Путин мойындады: Украина 100 кемемізге соққы жасады!

Ресей президенті Владимир Путин Украина 40 күн ішінде шамамен 100 ресейлік кемені зақымдады деп мәлімдеді. Ол бұл шабуылдардан келген экономикалық шығынды Ресейдің ЖІӨ-нің шамамен 1 пайызына тең деп бағалады. Соңғы айларда Украина Қара және Азов теңіздерінде ресейлік кемелерге үздіксіз соққы жасаумен болды.


ChatGPT Image 2 сент. 2026 г., 13_15_30.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Владимир Путин бұл мәлімдемені 1-қыркүйекте Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінен кейін журналистермен сөйлескен кезде жасады. Ресей президентінің айтуынша, Украина алғашқы екі аптаның өзінде шамамен 40 кемені зақымдаған, ал 40 күннің қорытындысында бұл көрсеткіш 100-ге жуықтаған. Оның сөзін Ресейлік ақпарат құралдары да жариялады.

 

2026 жылдың шілдесінде Украина Ресейдің Азов теңізіндегі логистикасына шабуылдарын күрт күшейтті. Reuters агенттігінің дерегінше, 5–14 шілде аралығында украин арнайы операциялар күштерінің «Birds» бөлімшесі Азов теңізіндегі 116 кемені нысанаға алғанын хабарлаған. Олардың ішінде танкерлер, жүк кемелері, буксирлер, паромдар болды. Шабуылға ұшыраған ондаған кеме тұтастай жанып кеткен. 

 

Reuters жазғандай, Азов теңізіндегі шабуылдардың нысаналары Ресейдің «feeder fleet» деп аталатын шағын танкерлері мен жүк кемелері болды. Олар Волга-Дон каналы және Азов теңізі арқылы мұнай, жанармай және басқа да жүкті тасымалдауға қатысады. Осылайша Украина оккупациядағы Қырымға жүк тасуды қиындату операциясын іске асырды.

 

Азов теңізі Ресей үшін астық экспорты тұрғысынан да маңызды. Reuters дерегіне сәйкес, бұл бағыт бойынша Ресей астық экспортының шамамен 25 пайызын іске асырады.

 

Халықаралық теңіз ұйымы IMO 13-шілдеде Қара және Азов теңіздеріндегі халықаралық сауда кемелеріне жасалған шабуылдарға байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Ұйымның бас хатшысы Арсенио Домингес геосаяси қақтығыстар жағдайында азаматтық сауда кемелеріне жасалған негізсіз шабуылдарды айыптап, мұндай әрекеттер теңізшілердің өміріне қауіп төндіретінін, навигация қауіпсіздігін және әлемдік жеткізу тізбектерін бұзатынын айтты. IMO барлық тараптарды халықаралық құқықты сақтауға және теңізшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

 

Теңіздегі кез келген шабуылдың салдары тек Ресей немесе Украинамен шектелмейді. Қара теңіз арқылы астық, мұнай, тыңайтқыш, металл және басқа да стратегиялық тауарлар тасымалданады. Кемелердің қауіпсіздігі нашарлаған сайын сақтандыру бағасы өседі, бағыттар өзгереді, порттардағы кезек көбейеді және жүк тасымалдау құны қымбаттайды.

 

Ресей де Украина порттарына үздіксіз соққы жасауда. Украинаның Қалпына келтіру, инфрақұрылым және аумақтарды дамыту министрлігінің мәліметінше, тек 2026 жылдың шілдесінде Ресей Украинаның портты инфрақұрылымына 67 шабуыл, порттағы азаматтық кемелерге 35 шабуыл және Украинаның теңіз дәлізімен жүзген кемелерге 22 шабуыл жасаған. Ресейдің украин порттарына жасаған шабуылдары Киевтің экспорттық мүмкіндігіне тікелей әсер етеді. Украина астықтың шамамен 90 пайызын теңіз арқылы тасымалдайды. Қазір Ресейдің соққыларынан кейін астық экспорты екі есеге азайды.

 

Сарапшылар Путиннің «украин дрондарының Қара және Азов теңізіне жасаған шабуылдары ЖІӨ шаққандағы экономикамыздың 1 пайызына жуық шығын әкелді» деген сөзіне талдау жасап, бұл өте үлкен шығын екенін айтуда. Бұл шамамен 26 млрд доллар деген сөз.

 

Ресейдің Азов теңізіндегі астық тасымалы шілдеде айтарлықтай азайды. Сарапшылар Ресейдің шілдедегі бидай экспорты 1,5 млн тонна шамасында болуы мүмкін деп бағалады. Бұл 2025 жылғы шілдедегі 2,1 млн тоннадан шамамен 30 пайыз төмен деген сөз. Осыған байланысты ресейлік диқандар да дабыл қағуда. Ал мамандар шығындар көлемі артатын болады дейді.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар