Қазақстанда саяси реформалардың заңды жалғасы ретінде жаңа конституциялық жүйеге өту процесі басталды.

(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы отырысында сөз сөйлеп, жаңадан жасақталған депутаттық корпус пен мемлекеттік органдардың алдында тұрған стратегиялық міндеттерді айқындап берді.
Президент өз сөзінде Ата заңның жаңартылған нормаларына сәйкес ел заңнамасын толық қайта қарау, заң шығару сапасын арттыру және қоғамда жаңа этикалық нормаларды қалыптастыру қажеттілігін баса айтты.
Цифрландыру: «E-Parliament» жүйесі
Президенттің атап өтуінше, жаңа конституциялық жүйеге өту кезеңінде басты назар заңнамалық базаны Ата заң принциптеріне толық сәйкестендіруге аударылуы тиіс. Заң шығару процесінің сапасын қамтамасыз ету мақсатында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және цифрлық шешімдерді енгізу ұсынылды. Осы орайда Мемлекет басшысының бастамасымен «E-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл платформа:
* Құқықтық саладағы тәуекелдердің алдын алуға;
* Цифрлық қызметтерді бірыңғай экожүйеге біріктіруге;
* Аналитикалық жұмыстың өнімділігін еселеуге мүмкіндік береді.
«Заң шығару – бұл өте жауапты жұмыс. Заңдар әділ, халыққа түсінікті және прогрессивті, яғни заман талабына сай болуы керек. Заңдар азаматтардың тағдыры мен өміріне тікелей әсер ететіндіктен, әрбір норма мұқият қаралып, жан-жақты талқылануы тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірінші сессияда қаралатын басты заң жобалары қандай?
Президент бірінші сессия барысында депутаттар бекітуі тиіс маңызды құжаттар топтамасын атап өтті. Заңнамалық бастамалар бірнеше негізгі бағытты қамтиды:
* Жасанды интеллектті орта білім беруге енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, «Digital Qazaqstan» стратегиясы, «Алтын виза» режимін енгізу және миграциялық саясатты жетілдіру.
* Жаңа «Бұқаралық кітапханалар мен кітап басу ісі туралы» заң жобасын әзірлеу, сондай-ақ жаңадан тағайындалған «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын берудің заңнамалық негізін қалыптастыру.
* Ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау, оларды өңірлік орталықтарда сапалы біліммен, медициналық және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету.
* Ақпараттық кеңістікті реттеу: 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне заңнамалық түрде тыйым салу бастамасын басым тәртіппен қарау, сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа қызметін реттеу.
* Энергетика саласының технологиялық орнықтылығын қамтамасыз ету және баламалы энергия көздерін дамыту.
Жаңа қоғамдық этика және кадрлық жаңару
Мемлекет басшысы саяси реформалардың басты нәтижесі — мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа буын өкілдерінің келуі екенін жеткізді. Жаңадан құрылған Құрылтай құрамында әйелдер мен жастардың үлесі айтарлықтай артқан.
«Конституциялық өзгерістердің түпкі мақсаты — биліктің барлық тармақтарында кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңаша ойлайтын, жасампаз азаматтарды тарту. Бүгінгі таңда ескірген көзқарастар мен арзан популизм ешкімге қажет емес. Жауапкершіліктен қашпайтын, нақты өзгерістерге қол жеткізе алатын батыл да білікті басшылар қажет», — деп атап өтті Президент.
Сондай-ақ Президент депутатарды қоғамдық орындарда негізсіз әрекеттерге жол бермей, елде жаңа қоғамдық этика мен мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруда үлгі болуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Абылай ханның кезеңінен бастау алатын ұлттық бірлік идеясын мысалға келтіріп, жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Үлкен бақыт – бірлікте», - деген сөзін тілге тиек етті. Бірінші шақырылымдағы Құрылтай халық пен мемлекет арасындағы сенімді алтын көпірге айналып, Әділетті Қазақстанды құру жолында нәтижелі жұмыс атқаруы тиіс.
Mezgil.kz