Бүгінде интернеттегі алаяқтықтан бастап есірткі саудасы, теріс идеология мен жастардың санасына кері әсер ететін ақпараттарға дейін қылмыстың түрі де, таралу жолы да өзгеріп келеді. Мұндай жағдайда қылмыспен тек жазалау арқылы күресу жеткіліксіз.

(Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды)
Оның алдын алу үшін азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, әсіресе жастарға төнетін қауіп-қатерлерді дер кезінде түсіндіру маңызды.
Қоғам заң мен жауапкершіліктің мәнін терең түсінгенде ғана қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге болады. Осы ретте қылмысқа қарсы күресте қандай бағыттарға басымдық берілуі керек? Бұл туралы сарапшы Омарәлі Әділбек өз пікірін білдірді.
— Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жас мемлекет болғанына қарамастан, елдің қоғамдық-саяси өмірінде үлкен өзгерістер болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды дамытуға мүмкіндік беріліп, адам құқықтары мен демократиялық қағидаттар қоғам санасына орныға бастады. Көппартиялық жүйе қалыптасып, азаматтардың еркіндігі кеңейді.
Алайда еркіндікпен бірге қоғамға түрлі идеологиялық ағымдар да келді. Оның ішінде теріс бағыттағы ағымдар, интернеттегі қылмыс, есірткі мәселесі және жастардың санасына кері әсер ететін түрлі ақпараттар пайда болды. Либералдық бағыттың да белгілі бір кемшіліктері көріне бастады.
Тәуелсіздік жылдарында еркін баспасөз қалыптасып, қоғамдық пікір алаңы кеңейді. Кейін блогерлер институты пайда болды. Бірақ барлық блогерді бірдей қоғам мүддесін көздейтін азамат деп қабылдауға болмайды. Олардың арасында өз мақсатын көздейтін, белгілі бір идеологиялық немесе қоғамдық топтардың мүддесіне қызмет ететін адамдар да бар. Тіпті адамдарды бопсалап, ақша талап ететін, қылмысқа барған блогерлер де кездесті.
Сондықтан қазіргі таңда заң мен тәртіпке басымдық беріліп отыр. Адамның лауазымына, атағына немесе қаржылық жағдайына қарамастан, заң талаптарын бұзған кез келген азамат жауапкершілікке тартылуы керек. Бұл – қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды шарты.
Менің ойымша, демократия шексіз еркіндік дегенді білдірмейді. Демократия анархияға айналмауы керек. Мемлекеттің тәуелсіздігі, ұлттық мүддесі мен қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында тұруы қажет. Әр адамның және әрбір қоғамдық топтың өз құқықтары болғанымен, сол құқықтармен бірге жауапкершілік те қатар жүруі тиіс.
Заң – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Оны әркім өз мүддесіне қарай түсіндірмеуі керек. Әсіресе алаяқтар мен заңды өз пайдасына пайдаланғысы келетін адамдардың әрекетіне жол бермеу қажет. Сондықтан ең алдымен мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Елде тұрақтылық болған жағдайда ғана экономикалық және саяси бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асады.
Біз басқа мемлекеттердің тәжірибесінен де сабақ ала аламыз. Мысалы, Сингапур, Тайвань, Оңтүстік Корея сияқты елдер тұрақтылық пен тәртіпке басымдық бере отырып, экономикасы мен өнеркәсібін дамытты. Түркияда да кезінде тәртіп пен жүйелілікке мән берудің нәтижесінде елдің өнеркәсібі дамып, халықтың тұрмыс деңгейі жақсарды.
Сондықтан біз демократияның қадірін білуіміз керек. Бірақ демократия анархияға айналмауы тиіс. Мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі сақталған жағдайда ғана қоғам да, экономика да, халықтың әл-ауқаты да дами алады.
Mezgil.kz