Саяси дебат: Абайды Абай еткен Құнанбайдың малы ма?

«Ақжол» мен «Республика» партиялары дебатқа түсті. Жалпы, өткен сайлауда «Республика» партиясы «Ақжол» партиясына қарағанда сәл көп дауыс алғаны болмаса, өзара тепе‑тең түскен бұл екі партияны дебаты эфирдегі уақытымен басталып, белгіленген уақытта аяқталды... Соңынан... «Біз не ұқтық, осы?» деген сұрақ көкейде қалып қойды...

1786429977265816.jpg

(Суреттер: Видео скрині.)

Ең алдымен, әрине, дебат мәдениетті қалыпта өрбіді, екі лидер: «Ақжол» партиясының төрағасы Дания Еспаева мен «Республика» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров бір‑біріне деген құрметтің жақсы өнегесін көрсете алды. Бұл – болашақ Құрылтайда болатын партиялар тайталасында жалғасын табады деп үміттенеміз.

Екіншіден, барлық сұрақтар қазіргі сайлауалды бәсекелестікке негізделгендіктен, біз партиялардың осы сайлауға арналған бағдарламаларынан аз ғана мағлұматқа қол жеткізе алдық. Әрине, жүргізушілер мұны телешоу ретінде қызықты етуге тырысты. Сондықтан, олар дебаттың саяси салмағына аса қатты назар аудармады десе де болады.

Мәселе, Республика партиясының бір өкілі өз баяндамасында (Олжас Куспеков болар) «Ақжол» партиясын пониге, яғни, мәстек атқа теңегенінен басталған екен. Әрине, саясаттан хабары жоқ адамға бір партияның екіншісін пониге теңеуі қызықты шығар. Ал, кәнігі  саясаткерлерге бұл қызық емес: шын мәнісінде ширек ғасырға жуық парламентте жүрген «Ақжол» партиясының алдында осыдан үш‑төрт жыл бұрын құрыла сала Мәжіліске өткен  «Республика» партиясының өзі «пони» екенін өздері байқамағандай...

Сондықтан, «Республика» партиясының «Нәтижеге жұмыс жасау керектігі» туралы пікіріне «Ақжол» жетекшісі Даная Еспаева түйдектете жауап берді: Кәсіпкерлер Кодексін қабылдатқызуы, Қылмыстық Кодекстен кәсіпкерлікке қатысты бірнеше рейдерлік заңдарды алып тастауға ықпал еткендері,  Банкротттық туралы заңның қабылдануы және т.т.

Ал, көп жерде «Республика» партиясы жетекшісі шет елдердің парламенттік және құқықтық нормалары туралы мәліметтерді келтіріп отырды. Бірақ, Трамптың мәселесі, Макрон мен өзге еуропалық лидерлердің тәжірибесін «қазақстандық платформаға» көшіре салу – керісінше әсер қалдырғанын айта кету керек. Өйткені, Қазақстанда 11 миллион партияда жоқтар барын ескермеу – саяси шикілікке жақын.

Айдарбек Қожаназаров өз кезегінде «Республика» партиясының «жаңа байлықты жасау үшін» күресетінін жеткізді. Сірә, оның «жаңа байлық» деп отырғаны жаңа өндірістер, жаңа жұмыс орындары дегені болса керек...

Бірақ, бұл мәселе қазір бұл екі партияның ғана емес, сайлауға қатысушы барлық партиялардың аузында жүрген мәселе болғандықтан – оның сөзі жұртты таңқалдыра алмады.

Керісінше, Дания ханымның «Елімізде көпбалалы отбасы мен жалғызбасты анаға көрсетілетін көмектер қатарына «Жас отбасыға көмек көрсету» идеясы көрермендерден қызу қолдау тапты. Бұл бағдарлама мына деректі алға тартады: Елімізде өткен жылы әрбір жаңа некелескен отбасылардың елу пайызы ажырасқан екен. Негізгі себеп – пәтерлерінің болмауы, пәтер аламыз деп кредитке кіріп, оны төлей алмай, отбасыда кикілжіңнің басталуы...

Сондықтан, жас отбасы кредитке пәтер алса, алғашқы бала туысымен, оның белгілі бір бөлігі қысқартылады, екінші баладан соң – тағы қысқартылады, ал, егер, отбасы төрт баланы өмірге әкелсе – кредиттері толығымен кешіріледі. Бұл сөзді жұрт овациямен қарсы алды...

«Республика» партиясы өзіне «жаңа күш, жаңа идея партиясымыз» деген баға берді...

«Ақжол» болса өзіне «біз тәжірибелі партиямыз, оны ұлттық мүддеде қолданамыз» деп баға берді.

Дебат аяқталуға жақын қалғанда Айдарбек Қожаназаров мырза сенсациялық жаңалық ашты: ол «Абайды «Абай еткен» Құнанбайдың малы. Ол мал болмаса, Абай жас кезінен мал бағып, Абай бола алмас еді» деді. Ендеше, біздің партия қазіргі заман Құнанбайларының көп болуы үшін күреседі», - деді.

Оны Дания ханым «Бұл күпірлік» (кощунство) деп бағалағандай болды, бірақ оның бұл сөзі шудан естілмей қалды...

Шынында да, Абайдың даналығын оның әкесінің малының көптігімен, жалпы, даналықтың пайда болуын байлықтан туындатамын деп, Айдарбек мырза қатты қателесті.

Кезінде қазақ даласында Құнанбайды байлығымен он орап алатын өзге де байлар көп болды. Ендеше, сол байлар неге өздеріне «бір‑бір Абайды» тудырып алмаған?

Одан өзге, отыз жыл бойы қазақ байлығын теспей сорған олигаполия неге «бүгінгінің Абайын» тудыра алмай отыр?  

Міне, «Республика» партиясы жетекшісі Айдарбек қызды‑қыздымен осындай парадоксті жағдайға өзі тап болды.

Бірақ осы кезде дебат бітіп қалды да, бұл мәселе айғай‑шудан аман қалды... Бірақ, одан Абай туралы оның пікірі өзгерді ме? Жұрт одан енді осы сұраққа жауап күтетін болады...

Ескерту: Материалдың ақысы «Ақ жол» - Қазақстанның демократиялық партиясының сайлауалды штабы қорынан төленді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар