Кезекті сайлау науқаны басталды. Биліктің заң шығарушы саласына кімнің келгенін қалайсың, соны таңдауың керек. Негізі бұл жолы «кімнің» емес, «кімдердің» деп жазған дұрысырақ. Өйткені жеке тұлғаға емес, тұтас партияға дауыс бересің. Өзің қалайтын адамдар топтасқан партияға. Сайлауда жинаған дауыстары жеткілікті межеден өтсе, ол партияның үміткерлері жаңа парламент – Құрылтайға депутат болмақ.

(Сурет: «Ақ жол» демократиялық партиясынан алынды)
Сол депутаттар арасынан бір тұлғаны тағы көргіміз келеді. Тағы дейтініміз – бұған дейін де депутат болған. Мәжіліс төрағасының орынбасары міндетін де абыроймен атқарған. Кім екені осы жазғанымыздан-ақ белгілі болған шығар.
Әрбір іс-әрекетінен байқалып та жайқалып тұрады...
Атын алғаш рет 2010 жылдың ең басында естіген едік. Түрін де сонда көргенбіз. Өмірден емес, телеэкраннан. Титрдағы жазу «Дания Еспаева, «БТА Банк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры» деп тұрды.
Біз онда «Қазақстан» телерадио корпорациясы төриесінің аймақтық филиалдармен жұмыс жөніндегі орынбасарымыз. 13 облыстық және 1 қалалық филиалдың эфирінде не беріліп, не берілмей қалды, көрерменге ұсынылған дүниелерінің қай тұсы құптарлық, қай жері қынжылтарлық деген мәселелермен айналысатынбыз. Шығармашылық ұжымдар арасында конкурс, бәсеке ұйымдастыратынбыз.
Ақтөбе облыстық филиалының өтер жыл мен келер жыл тоғысындағы екі сағаттық мерекелік бағдарламасын қарап отырғанда осы титр көзімізге түскен. ҚазМУ-де оқыған кезімізден таныс ақын Мейірхан Ақдәулетұлы, өзімізбен курстас болған Әмір Оралбайды оқытушы етіп қызметке алған Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаев, атақты дәрігер, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Намаз Ізімбергенов сияқты кілең мықтының арасында еркін сөйлеген қаржыгер әйел елең еткізген. Несие мен пайыз жайында емес, сиыр мен барыс арасына қатысты ежелгі тәмсілді айтып қайран қалдырған. Телевизиялық бағдарламаны қарап отырғанда Қазақстандағы ондаған банктің аймақтардағы жүздеген филиалының директорлары арасында Дания Еспаева суырылып шығар-ау, әрі қаржы саласынан емес саясат алаңынан маңдайы жарқырап көрінер-ау деп ойламаппыз.
Арадағы он алты жылда Ақтөбе облысына жеті-сегіз рет жол түсті. Әлгі филиалда, «Ақтөбе медиада» дәріс оқыдық. Патриоттық, мерекелік жиындарына қатыстық. Сол сапарларда Әлия Молдағұлова, Халида Маманова сынды тарихи тұлғалар жайындағы деректерімізді молайтумен қатар, осы аймақтың қыздары арасында саясатта суырылып шыққан Дания Мәдиқызы туралы біраз жәйтке қанығып қайтатынбыз.
Дания осы облыстың Мәртөк ауданының Жайсаң ауылында он екінші перзент болып дүниеге келген. Әлде ауылдағы медицина сапалы болмады, әлде басқа себептерден шығар, сәби көзін ашқанда алдында үш-ақ ағасы бар екен. Анасы Әсима 48 жасында кенжесі ретінде мұны босанып, келесі жылы өмірден өткен. Дания анасының тек фотодағы түрін біледі.
Кенжесі туғанда әкесі Мәди 61 жас, бесінші мүшелінде Қазақстанға іргелес Орынбор қаласының ауруханасында жатқан. Дәрігер егер шұғыл ота жасалса, әлі он екі жыл өмір сүруге мүмкіндігі барын айтады. Бұған дейін «денеме пышақ тигізбеймін» деген әке қызына Дания деген ат қойып, сол үшін өмір сүруі керектігін түйсінген. Отаға келіскен.
1968 жылы Жайсаң ауылындағы мектептің бірінші сыныбына Данияны әкесі ертіп барды. Басқа оқушыларды мамалары әкелген еді. Бәрібір кем қылған жоқ: үстінде – жаңа форма, жаңа фартук, басында – үлбіреген ақ бантик.
Әкесі күн сайын кешке қызымен бірге сабақ оқыды деуге болады. Бесінші сыныпты бітіргенше Дәнияға көп ақыл айтып үлгерген. Шындықты айтудан жасқанбау, қандай қиын жағдайда да адалдықтан айнымау – Мәдидің қызының принципі болса, оның негізгі іргетасы сол он екі жылда құйылғаны хақ. «Жақсылық жасаудан жалықпа» деген де – әкенің жиі айтатын өсиеті. Жас қыздың санасына ізгілік дәні осылай сіңірілген.
Мәди 73 жасында қайтыс болғанда отбасының салмағы 25 жастағы Едірестің иығына түседі. Ол ауылдың аруы Сәлимаға үйленіп, жас отбасы кейінгі екі ұл мен бір қызға әке-шешенің мейірімін береді. Өздері үлкен үйге айналады. Данияның сағынып келер, мауқын басар қара шаңырағы – осы.
Мамандық таңдайтын кезде еш ойланған жоқ. Әкесі «шындықты айтудан жасқанба, қандай қиын жағдайда да адалдықтан айныма» деп кеткен. Кім шындықты айтып, адалдықтан айнымайды? Әрине, заңгер!
Ол уақытта заңгерлерді тек Қазақ мемлекеттік университеті даярлайтын. Оныншы сыныпты бітіріп, қолына аттестат тиген Дания ойланбастан Алматыға аттанған. Келсе, мұнда сықақшы Оспанхан Әубәкіровтің тілмен бейнелегенде, адам жетектеген адам. Жалғыз өзі жүрген Дания ғана шығар. Университеттің заң факультетіне «жетектегілер» түсіп, мектепті өте жақсы бітірген бұл емтиханнан өте алмайды. Амал жоқ Мәртөкке қайтады. Алғашқы әділетсіздікті сонда өз басынан өткерген. Бұл оның адал да әділ заң жолын ұстанамын деген талабын бекіте түскен жағдай еді.
Келесі жылы да тағы осы жағдай қайталанды. ҚазМУ-дың заң факультетінің есігі болашақ парламенттің болашақ вице-спикеріне ақыры ашылмады. Дания енді ауылға қайтып, аға-жеңгесінің алдына баруды ар санады.
Кейін Дания Мәдиқызы бірнеше сайлауға түсті. Үнемі лайықты дауыс жиинады. Міне, 2026 жылғы тамыз айында «Ақ жол» демократиялық партиясын бастап жаңадан жинақталатын Құрылтай сайлауына келіп отыр. Мұнда таңдаудың адал да әділ өсетіне сенімді. Ал біз өз сорабымызды тауып, манағы әңгімені жалғайық.
Университеттегі құжаттарын алып Алматы халық шаруашылығы институтына барса, қабылдау мерзімі өтіп кеткен. Жас қыз не істеуді білмей трамвайда келе жатқанда «Учетно-кредитный техникум» деген жазуды, ғимарат алдында топталған адамдарды көріп, сол аялдамадан түсіп қалады. Ауылда «кредит» деген терминді естімеген. Мән-мағынасын білмейді. Мұнда абитуриенттерден құжат қабылдаудың ең соңғы күні екен. Ақтөбеден келген қыз құжатын өткізді, емтихандарды еркін тапсырды. Осылайша «Несиедегі қаржы айналымы» маманы болу үшін оқитын болды.
Мектептегі сияқты техникумды да Дәния үздік бітіреді. «Өте жақсы» оқығаны үшін бұған дипломды Мемлекеттік банк ғимаратында берді, әрі оны банк бастығының орынбасары тапсырды. Жұмыс істеу үшін Ақтөбедегі Мемлекеттік банктің филиалына жолдама алды.
Біз алғаш жаңа 2010 жылды ашатын бағдарламадан көргенде Дания Мәдиқызы «БТА банкінің» Ақтөбедегі филиалының директоры деген қызметке жетіпті. Оның білікті басшы екенін, әрі болашағы зор боларын әріптесіміз, «Қазақстан» телерадио корпорациясы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Раукен Отыншин айтқан-ды. Айна-қатесіз болжаған екен. Сол тұста Еспаева үлкен банктің филиалдары арасында жалғыз әйел директор болды. Талап пен тәртіп, адалдық пен тазалық басшысының өмірлік ережесіне айналғандықтан бұл филиал республика бойынша үздік деп танылған екен.
Осы уақыттан бастап оның адалдық пен тазалық ұстанымына мейрім мен ізгілік қасиеттері қоса өрілді. Қала мектептері енді-енді ақпараттық технология дегенді ести бастағанда Дания Мәдиқызы №9 мектеп-гимназияға 2 компьютер сыйлады.
Бірде алдына С. Л. деген (авторда толық аты-жөні бар) қала тұрғыны келді. Ол әйел екі жыл бұрын банктен ипотекалық несие алып, үй сатып алыпты. Дүкенінен әжептәуір пайда түсетін, күйеуі мен інісі жұмыс істейтін. Кіріс көзіне сеніп, несиені 5 жылға алған екен. Банк бекіткен кесте бойынша ай сайын 167 мың теңге төлеп келіп, енді доллар қымбаттағандықтан 210 мың теңге төлейтін болыпты. Қырсық шалғанда күйеуі мен інісі жұмыстан қысқартылып қалды. Өзі кішкентай баламен үйде. Кестедегі уақытында қайтарылмаған сомаға өсім қойылған. Әлгі әйел басқасының бәрін қайткенде төлейтіндерін, тек өсімақы дегенге шамалары келмесін айтып, ағынан жарылған. Сонда «БТА Банкі» Ақтөбе филиалының директоры жағдайға түсіністікпен қарап, бұрын есептелген өсімақыны төлеуден босатқан. Бір отбасын қуандырғанына өзі де қуанған.
Әу-баста мұндай күрмеуі көп қаржы және әлеуметтік салаларды заң арқылы реттеуге мүмкіндік аламын деп ойламаған. Бірақ өте белсенді болды. Сол белсенділік Дания Еспаеваны алдымен Ақтөбе облыстық мәслихатына, одан соң Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінедепутат болуға, одан әрі Мәжілістің вице-спикері, Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер, ақыр-аяғында «Ақжол» демократиялық партиясының төриесі атануына жеткізді.
Қайта, қандай орында отырмасын жетім болып жетілгені ойында жүреді. Мұның басынан өткен балалық кездің ауыр жылдарын кейінгі ұрпақ қайталамауы үшін еңбек етеді. Жайсаң ауылында мектепке бару үшін бұлар пойыз заулап жататын темір жолды кесіп өтетін. Балалар үшін осындай қауіп-қатерді енді болдырмауға депутат ретінде барын салды.
Өзі қашан жасы 17-ге толып, Алматыға татанғанша үйге көмір кіргізіп, от жағатын. Алыстан су таситын. Сондықтан ауыл-аумақты газдандыру мәселесіне назар аударып, балаларды күл мен күйеден құтқаруға үлес қосты. Таза ауыз суға арналған бағдарламаға басымдық беруге тырысты. Бұл – берідегі әрекеттері.
Ал 2010-2011 жылдары Қазақстанда «Қанатты әйел» қозғалыс-жәрмеңкесі қанат жайды. Оған қатысқан ақтөбелік қыз-келіншектер арасында Дания Мәдиқызы белсенділік танытты. Ақтөбеде алғаш саясаткер әйелдердің клубы құрылғанда облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова, Қарабұтақ ауылының әкімі Зоя Бөлекова сынды белсенділермен қатар Дания Еспаева оған мүше болды. Клуб отырыстарында аймақтағы өзекті мәселелерді көтере білді. Ақтөбе облыстық әкімдігі жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссияның жұмысына 14 жыл бойы атсалысты. Әкімдер болса 2-3 жылда ауысып жататын.
Бір жолы онкологиялық ауруға шалдыққан 33 жастағы келіншекті Ақтөбе қаласындағы ауруханалар қабылдамай қойыпты. Қанша рет ем қабылдауға талпынғанымен, оған ауруханада орын жоқтығы айтыла берген. Ақыры әлгі келіншек қайтыс болды. Осы жағдайға қоңырау қағып, Ақтөбедегі ауруханаларда ем қабылдауды жолға қою жайында жорық бастаған да –Дания Мәдиқызы.
2012 жылы Ақтөбе қаласының Оңтүстік-Батыс ауданында бой көтеріп жатқан мектеп құрылысын бақылау бекетінің жетекшісі болды. Облыстық мәслихат депутатының қатаң қадағалуымен жұмыс қарқынды жүрді. Ғимарат дер кезінде әрі сапалы салынды. Бір кездегі құрттай Дания сынды үлбіреген ақ бантик таққан бүлдіршіндер жарқыраған жаңа мектептің есігін ашты.
Келесі 2013 жылы Қазақстандағы зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты заң жобасын Мәжіліс мақұлдаған еді. Енді Сенаттан өтер және Президент қол қояр алдында оны түсіндіру мақсатында мемлекеттік органдар басшылары аймақтарды шарлап кетті. Олармен Ақтөбедегі кездесуде облыстық мәслихат депутаты Дания Еспаева әйелдердің зейнет жасына қатысты өткір пікір білдірді. Қазақстанда әйелдер қызмет пен үй шаруасын бірдей атқарды. Өздерінің ана, әже, жар екенін ұмытпайды. Оларды уақытының көп бөлігін өзінің жеке басының күтіміне арнайтын және үйлерінде қызметші ұстап отырған Батыс әйелдерімен салыстыруға келмейтінін айтты. Осыны заң қабылданбас бұрын ескеруді сұрады.
Аналармен қатар балаларға деген мейірімі үнемі байқалып тұратын. Балалар күніне арнап «БТА банкінің» ғимаратында шахмат турнирі өткізген. Жеңімпаздар ғана емес барлық қатысушыға сыйлық таратқан. Астанаға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып аттанса да, Ақтөбедегі «Ана мен баланы қорғау» медициналық мекемесіне ұдайы қамқор бола берді.
Ал Мәжілісте Дания Еспаева балалар емханаларын ересектермен біріктірудің дұрыс болмағанына алаңдап, сол тұстағы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің атына депутаттық сауал жолдаған. Әрі педиатор мамандығы бойынша оқытуды неге тоқтатқандарын сұрады. Соның нәтижесінде медицина университеттерінде қайтадан балалар дәрігері мамандығы оқытылатын болды.
Кезекті депутаттық сауалында үй шаруасындағы әйелдерге де еңбек өтілін беру қажеттігін көтерді. Бұл талабын және жұмыс істейтін әйелдерге қосымша заңды жеңілдіктер қарастыру туралы пікірін мемлекеттегі мың-мыңдаған аналар қолдағаны мәлім.
Өзі талай бастамалардың арасында жүрген Ақтөбеде «Анаға тағзым» республикалық слет өтерде Астанадан оның бағдарламасына көңіл бөлді. Өзі слет қонақтарының бел ортасында жүрді. КСРО Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегеноваға, Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметоваға, «Перзент» отбасылық балалар үйінің директоры Әмина қажы Әжібаеваға, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистроваға, Социалистік Еңбек Ері Вера Сидороваға, жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағановаға және басқаларға туған жеріндегі әйелдерге деген құрметтің қандай екендігін таныстырды. Сонда жергілікті ақпарат құралдарына берген сұқбатында Дания Мәдиқызы:
-Анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысым шексіз. Өкінішке қарай, ата-анадан ерте айырылдым. Бір жасымда анам өмірден озыпты. Әкем 12 жасқа толған шағымда дүниеден өтті. Менің ендігі тәрбием ағам Едірес пен жеңгем Сәлиманың жауапкершілігінде болды. Жеңгем мені анамдай мәпеледі,- деп толқып сөйледі. -Анам мені өмірге әкелгенмен, ана орнында мені тәрбиелеген асыл жеңгем Сәлиманың маған берген тәрбиесін, жасаған жақсылықтарын ұмыту мүмкін емес. Мен аға-жеңгемнің тұңғышы есебінде бой жеттім. Сондықтан ана туралы әңгіме қозғалған шақта, мен «менің анам» деген сөзді жеңгеме бағыттап айтамын.
Сол сұқбатында Еспаева екі баланың анасы, бірінші сыныпқа баратын немеренің әжесі екенін айтқан. Шаңыраққа екі келін түсіріп, келіндерін өз анасындай бауырына басыпты. «Алла қаласа, жақын күндері екінші немерем дүние есігін ашпақ» деген. Беріде ол немересінің де тұсауы кесіліп, тілі шыққан шығар.
Депутат кезінде Ақтөбе облысына жасаған кезекті сапарында туған ауылының іргесіндегі «Жайсаң» бекетінің жұмысымен танысқан. Ауылындағы мектепке барар жолдың ағылған пойыздарға арандап қалмайтындай етіп салынғанын көрді. Мәртөктегі отбасы үлгісіндегі балалар үйіне де кірген. Сонда өзін жетім етпей, жаутаңдатпай өсірген аға-жеңгесіне деген ризашылықтан жанарына жас іркілген.
Тағы бірде қазақ жерінің Батыс аймағын, оның ішінде Ақтөбе облысын да топан су басқаны мәлім. Жағдайды білуге алдымен жеткеннің бірі – Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева. Ол бастаған депутаттар №7 эвакуациялық пунктте орналасқан су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Сонда Толғанай Телеуова, Маржангүл Ерназарова, Марқабай Мұхитов және басқа жерлестері қиын шақта қамқорлық жасап, жайылған жойқын судан құтқарған, енді жеделдетіп жаңа үйлер салып жатқан билікке деген алғыстарын жоғары жаққа Дания Мәдиқызы арқылы жеткізген.
Оның жүрегіндегі ізгілік дәнінің қайтарымы – осындай алғыстар! Оған дау жоқ шығар.
«Ақ жол» демократиялық партиясын бастап кезекті парламент сайлауында Құрылтайға өтерліктей дауыс жинаса, ондай алғыстардың талайы айтылары анық. Дания Мәдиқызы Еспаеваға!
Ескерту: Материалдың ақысы «Ақ жол» - Қазақстанның демократиялық партиясының сайлауалды штабы қорынан төленді.
Қайнар Олжай
Mezgil.kz