Терроризммен күрес дегенде ойымызға бірден қару, соғыс пен қатаң жазалау келеді. Бірақ бүгінгі қауіптің бет-бейнесі өзгерді. Радикалды идеология енді тек майданда емес, ақпарат кеңістігінде де тарайды.

(Сурет: massaget.kz)
Ал онымен күресу үшін қаруға қарағанда сана мен сөздің салмағы басым болуы мүмкін. Қоғамның сауаты артқан сайын терроризм мен экстремизмге қарсы көзқарас та өзгеріп, бұрынғы қалыптасқан түсініктер қайта қарала бастады.
Осы мәселеге қатысты сарапшы Руслан Түсіпбековтің пікірін білдік. Оның айтуынша, 25 жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі кезеңді салыстыруға келмейді. Бүгінде терроризм мен экстремизмге қарсы күрестің тәсілдері де заманға сай өзгеруі керек.
— Осыдан 25 жыл бұрын Америка Иракқа қарсы соғыс жариялады. Сол кезеңде діни экстремизм мәселесі әлемді екіге бөліп тастады. Бірақ қазір жағдай мүлде басқа. Бүгінде ондай көзқарас жоқ деп ойлаймын. Қазір адамдар бұрынғыдан әлдеқайда сауатты. Әлеуметтік желілер дамыды, соның арқасында қоғамның көзқарасы да өзгерді. Бұрынғыдай елді екі лагерьге бөліп, «мыналар – террористер, ал мыналар – терроризмге қарсы күрес жүргізіп жатыр» деп қарау жоқ.
Меніңше, бұл – күрделі мәселе. Терроризм дегенде мен үшін ең маңыздысы – ұлттық идеология үшін күресу. Мысалы, бұл контексте шетелдердің, әсіресе араб елдеріндегі діни идеологиялардың кейбір тұстары маған ұнамайды. Өйткені олардың кейбірі менің ұлттық құндылықтарыма қайшы келеді. Мен өзімді ұлтжанды азамат деп санаймын. Сондықтан жеті атаға қарау, қыз алыспау сияқты біздің ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін немесе «домбыра – харам» деген секілді түсініктерді қабылдай алмаймын.
Сондықтан бұл жерде күресу керек, бірақ бұрынғыдай емес. 25 жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі жағдай мүлде бөлек. Қазір бұл – зияткерлік деңгейдегі жоғары күрес. Яғни сөз арқылы, жазу арқылы, идеология арқылы күресу қажет. Бұрынғыдай қоғамды екі лагерьге бөліп қоюдың қажеті жоқ. Мәселе күрделенген сайын, онымен күресу тәсілдері де өзгеруі керек.
Біздің халықтың зияткерлік әлеуеті өсті, қоғамның сауаты артты. Сондықтан экстремизм мен терроризм мәселесіне деген көзқарасымыз да, күрес тәсілдеріміз де өзгеруі тиіс. Менің жеке көзқарасым да блогер әрі белсенді ретінде қатты өзгерді. Сапалық тұрғыдан қоғамның бұл мәселеге деген көзқарасы басқа деңгейге көтерілді деп ойлаймын.
Бұл мәселе күрделі болғандықтан, оған деген көзқарас пен тәсіл де басқаша болуы керек. Осыдан 25 жыл бұрынғы «олар – террористер, біз – оларға қарсы күресіп жатырмыз» деген түсінік енді жеткіліксіз. Қазір мәселе әлдеқайда күрделенді. Сондықтан терроризм мен экстремизмге қарсы күресте жаңа тәсілдер талап етіледі.
Mezgil.kz