағы басты серіктестеріміздің бірі. Еліміздің ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі – Еуропалық одақпен ықпалдастықта қазақ-герман ынтымақтастығының маңызы зор. Біз үлкен жолды еңсердік. Әйтсе де экономикалық байланысымыздың әлеуеті мұнымен түгесілмейді. Қазақстан оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Расында, Қазақстан мен Германияның өзара алыс-берісі жаман емес. Десе де, оның арттырудың әлеуеті де жоғары. Сол себептен де, президент Тоқаев осы жолы «Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды» ұсынды.

Президенттің айтуынша, аса маңызды материалдар саласындағы ықпалдастыққа ерекше мән берген жөн. Қазақстан Германияның «Шикізатпен қамтамасыз ету қорымен» ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделі. Сондай-ақ UFK кепілдігін беретін шарттарға сай және Германия өнеркәсібіне қажетті шикізат жеткізуге септігін тигізетін жобаларды ілгерілету де – еліміз үшін маңызды.

Бұдан бөлек, энергетика және өнеркәсіп секторын жаңғырту, соның ішінде жаңартылатын қуат көздері мен «жасыл» сутегі жобаларын дамыту аса өзекті. Еуропа инвестициялық банкі мен Қазақстан даму банкі Германия капиталының қатысуымен аталған салалардың бәрінде өзара тиімді ынтымақтастық құра алады.

ҚАЗАҚСТАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ӨҢІРЛІК ХАБҚА АЙНАЛДЫ!

Талқыланған тағы бір маңызды тақырып – цифрлық инновация және жасанды интеллект саласындағы серіктестік.

Alatau City қаласы да Германияның бизнес өкілдеріне инвестнысан ретінде ұсынылды.

– Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды қала» әуел бастан цифрлық дәуірдің барлық талаптарын сақтай отырып жобаланды. Ол неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады, – деді Президент.

Бұл кездесуден соң Қазақстан президенті Германияның ірі бизнескомпанияларының басшыларымен жеке-жеке қабылдау өткізді. Әр кездесуде әртүрлі тақырыптар талқыланды. Соның ішінде, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, заманауи үлгідегі порттар салу, Ақтау портындағы мультимодальды хаб құрылысына қатысу, теміржол секторын жаңғырту т.б. тақырыптар қамтылды.

ТОҚАЕВ: ГЕРМАНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АДАЛ ДОСЫ!

Онан соң президент Тоқаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен жолықты. Келер жылы Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестіктің орнағанына 35 жыл. Бұл аз уақыт емес.

Сандеректер не дейді? Екі ел арасындағы экономикалық байланыстар қалай өрбуде? Қараңыз:

2025 жылы екіжақты тауар айналымы 4,5 миллиард долларға жеткен. Қазақстанда неміс капиталы бар 1400-ден астам компания тіркелген. 20 жыл ішінде Германиядан тартылған инвестицияның жалпы көлемі 8 миллиард долларды құраған. Бүгінде ортақ портфельде жалпы құны 54 миллиард доллардан асатын 40 инвестициялық бастама бар. Оның ішінде 21 жоба жүзеге асқан.

Осы жолғы Тоқаев-Штайнмайер жолығуынан соң Қазақстан мен Германия «Бірлескен декларация» қабылдады. Тоқаев Германия президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Президент мырза, Сізді Қазақстанның адал әрі сенімді досы, халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде жоғары бағалаймыз. Қазақстан мен Германия арасындағы достықты нығайтуға, ынтымақтастығымызды жандандыруға қосқан қомақты үлесіңізді ескере отырып, Сізге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыстаймын. Бұл марапатты қазақ халқының айрықша құрметі мен шынайы ризашылығының белгісі ретінде қабыл алыңыз, – деді Мемлекет басшысы.

Франк-Вальтер Штайнмайер:

– Мен үшін Қазақстан халқының орны ерекше. Елдеріміз бұдан да биік табыстарға жетеді деп ойлаймын. Қазақстанға сапарымды ықыласпен еске аламын. Екі елдің мызғымас достық байланыстары ұзақ жылдарға ұласатынына сенімдімін, – деді Германия Президенті.

Онан әрі Қазақстан мен Германияның ірі бизнес форумы ұйымдастырылды. Оған қос елдің президенттері де қатысты.

– Қазақстан Германияны уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Біз Германияның экономикалық жетістіктеріне және өнеркәсіп мәдениетіне зор құрметпен қараймыз. Қанша буын алмасса да, «Made in Germany» бренді сапаның, инженерлік кемелдіктің, дәлдік пен жауапкершіліктің символы болып келеді. Германияның экономикасы қуатты елге айналуына оның халықаралық корпорациялары ғана емес, сонымен қатар орта бизнес кәсіпорындары (Mittelstand), білікті кадрлары, ғылыми әлеуеті мен бірегей өндіріс мәдениеті үлес қосты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ШТАЙНМАЙЕР: ҚАЗАҚСТАН – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ БАСТЫ СЕРІКТЕСІМІЗ!

Президент Германия Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасында айрықша рөл атқаратынына назар аударды. ЕО – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі, ал Германия – еліміздің Еуропамен экономикалық ықпалдастығын өрге сүйрейтін қозғаушы күш іспеттес.

Мемлекет басшысы аса маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Қазақстанда Еуропалық одақ стратегиялық ресурс ретінде таныған 34 шикізат түрінің 21-і бар. Президенттің пікірінше, ауыл шаруашылығындағы серіктестікті кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар.

– Германияға сенімді және бір бағытқа тәуелді болмайтын шикізат жеткізу жолдары қажет. Ал Қазақстан қосылған құны жоғары өнім тізбегін қалыптастыру үшін инвестиция мен озық технологияға мүдделі. Осыған арқа сүйеп, мықты стратегиялық синергия жасауға болады. Геологиялық барлаудан және кен өндіруден бастап оны өңдеу және Қазақстанда жоғары технологиялық материалдар шығару сатыларын толық қамтитын ірі жобаларды айқындау ынтымақтастықтың келесі кезеңі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форумда сөз сөйлеген Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер:

– Қазақстан – Орталық Азиядағы басты сауда серіктесіміз. Оған осы кездесу қорытындысы бойынша қол қойылатын келісімдер дәлел. Федералдық Президент ретінде дамып келе жатқан өңірлік державалармен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыламын. Германия капиталын, технологиясы мен өнеркәсіптегі тәжірибесін ұсына алады. Ал Қазақстанда табиғи ресурстардың мол қоры, орасан зор өсім әлеуеті бар. Ең бастысы, бұл ел Еуропа пен Азия арасында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, – деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

ТОҚАЕВ ПЕН МЕРЦ КЕЗДЕСТІ: ҚАЗАҚСТАН БЕЙБІТШІЛІКТІ ЖАҚТАЙДЫ!

Осыдан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы ыстық ықыласы үшін Германия Канцлеріне ризашылығын білдірді. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фридрих Мерц БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады.

Қазақстан президенті мен Германия канцлері аймақтық және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

– Біз кез келген шиеленісті бейбіт және дипломатиялық жолмен шешу қажет деп есептейміз. Бұл – екі елге де ортақ ұстаным. Сонымен қатар біз «Орталық Азия – Германия» форматындағы диалогті одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Германиямен ұзақмерзімді, өзара тиімді және нақты нәтижеге негізделген стратегиялық серіктестікті күшейте түсуге ниетті, – деді Мемлекет басшысы.

БАҚ өкілдерімен кзедесуде Германияның «ARD» телеарнасының тілшісі Демиан фон Остен Тоқаевтан Омбы қаласында айтқан «соғысты уақытша доғару» туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, Ресейдегі қазіргі ахуалға баға беруді сұрады.

– Бүгін мен Владимир Путин Ресей басшысы әрі мемлекет қайраткері ретінде Орталық Азия мен Еуропаға, оның ішінде Қазақстанға, жалпы тұтас әлемге оңтайлы саяси тұлға екенін анық айттым. Бұл Сізге тосын болса да, турасы сол.  Мен оны өте жақсы білемін. Оның бойынан тарихы қым-қиғаш алып елдің басшысына тән қасиеттердің бәрі табылады. Ел алдында тұрған күрделі стратегиялық мақсаттарды өзінше түсінеді.

Әрине, Украинадағы жағдай бәрімізді алаңдатады. Мен әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді, – деді Қазақстан президенті.

Ал осы кездесуден соң Мемлекет басшысы Германияның маңдайалды жоғары оқу орындары  ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен кездесті.

Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. 2 мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алады. Қазіргі кезде елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі  бар.

Президент Тоқаевтың Германияға жасаған ресми сапарының бірінші күні осылай аяқталды...

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар