The Guardian басылымы Қырым халқынан пікір алды. Украина Қырымды қыспаққа алуды жалғастыруда. Логистикалық нысандарға соққы жасауда. Электр энергиясы тапшы. Украин дрондары электр станцияларын да төпештеп жатыр.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Жанармай тапшылығы да өрши түскен. Қырымға апаратын құрлық жолына ұдайы соққы жасалуда. Ал түбекке жанармайды танкерлер арқылы тасу да мұңға айналды. Украина Қара теңіз бен Азов теңізіндегі танкерлерді де нысанаға алған. Бұл шабуылдар Қырым халқын әбден әбігерге салуда.
Қырымдағы жағдай қиындап, кәсіпкерлер үлкен шығынға ұшырауда. Ең алдымен, туристер келуді тоқтатты. Украина дрондары мен зымырандары Қырымға ұдайы соққы жасағандықтан, Ресейден келетін туристер қонақ үйлерді брондауды тоқтатқан.
Бензин тапшы болып, азық-түлік пен басқа да күнделікті қажетті заттарды жеткізу қиындаған. Қазір жаздың аптап ыстығында электр қуаты мен су тәуліктің көп бөлігінде өшіріліп тұрады.
«Бізге 12 жыл бойы Қырым 100 пайыз қорғалған деп айтып келді. Ал бір айдың ішінде бізді тас дәуіріне қайта апарып тастады: жарық жоқ, су жоқ, жанармай жоқ», — дейді Қырымдағы кәсіпкер Марина Олегова.
The Guardian газетінің талдауына сәйкес, Қырымдағы 2,5 миллион тұрғынның 70 пайыздан астамы электр энергиясының тапшылығын сезінуде. Бұрын жаз мезгілінде Қырымда ұйымдастырылатын фестивальдер, балалар лагерьлері мен жағажайдағы іс-шаралар тоқтатылған. Олардың орнына жанармай кезегі мен жуынатын жер және телефонды қуаттайтын орын іздеу күнделікті тіршілікке айналған.
«Біз өмір сүріп жатқан жоқпыз, біз тірі қалу үшін күресіп жатырмыз», — дейді жергілікті тұрғындар. Қырымның тумасы Алексей Назирдің айтуынша, биыл жазда оның мейрамханасы бос тұрған. Өйткені туристер келмейді, ал тауар тапшылығы мен жеткізу тізбегіндегі үзілістер түбектен тыс жерлерден азық-түлік сатып алуды едәуір қиындатқан.
«Билік Қырым кез келген жағдайға дайын деп қайта-қайта айтты. Расымен де, кез келген жағдайға дайынбыз деді. Бірақ ең ауыр жағдайға дайын болмағанын көріп отырмыз», — дейді ол.
Жергілікті Telegram чаттарда күні-түні азық-түлік алу, жанармай құю іспеттес тақырыптарды ғана талқылауда. Тұрғындар қай жерде жанармай пайда болғанын айтып, түнгі уақытта талон берілетін болса, бір-біріне ескерту үшін хабарлама жіберіп, кезегі аз бекеттердің карталарымен бөліседі және қай аудандарда әлі де жарық немесе су бар екенін хабарлап отырады.
Кремль ұзақ уақыт бойы Владимир Путин билігінің басты жетістіктерінің бірі ретінде көрсетіп келген Қырымды нысанаға ала отырып, Украина болашақтағы ықтимал бейбіт келіссөздерде өз ұстанымын күшейтуді көздейді.
«Украинаның болашақ келіссөздердегі ықпалы бұрынғыдан күшейді, өйткені ол Қырымдағы кез келген нысанаға сенімді түрде соққы бере алады», — дейді әскери сарапшы Роб Ли. Лидің пікірінше, Украина орта және алыс қашықтыққа ұшатын дрондарды көптеп өндіруді жолға қойған, сондықтан Ресейге олардан қорғану барған сайын қиындап барады. «Бұл дрондардың құны айтарлықтай төмен, сондықтан Украина мұндай шабуылдарды жалғастыру үшін аса көп қаржы жұмсамайды», — дейді ол.
Әскери сарапшылардың пікірінше, Украина алдағы апталарда Қырым көпіріне (Керчь көпіріне) қарсы шабуылдарын күшейтіп, түбектегі тапшылықты одан әрі ушықтыруға тырысуы мүмкін.
Mezgil.kz