«Жыртық үйді жел табар» дегендей, басқыншыны санкцияның сойылы дәл тауып, дөп тиіп тұрған кез, қазір. Қарап отырсақ, Ресейдің импершіл билігі Украинаға соғыс ашқан 2022 жылдан бері дөге-дөге, қап-қап санкцияны арқалауындай-ақ, арқалап жатыр.

(Сурет: dw.com)
РЕСЕЙ – РЕКОРДСМЕН: САНКЦИЯ, САНКЦИЯ ЖӘНЕ САНКЦИЯ...
Тіпті, Ресей санкция арқалаудан абсолютті рекордсмен атанды десе де болады. Түрлі деректер бар. Осы күнге дейін Ресейге ұзын-ырғасы 31,5 мың санкция салынған екен. Оның ең кемі 14 мыңы соғыс үшін салынған. Тіпті, нешелеген жылдар бойы оқшаулаудың нақ көресін көріп келе жатқан Иранның өзі Ресейдің шаңына ілеспей қалған...
Еуропа осы жолы да оңдырмай санкция салды. 21-ші «қоржын» толды. Еуропа елдерінің барлығы жиылып, ақылдасып, мақұлдасып, шешім қабылдады. Осы жолы Ресейдің криптовалюта секторы, «көлегейлі флоты», Ресей мен Беларусьтің МӨЗ-дері санкцияға ілінді.
ҚАРЖЫ СЕКТОРЫ: Ресейдің 94 банкі мен қаржы мекемесінің активтерін бұғаттау және оларға қаражат ұсынуға тыйым салынды. Бұған қоса, тағы 33 ресейлік қаржы мекемесі үшін операциялар жүргізуге тыйым салынды.
КРИПТОВАЛЮТА: Санкцияларды айналып өтуге қатысы бар деген 14 криптоплатформаға қарсы шектеулер енгізілді. Олардың ішінде - Грузия, БАӘ, Қырғызстан, Беларусьте орналасқан платформалар да бар.
ТЕҢІЗ ЖОЛЫ: «Көлегейлі флоттың» тағы 41 танкеріне (қазір жалпы тізімде 632 кеме бар) және оған қызмет көрсетуге байланысты компанияларға қарсы санкциялар салынды.
ЭНЕРГЕТИКА: Ресейдің 3 және Беларусьтің 1 МӨЗ-іне (мұнай өңдеу зауыты), сондай-ақ мұнай секторының басқа да қатысушыларына қарсы санкциялар салынды.
ӘСКЕРИ ӨНДІРІС СЕКТОРЫ: Ресейдің әскери өнеркәсібімен байланысты 56 заңды және жеке тұлғаға, соның ішінде алысқа соққы жасайтын дрондарды өндірушілер мен жеткізушілерге қарсы санкциялар салынды. Әскери өнеркәсіпке арналған технологиялар мен материалдарға, соның ішінде ҰҰА (БПЛА) мен микроэлектроникаға арналған жабдықтарға экспорттық тыйымды кеңейтті.
ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРҒА: Кремльдің айтқанымен жүріп, айтағымен үретін 8 пропагандистке және соғыс қылмыстарына күдікті ресейлік генерал-майорға қарсы санкциялар салынды.
ҚОСЫМША: Украинаға қарсы соғысқа қатысқан ресейлік әскерилердің ЕО елдеріне кіруіне әзірге тыйым салынбады. Бұл норманы Италия, Франция, Греция және Кипр қолдамады.
ПУТИННІҢ ӘЛСІЗ ТҰСЫНА СОҚҚЫ БЕРУ: ЕУРОПА НЕ ДЕЙДІ?
«Біз Путиннің ең әлсіз тұсынан соққы беріп, соғысты қаржыландыру арналарының көзін жауып жатырмыз. Санкцияларға жүзден астам банк пен криптовалюталық сервис операторы, көлегейлі флоттың 40-тан астам кемесі, сондай-ақ Кремльге соғысты жалғастыруға көмектесіп отырған Ресей мен Беларусьтегі бірқатар мұнай өңдеу кәсіпорны ілікті», — деп мәлімдеді Еуропалық дипломатия басшысы Кая Каллас.
«Ресейдің әскери машинасы нарықтағы ауытқуларды өз пайдасына жарата алмауы үшін біз мұнай бағасының шекті межесін қайта қарау механизмін бір жылға тоқтатып қоямыз. Біз алғаш рет ресейлік көлеңкелі флотқа көмектесетін кемелерге қарсы шектеулер енгізіп отырмыз. Бұдан бөлек, соғыс қимылдарына қатысқан ресейліктердің Еуроодаққа кіруіне ресми түрде тыйым салу бағытында маңызды қадам жасадық. Украина майданда табысқа жетіп жатқанда, біздің санкциялар Ресейдің әскери кампаниясының экономикалық базасын әлсіретуде», — деп мәлімдеді Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен.
«Бұл әлі соңы емес. Біз келесі санкциялар қоржынын әзірлеуді ақылдасып кеттік. Еуропалық одақ Ресей тарапынан болуы ықтимал кез келген эскалацияға сақадай сай боулы тиіс», - деді Кая Каллас.
ТАЯҚТЫҢ БІР ҰШЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАНҒА ДА ТИІДІ
Еуропалық одақ Қазақстанда орналасқан компанияларды әскери де, азаматтық та мақсатта қолданылатын (қос мақсаттағы) тауарлар мен технологиялар экспортына күшейтілген шектеулер қойылатын ұйымдар тізіміне енгізді. Экспорттық шектеулер катаңдатылған ұйымдар тізіміне 51 компания қосылды. Олардың кейбірі Қазақстан, Қырғызстан, Қытай (соның ішінде Гонконг), Үндістан, Түркия және БАӘ аумағында орналасқан.
Еуроодақ бұл компанияларды «Ресейге экспорттық шектеулерді айналып өтуге көмектеседі» деп есептейді. Сөз, атап айтқанда, микроэлектроника, сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктар мен жартылай өткізгіштерді өңдеуге арналған жабдықтарды жеткізу туралы болып отыр. ЕО Кеңесінің хабарламасында Қазақстанда орналасқан компаниялардың саны мен атаулары көрсетілмеген.
Mezgil.kz