Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесі бұрынғыдан да маңызды

Бүгінде  әлемдегі геосаяси жағдай күн сайын құбылып, ірі державалар арасындағы текетірес күшейіп келеді.

1785405338277183.png

(Сурет: inbusiness.kz)

Бір жерде соғыс жүріп жатса, енді бір жерде шекара мен аумақ мәселесі қайта көтерілуде. Мұндай алмағайып кезеңде Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесі бұрынғыдан да маңызды.

Елдің тұтастығы мен тәуелсіздігіне сырттан төнетін қауіппен қатар, ақпараттық интервенция, кибершабуыл, радикализм, сепаратизм секілді қатерлер де назардан тыс қалмауы тиіс. Ал осындай сын-қатерлерге Қазақстан қаншалықты дайын? Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қандай бағыттарға басымдық берген жөн? Осы мәселелер төңірегінде журналист, Мәжілістің бұрынғы депутаты Ермұрат Бапидың пкірін білдік.

– Бүгінгі геосаяси әлемде қатер аз емес. Ұлы державалар орта дәрежелі елдердің территориясы мен тәуелсіздігіне көз аларта бастаған кезде, «жау жоқ деме жар астында» деген тәмсілдің қатері күшейгенін аңғару қиын емес. Тіпті «Канаданы қосып алам», «Гренландияны басып алам» деген агрессиялық тәбеттер пайда болды. Анкориджде (Аляска) Трамп пен Путин Украинадан басқа қандай тақырыптар төңірегінде сөйлескенін біз білмейміз. Бәлкім, екеуі Қытайды қосып, екі жартышарды өзара бөлісіп алу мәселесін сөз қылған шығар… Ал енді Ресей патшасы Путиннің кешегі «…вот, СВО закончится, чем будем заниматся?» деген дүмбілез әзілінен туар әумесірліктің астарында не пиғыл бар? Келесі бір қатерді қазақтың ұлттық мүддесі мен салт-дәстүрін тәрк етпек ниеттегі ислам радикализмі тудыруы ғажап па? Кремльмен ауыз жаласқан оңтүстіктегі талибандар тынышталды деп айта аламыз ба? Шекаралың өңірлерде сырттың ишарасымен ауық-ауық қозып тұратын сепаратизм мәселесін жылы жауып қоя аламыз ба? Міне, осындай сұрақтардың астарынан ұлттық қауіпсіздікке қатысты күн тақырыбы түзілуі тиіс деп ойлаймын. Осындай аумалы-төкпелі заманда қоғамдық тұрақтылықты теңселтуге құштар күштердің кесапаты да назардан тыс қалмауы қажет!

Бірінші кезекте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы дипломатиялық саясатына альтернатива жоқ екенін атап, осы бағыттан жаңылмау қажеттігін сөз етер едім. Біз ұлттық қауіпсіздікті әскери -қорғаныс мүмкіндігімен қамтамасыз ететіндей қарулы күштер потенциалы жеткілікті ел емеспіз. Біздің қауіпсіздік доктнинамыз қорғанысқа бағытталған! Сондықтан ақпараттық интервенция мен киберқауіптердің алдын алу бағытын дамытуымыз керек!

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар