Сирия көрген сергелдең: Аш-Шараа шара таппай шарқ ұруда...

Сирия бұлғақ пен сергелдең еліне айналды дегенді осыдан он-он бас жыл бұрын айтушы ек. 2024 жылдың желтоқсаны басталған кезде Дамашықта үлген өзгерістер орын алды. Елді 50 жылдан аса уақыт бойы алмаса басқарған әкелі-балалы Асадтар әулетінің билігі аяқталып, экс-президент Башар елден босып қашты.

1789553322444239.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

СИРИЯ – БҰЛҒАҚ ПЕН СЕРГЕЛДЕҢ ЕЛІ...

Ұзақ жылдар бойы соғыстан көз ашпаған, санкция қос бүйірін соққан, халқы сиырдың бүйрегіндей қырық бөлікке бөлініп, бірлігін жоғалтқан, адамдары тұрмыстың тауқыметін тартқан, өркениеттен шеттеген, қазақшалап айтқанда «қарайып қалған» Сирия жұрты осыдан соң жаңа өмірге бет бұра бастаған.

Ахмед аш-Шараа бастаған топ ел билігін қолға мықтап алып, өзге ру-тайпалар мен қарулы топтарды бірде диалог, дипломатия арқылы, енді бірде күшті жұдырық арқылы бір орталыққа ұйыстыруға тырысып жатты. Асадтар билігі бір бағыттық сыртқы саясатты ұстанып, Ресейдің әскери, қаржылай қолдауына ғана иек артса, Аш-Шараа көшінің басын Батысқа қарай бұрды.

Сирия бұл – Таяу Шығыста орналасқан мемлекет. Ливан және Израильмен оңтүстік-батыста, Иорданиямен оңтүстікте, Ирақпен шығыста және Түркиямен солтүстікте шекараласады.

БҰҰ мәліметтері бойынша: Сирия халқының саны 26,5 млн адамды құрайды. Олардың 90 пайызы арабтар. Ал 9 пайызы күрділер.

ТОҚТАУСЫЗ ТӨҢКЕРІСТЕР

Сирияда тәуелсіздік алғаннан осы күнге дейін ең кемі 10 мәрте әскери төңкеріс билік ауысумен аяқталған екен.

1949 жылы 3 мәрте төңкеріс болған. Біріншісін – 1949 жылдың наурызында Хусни әз-Зайым жасаса, екіншісін – сол жылы тамызда Сами әл-Хиннауи жасапты. Ал үшіншісін – желтоқсанда Әдіб аш-Шишқалы көтерген.

Онан соң 1954 жылы әскерилер көтеріліп, Шишқалының билігін төкерген. Кейін 1961 жылы Сирия мен Мысырдың арасына сызат салған тағы бір әскери төңкеріс тарихқа қатталды.

Ал 1963 жылы «Баас» партиясы революция жасаса, 1966 жылы сол «Баас» партиясының өз ішінде әскери төңкеріс болды. Онан әрі 1970 жылы Хафез Асад бастаған төңкеріс болып, Асадтар әулетінің 54 жылдың билік ғұмыры басталды. Әрі қарай да тоқтаған жоқ. Түрлі діни топтар 1976-1982 жылдлар аралығында бірнеше мәрте бас көтергенімен, Асад билігі оларды басып-жаншып тастап отырды.

Осылардың кульминациясы 2011-2024 арылығы. Бұл кезеңде Сириядағы революциялық толқулар толассыз жүріп жатты. аяғы азамыттық соғысқа ұласып, 2024 жылдың 8 желтоқсанында Башар Асад билігі ойсырай жеңілді.

Содан бері Сирияда жаңа билік сайланған жоқ. Ахмед аш-Шараа бастаған топ елдің өтпелі билігін басқарып келе жатыр. Ал қарулы қақтығыстар әлсін-әлсін бой көрсетуде. Мысалы, 2026 жылдың қаңтарындаАш-Шараа әскері ауқымды әскери операция ұйымдастырып, күрділердің «Сирияның демократиялық күштері» тобын келісімге мәжбүрледі. Сөйтіп, күрділер Сирияның ортақ армиясына қосылатын болды.

ҚЫРКҮЙЕКТЕГІ ДҮРБЕЛЕҢ: СИРИЯ ХАЛҚЫ НЕГЕ КӨТЕРІЛДІ?

Қыркүйектің 13-і күні Сирия үкіметі дизель отынының бағасын 40 пайызға, жанармай бағасын 28 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. «Шығайын деп тұрған шиқан еді», - дегендей, осыдан соң Сирияның бірнеше провинциясында халықтық көтерілістер бұрқ ете қалды.

Билік: «Бұл шешімнің уақытша екенін, олай жасауға әлемдік нарықтағы ахуал мен отын тапшылығы әсер еткенін» айтып ақталып көрді. Сирияның Эенергетика министрі Мұхаммед әл-Баширдің айтуынша: Сирия қазір тәулігіне 102 мың баррель мұнай өңдеуде. Ал ішкі нарықтағы қажеттілік 325 мың баррельді құрайды. Сондықтан, Сирия қазір мұнай шикізатын  немесе мұнай өнімдерін сырттан импорттауға мәжбүр болып отыр.

Осылайша Сирияда жанармай дағдарысы ушыға түсті. Елдің энергетикаға жауапты министрлігі «жағдайдың аса ауыр екенін», «бағаны шарасыздықтан көтергенін» айтуда. Ал Сириядағы мұнай өңдеу саласы соғыстан кейін тоқырап тұр. Энергетика секторына лаңкестік шабуылдар жиілеп кеткен. Сирия ұзақ жылдар бойы мұнай өнімдерін Ираннан, кейін Ресейден алып келген. Ахмед аш-Шараа билікке келген соң Сауд Арабиясы Дамашықтың бас «демеушісі» болатыны айтылған.

Қазір Сирияда 2 МӨЗ бар. Бірі - Хомста, екіншісі - Баниаста. Екеуінің жалпы қуаты тәулікте 250 мың баррельді өңдеуге жетеді. Оынң үстіне, Баниастағы МӨЗ толық жұмыс істемейді. Модернизациялау жобасы бюджет тапшылығына байланысты тоқтап қалған.  Ормуз тұралап ол тұр. Иранның да, Ресейдің де жағдайы кісі қызығарлық дей алмаймыз. Елі дүрліккен Дамашық қазір Ормузға балама бағыт ретінде өз территориясын ұсынуда. Атап айтқанда, Киркук - Баниас мұнай құбыры бар. Соны қайта қалпына келтіріп, Парсы шығанағы елдерінің мұнайын Сирия аумағы арқылы Жерорта теңізіне шығаруды ұсынған. Бұл жоба да қазір ұсыныс күйінде қалып тұр. Осылайша, Аш-Шараа тағы да шарасыз күйге түсуде…

Қазір «отын бағасының қымбаттауы басқа да тауар бағасын өсіреді» деп сенген ел тұрғындары көшеге шығып, автокөлік шиналарын өртей бастады және тасжолдарды бұғаттады. Наразылық акциялары туралы хабарлар Алеппо арқылы Түркияға апаратын тасжол бойындағы Хама, Хан-Шейхун және Маарат-әл-Нуман қалаларынан, Дамашық төңірегіндегі Азаз бен әл-Бабтан, елдің шығыс бөлігіндегі Ракка, Дейр-әз-Зор және Хасакадан, сондай-ақ Сирия Күрдістанының солтүстік-шығысындағы Камышлыдан және басқа да елді мекендерден айтылуда.

Наразылыққа шыққандардың қолдарында: «Ашаршылық саясатына жол жоқ!», «Отын бағасының өсуіне жол жоқ!», «Жанармай — халыққа!» деген жазуы бар плакаттар бар.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар