«Украинаға ауыз салған Ресейдің импершіл билігі мұнымен тоқтамай, алда Еуропамен иық тіреседі» деген негативті болжамдар жиілеген тұста Латвия дейтін алақандай ғана мемлекет Ресейге қарата Балтық жағалауынан батыл-батыл қадамдар жасай бастады.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
МӘСКЕУ МЕН МИНСКІ ПРОПАГАНДАСЫ МЕН КІТАПТАРЫНА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ!
Латвия билігі кремльдік үгіт-насихаттың қаупін ескеріп, ресейлік және беларусь кітаптары мен пропагандалық БАҚ-тарына тыйым салды. Нақтылап айтсақ – Латвия ресейлік тұтыну тауарларын, соның ішінде, кітаптар мен басқа да баспа өнімдерін импорттауға тыйым салған Еуропадағы алғашқы мемлекет болды.
Ел билігі бұл қадамды – «Кремльдің дезинформациясы мен гибридтік соғысынан қорғану шарасы» деп түсіндірді.
Латвия Ішкі істер министрлігі: «Жалған ақпарат пен соғыс үгіт-насихатына» қарсы күреске байланысты елімізге Ресей мен Беларусьтен кітап, газет және өзге де баспа материалдарын әкелуге тыйым салынды. Бұл шешім ЕО мен НАТО-ға мүше басқа елдердің де Мәскеу тарапынан төнетін ақпараттық соғысқа қарсы әрекет ету тәсілдеріне әсер етуі мүмкін», - деп мәлімдеді.
Ал Латвияның Сыртқы істер министрлігі: «Мұндай ақпараттық импортқа тыйым салу – Латвияның қауіпсіздік мүдделерін қорғауға және Украинаға қарсы агрессивті соғысты жүргізіп отырған Ресей мен Беларусьпен экономикалық байланыстарды одан әрі қысқартуға бағытталған шара», - деп мәлімдеді.
ЛАТВИЯ ҚАНДАЙ МЕМЛЕКЕТ?
Балтық жағалауында орналасқан Латвия – НАТО мен Еуропалық одаққа мүше мемлекет. Сонымен қатар, Латвия Ресеймен де, Беларусьпен де шекараласатын ел. 2022 жылғы Мәскеудің Киевке қарсы оккупациялық соғысы басталған күннен-ақ, Рига Украинаны ашық қолдап, Ресейге қарсы позицияны ұстанды. Күні бүгінге дейін, Рига бұл позициясынан айныған жоқ.
Риганың мәлімдеуінше – бұл соғыс басталғалы-бері Латвияға қарсы Ресей тарапынан «гибридтік шабуылдар» толастаған емес. Соның ішінде, кибершабуылдар жиілеген. Ал Мәскеу дрондары бірнеше мәрте Латвияның әуе кеңістігін өрескел бұзып кірген. Осылардың ішінде ең қауіптісі – Мәскеудің нұсқауымен болып жатқан дезинформациялық науқандар.
Осыған байланысты Латвия өзін «Кремльдің кезекті нысанасы болуы мүмкін» деп есептейді. Дейтұра, Латвия аумағында орыс тілді қауымдастық та жоқ емес.
«Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, Латвия тұрғындарының 4/1-і өздерін этникалық орыс деп есептейді», - деп жазады «Еuronews» басылымы. Соған қарамастан, Рига Ресейдің пропагандалық шабуылдарына және Мәскеудің агрессивті сыртқы саясатына қатысты қатаң позициясын сақтап келеді. Мұнымен қоймай, Киевке әскери, қаржылық және саяси қолдауды бір сәтке де тоқтатпаған.
Бұл – Латвия билігінің Мәскеуге қарсы алғашқы мінез көрсетуі емес. Бұған дейін де Латвия ел ішіндегі орыс тіліндегі басылымдар үшін ҚҚС (қосылған құн салығы) бойынша салықтық жеңілдіктерді жойып, мектептерде орыс тілінде білім беруді азайта бастаған еді. Билік бұл қадамдарды Кремльдің ішкі істерге араласуына жол бермеу және орыстілді тұрғындарды қоғамға жақсырақ интеграциялау қажеттілігімен түсіндіреді.
ЛАТВИЯНЫҢ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ ҚАТАЛ ШАРАЛАРЫ
1) Жоғарыда айтқанымыздай, Латвия 2022 жылы Украинаға қарсы толық ауқымды соғыс басталғалы-бері Ресейге қарсы санкцияларды күшеуті ашық қолдап, ЕО-ны Ресеймен барлық дипломатиялық һәм экономикалық байланыстыды толық үзуге шақырған.
2) Өзі де 2022-2026 жылдар аралығында Ресейге қатысты бірсыпыра қатал шаралар қабылдаған. Соның ішінде: Ресейден импортты 90 пайызға шектеп, экономикалық байланыстарды азайтқан. 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап – Ресейдің кітаптарына, баспа өнімдеріне, киімдеріне, аяқ-киімдеріне, ойыншықтарына, бейне өнімдеріне, спорт тауарларына толықтай тыйым салды. Бұл санкция 2027 жылдың шілдесіне дейін күшінде болады және Ресейден аталған тауар түрлерін үшінші ел арқылы импорттауға да тыйым салынды.
3) Онан соң, Латвия билігі – Ресей мен Беларусьтің азық-түлік және ауыл шаруашылық тауарларына да тыйым салды.
4) Латвия Ресейдің энергоресурстарынан да бас тартты. Атап айтқанда – табиғи газ бен мұнай өнімдерін импорттауға тыйым салды.
5) Сонымен қатар, Латвия Ресей азаматтарына туристік визалар беруді тоқтатты. Оған қоса – шенген визасы арқылы Латвия аумағынан ЕО-ға кіруге де тыйым салды. Ол аз десеңіз – Латвияда ресейлік номерлі көліктердің жүруіне рұқсат жоқ. Мұндай көліктер анықталған жағдайда бірден тәркіленеді және Украинаға беріледі.
6) Латвия билігі ел аумағында уақытша тіркеуде тұрған Ресей азаматтарына латыш тілінен емтихан тапсыруды және латыш тілін ең кемі А2 деңгейінде білуге міндеттеді. Оны білмегендер, елден қуылады.
7) Латвия билігі сондай-ақ, қос азаматтығы барлар мен Ресейдің басқыншылық соғысын қолдаушыларды бірден азаматтықтан айырып, депортациялауға шешім қабылдады.
8) Латвия билігі «георгий лентасына», «Z» және «V» секілді Ресейдің басқыншылық соғысының символикаларына да тыйым салды.
9) Сонымен қатар Латвия билігі елдегі барлық Ресей телеарналары мен интернет-порталдарын жапты. Елдегі барлық білім беру латыш тіліне ауыстырылды.
10) Латвия билігі елдегі советтік ескерткіштер мен мемориалдарды да бұзды. Соның ішінде Ригадағы әйгілі «Азат етушілер» ескерткіші де демонтаждалды.
Міне, осылайша алақандай ғана Латвия өзінен шоң Ресейге мінез көрсетуде...
Mezgil.kz