Мәжбүрлі мойындау: Әлиевтің әжуасына Кремль жауап таппай қиналды...

Биыл Шушада өткен төртінші жаһандық медиафорумда орын алған бір ғана оқиға әлемдік ақпаратты өзіне бұрған, сонымен тең жаһандық саяси ықпал күштерінің қайта бөлініске түскенін һәм дипломатия шекарасының айтарлықтай өзгерістерді бастан кешіріп жатқанын айғақтайтын оқиға болды.

1784199532562137.png

(Сурет: baku.ws)

ӘЛИЕВТІ МАҚТАУ – КРЕМЛЬДІ ҚАРАЛАУ. ГУСМАН КІМ?

Төрт иесі, үй иесі – Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ресейді әжуа етті. Қарқылдап күліп, Ресейдегі сөз бостандығының нөлдік шекке жеткенін сөз етті. Әлиевтің осы ісі шын мәнінде Ресейдің Оңтүстік Қапқаздағы ықпалының айтарлықтай әлсірей түскенін көрсетті. Әлбетте, қаптаған камера Әлиевтің әжуасын әбден айызы қанғанша таратты.

Анығы ол оқиға былай өрбіді: Бакуде туып, Мәскеуде аяққа тұрған ағайынды Гусмандар деген бар. Ресейдің күллі жұрты бұларды жақсы таниды. Бакулік еврейлер. Үлкені – Юлий Гуман танымал кинорежиссер. Ал кішісі – Михаил Гусман. Ресейдегі ең әйдік «ТАСС» дейтін агенттікті ұзақ жылдар басқарған. Сол үшін де Ресейдегі орден атаулының ең жоғарғысын, мемлекеттік сыйлық атаулының ең күштісін алып, балқып-шалқып өмір сүрген. Өзі айтпақшы, қырық жыл ғұмырын сол іске сарп еткен.

Михаил Гусман қазір 76-да. 2025 жылы Ресей билігі оны «ТАСС» басшылығынан алып, қызметінен қуған. Бұған себеп – Гусман сол жылы Шуша форумына барып, президент Әлиевке жарамсақтана сөйлеген.

Гусман Әлиевті асыра мақтап: «Кіршіксіз, кірсіз сыртқы саясат жүргізіп жатырсыз», - деп сөйлеген. Онан соң, Әлиевті «епті скрипачшы» деп атап, «өзгелерге үлгі болардық ақылды көшбасшы» деп айтқан.

Дәл сол кезең – Әзірбайжан ұшағына Ресейдің оғы тиіп, Ақтауға жете құлап, ондаған адам опат болған кез еді. Мәскеу мен Баукдің арасы суып, Әлиев Кремльді һәм тікелей Путинді  қатаң айыптап сөйлеген. Сондай кезеңде Ресейден алып-ұшып Михаил Гусман барып, Әлиевті асыра мақтаған. Онысы Кремльге әсте жақпай, сол форумнан оралған беті Гусман қызметінен алынған.

Есімізде, орыс телеэфирлері, Ресейдің әскери блогерлері мен Кремль төңірегіндегі саясаткерлер Гусманды «сатқындық жасады» деп айыптаған.

Ал кешегі жиында Әлиев керісінше Гусманды мақтап сөйледі. «Әзірбайжанның нағыз ұлы, өз ұлы» деп атады. Әлиевтің Михаил Гусманға қарата айтқан алғысы мен оның қызметіне берген бағасы ақпараттық кеңістіктегі қос лоялдылық мәселесін ашық түрде ортаға салды. Президенттің пікірінше, Гусман Ресейдегі қызметін атқара жүріп, шын мәнінде өз елінің мүддесін қорғап, ақпараттық тосқауылдарды бұзумен айналысқан. Ол Гусманды мақтай отырып, оның Ресейдің ақпараттық кеңістігіндегі қызметінің негізгі мақсаты Әзірбайжанға қызмет ету болғанын жасырмады. Бұл мәлімдеме Ресейдің ақпараттық қауіпсіздік жүйесіндегі осал тұстардың бар екенін және сыртқы күштердің ішкі саяси күн тәртібіне қалай ықпал ете алатынын көрсететін ашық мойындау болды. «ТАСС» секілді агенттікті басқару – жай ғана бір редакцияны басқару емес, анығы ол – мемлекеттік ақпараттық саясатты, ақпарат ағынын басқару деген сөз. Әсіресе, Әлиевтің бұл бағасының өткір қақтығыстар мен геосаяси текетірес кезеңінде айтылуы оқиғаның саяси салмағын арттыра түсті.

ӘЛИЕВТІҢ ӘЖУАСЫ. КӨПКЕ КҮЛКІ БОЛҒАН КРЕМЛЬ...

Әлиев өз сөзінде өткен жылғы форумнан кейінгі жағдайларға тоқталып, сол форумда Әлиевке сұрақ қойған кейбір ресейлік журналистердің Кремль тарапынан қысымға ұшырағанын айтты. Жай ғана айтып қойған жоқ, қарқылдап күлді. Кремльді күлкі етті.

Расында, Бакудің бұл әрекеті – Мәскеудің саяси беделіне ауыр соққы боп тиердей әрекет болды. Ресейдегі сөз бостандығы ұғымының күйреп, кейбір сарапшылар мен журналистердің нақақ жауапқа тартылуы немесе елден кетуіне қатысты айтылған әжуа сөздер дипломатиялық этиканың шекарасын айқын бұзды.

ӘЛИЕВ: КСРО – НАҒЫЗ ОТАРШЫ БОЛҒАН!

Әлиевтің сөздері тек жекелеген тұлғалармен шектелмей, тарихқа, оның ішінде Ресей империясы мен КСРО кезеңіне қатысты көзқарасты да қамтыды. Ол Әзірбайжанның өткен тарихын «отарлық кезең» деп атап, Мәскеудің өткен тарихқа негізделген ұстанымына өзіндік бағасын берді.

Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын және оккупацияға қарсы екенін ашық мәлімдеді.

КРЕМЛЬ ҮНСІЗ, ІШТЕН ТЫНДЫ...

Осылардың бәріне Кремль үнсіз қалды. Іштен тынғандай болды. Сарапшылардың сөзінше, бұл үнсіздік бірнеше негізгі фактормен байланысты болуы мүмкін:

Біріншіден, логистикалық және транзиттік мүмкіндіктердің маңыздылығы. Екіншіден, Түркия факторының ықпалы мен Қапқаздағы геосаяси жағдайдың өзіндік ерекшеліктері. Кремльдің бұл жерде қақтығысты ушықтырмауды жөн көруі, халықаралық аренадағы қазіргі жағдайда оңтүстік бағыттағы серіктестікті сақтап қалу қажеттілігінен туындауы ықтимал. Ресей үшін Әзірбайжанмен қарым-қатынасты үзу немесе оны шиеленістіру оңтүстік шекарадағы жағдайды күрделендірумен бірдей, ал бұл қазіргі жағдайда Кремльге ешқандай стратегиялық артықшылық әкелмейді.

Сайып келгенде, бұл оқиғалар тізбегі мемлекеттік мүдде, ақпараттық қауіпсіздік және халықаралық дипломатияның қай деңгейге жеткенін көрсетеді. Мәскеу үшін бұл жағдай тек қарым-қатынас емес, сонымен бірге оның ықпал ету күшінің шекарасын айқындайтын сынақ болды.

Ал Баку өз кезегінде, халықаралық саясаттағы өз орнын нығайту мен өз мүддесін қорғау арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отырғандай. Елдер арасындағы бұл тартыс алдағы уақытта да жалғасатыны сөзсіз, себебі геосаяси мүдделер мен ұлттық қауіпсіздік мәселелері әрқашан күрделі тепе-теңдікті қажет етеді. Бұл үдеріс көптеген сұрақтардың жауабын табуға, сонымен қатар болашақтағы қарым-қатынастардың сипатын болжауға мүмкіндік береді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар