Санкция қысты. Ұшақ жоқ: Ресей жұрттан ұшақ сұрап, жалынып жүр...

Украинадағы соғыс салдарынан және Мәскеуге салынған санкциялардың салдарынан өз авиациясы тұралап қалған  Ресей билігі «Wet lease» (әуе кемесін экипажымен бірге жалға алу) мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұрын ЕО мен АҚШ-тың авиакомпаниялары ресейлік тасымалдаушыларға ұшақты ғана емес, оның экипажын, техникалық қызмет көрсетуін және сақтандыруын қоса қамтитын келісімдер ұсынатын.

1789117111587535.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ВЬЕТНАМҒА АЛАҚАН ЖАЙҒАН РЕСЕЙ

Авиация саласында мұндай келісімдер ACMI деп аталады:

A — Aircraft (әуе кемесі)

C — Crew (экипаж)

M — Maintenance (техникалық қызмет көрсету)

I — Insurance (сақтандыру)

Бұл мүмкіндіктерден жұрдай болған Ресей билігі енді Вьетнаммен жергілікті әуе компанияларының ұшақтарын ресейлік тасымалдаушыларға жалға беру (экипажымен және техникалық қызметімен бірге) туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Ресейдің Көлік министрі Андрей Никитин хабарлады.

Ресейлік тарап вьетнамдық әріптестеріне тиісті ұсыныстар жолдаған, қазір ол ұсыныстар қаралу үстінде. Министр екі ел арасындағы туристер ағынының айтарлықтай өскенін, ал әуе қатынасындағы өсім өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жуық артқанын айтады. Мәскеудің пайымынша, Вьетнам әуе компанияларының ұшақтарын Ресей нарығына тарту екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейтіп, тасымал көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

РЕСЕЙ НЕГЕ ШЕТЕЛДІК ҰШАҚ ІЗДЕП ЖҮР?

Алайда бұл мәселенің екінші қыры да бар. Ресей азаматтық авиациясының негізгі мәселесі — елдің әуе паркі ұзақ уақыт бойы шетелдік өндірушілерге тәуелді болып келгендігінде. Әсіресе «Boeing» пен «Airbus» ұшақтары ресейлік азаматтық авиация флотының басым бөлігін құрайды.

Соғыс басталғаннан кейін енгізілген халықаралық санкциялар Ресейдің жаңа шетелдік ұшақтарды сатып алуына ғана емес, оларды жөндеуге, қажетті түпнұсқа қосалқы бөлшектерді алуға да кедергі келтірді.

Сондықтан Мәскеу соңғы жылдары бұл мәселені айналып өтудің түрлі жолдарын қарастырып келеді. Соның бірі — «wet lease», яғни, ұшақты экипажымен, техникалық қызмет көрсетуімен және операциялық қолдауымен бірге жалға алу.

Ресей бұған дейін Орталық Азия елдерімен, Катармен, Кувейтпен және Эфиопиямен осындай келісім жасасуға тырысқан еді.

Мәселен, Эфиопия тарапы 2025 жылдың жазында Ресейдің бұл ұсынысынан бас тартты. Эфиопия билігі ұлттық «Ethiopian Airlines» компаниясына ұшақтарды жалға беру жөнінде тікелей нұсқау беруге өкілеттігі жоқ екенін айтып, ұсыныстан бас тартты. Бұған қоса, АҚШ-тың қайталама санкцияларына ұшырау қаупі де ескерілді. Ал басқа мемлекеттердің әуе компанияларымен «wet lease» бойынша нақты келісім жасалғаны әзірге жарияланған жоқ.

РЕСЕЙ АВИАЦИЯСЫНДАҒЫ ПРОБЛЕМА ҚАНШАЛЫҚТЫ ТЕРЕҢ?

Ресейлік «Коммерсантъ» басылымының есептеуінше, ірі ресейлік әуе тасымалдаушыларының қолындағы ұшақтардың шамамен 20 пайызы қазір бұзылып, ұшпай тұр. Ресейдегі жолаушылар тасымалының 90 пайыздан астамын қамтамасыз ететін 11 компанияның паркінде жаз айларында 673 ұшақтың 130-ы рейске шықпаған.

Ал «Аэрофлотты» есептемегенде, Ресейдегі басқа 8 әуе компаниясында жағдай одан да күрделі: 322 ұшақтың 93-і, яғни үштен біріне жуығы тоқтап тұр. Бұл — жай ғана статистика емес. Ұшақтардың бұлайша ұшпай қалуы рейстер санына, билет бағасына, әуе компанияларының шығынына және азаматтық авиацияның жалпы тұрақтылығына тікелей кері әсер етеді.

2025 жылдың сәуірінде Владимир Путин ресейлік әуе компанияларына шетелдік фирмалардың ұшақтарын «wet lease» тәртібімен жалға алуға рұқсат беретін жарлыққа қол қойды. Бұған дейін мұндай тәжірибе тек Ресейдің ішкі әуе тасымалы аясында ресейлік компаниялар арасында ғана қолданылатын.

Бұл шешімнің өзі Ресей авиациясының шетелдік техникаға тәуелділігін азайту мәселесінің қаншалықты ушығып тұрғанын көрсетеді.

Мәселенің түйіні мынада: Ұшақтың өзін сатып алу — мәселенің бір бөлігі ғана, ал оны ұзақ мерзім бойы қауіпсіз пайдалануға қажетті қозғалтқыш, авионика, қосалқы бөлшек, бағдарламалық қамтамасыз ету және техникалық қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру — әлдеқайда күрделі процесс.

Сондықтан Ресейдің Вьетнамға жүгінуі — тек екі ел арасындағы туристік байланысты кеңейту әрекеті емес. Оның астарында Ресейдің азаматтық авиациясында қалыптасқан технологиялық және сервистік тәуелділікті сыртқы ресурстар арқылы уақытша болса да жабу талпынысы жатыр.

ВЬЕТНАМ ҮШІН БҰЛ ҰСЫНЫСТЫҢ ТӘУЕКЕЛІ ҚАНДАЙ?

Егер Вьетнам әуе компаниялары Ресей нарығына ұшақтарын экипажымен бірге шығарса, бұл экономикалық тұрғыдан тиімді келісім болып көрінуі мүмкін. Бірақ халықаралық санкциялар жағдайында мұндай қадамның саяси және құқықтық тәуекелдері аса жоғары. Өйткені мәселе ұшақты жай ғана жалға берумен шектелмейді: Оған кейінгі техникалық қызмет көрсету, сақтандыру, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету және санкциялық режим талаптарын сақтау сияқты маңызды факторлар кіреді.

Сондықтан Мәскеудің бұл ұсынысына Ханойдың беретін жауабы екі ел үшін де үлкен сынақ болмақ.

Шын мәнінде, Ресей өз өндірісін дамытып, импортқа тәуелділікті азайтуға ұмтылғанымен, азаматтық авиациядағы күрделі технологиялық тізбекті қысқа мерзімде толық алмастыру мүмкін емес. Сондықтан Мәскеудің «өз ұшағымызды өзіміз жасаймыз» деген стратегиялық мақсаты мен бүгінгі таңдағы нақты қажеттілігінің арасында үлкен алшақтық туындап отыр.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар