Елімізде инклюзивті қоғам құру саясаты іске асуда. Оң өзгерістер де, жақсы нәтижелер мен жемісті жобалар да бар. Осы тақырып аясында біз Серік Иманханұлымен сұхбаттасқан едік.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
– Серік мырза, сұхбатқа келіскеніңізге алғыс білдіремін. Соңғы жылдары ерекше қажеттіліктері бар адамдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы көп айтылады. Сіз бұл өзгерістерді өз өміріңізден сезіндіңіз бе?
– Әрине. Мен арбаға таңылғаныма он жылдан асты. Осы уақыт ішінде қоғамның да, мемлекеттің де көзқарасы өзгергенін анық байқаймын. Бұрын қоғамдық ғимаратқа кірудің өзі қиын еді. Қазір жаңа салынған нысандардың басым бөлігінде пандус, көтергіш құрылғылар, арнайы санитарлық бөлмелер қарастырылған. Әлі де кемшіліктер жоқ емес, бірақ алға жылжу анық байқалады.
– Көпшілік ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін ең өзекті мәселе – жұмыс дейді. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Иә, жұмыстың орны ерекше. Адам өзін қоғамға керек екенін сезінуі керек. Соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер бар. Мемлекет кәсіпорындарға ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдау үшін 2-4 пайыздық квота енгізді. Былтыр 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысып, 106 мыңнан астам азамат тұрақты жұмысқа орналасты дегенді оқыған едім. Бұл – бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай оң нәтиже деуге болады. Біз бір қоғамда күн кешіп жатырмыз. Осы елдің дамуына әр азамат өз үлесін қоса алатындай жағдай жасалуы тиіс. Қазіргі өзгерістер сол саясатқа бастайтын оң қадам деп бағалаймын.
– Білім беру саласындағы жаңашылдықтарға қалай қарайсыз?
– Менің інімнің қызы ерекше білім беру қажеттілігі санаттағы жан. Ол қазір қатарластарымен бірге жалпы мектепте оқиды. Бұрын мұндай мүмкіндік көп балада болған жоқ. Қазір мемлекет инклюзивті білім беруді дамытып жатыр. Соның аясында білім беру ошақтарына көп балалар барып, қатарластарымен тең мүмкіндікке ие болуда.
– Әлеуметтік төлемдер туралы пікіріңіз қандай?
– Мемлекеттік қолдау жылдан-жылға күшейіп келеді. Әрине, кез келген адамға қаржылай қолдау маңызды. Бірақ менің ойымша, ең бастысы – адамның өздігінен білім алып, жұмыс істеп, қоғам өміріне араласуына жағдай жасау.
– Сіздіңше, қоғамдағы ең үлкен өзгеріс неде?
– Бұрын ерекше қажеттілігі бар адамдарға аяушылықпен қарайтындар көп болатын. Қазір көзқарас өзгере бастады. Бізді қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдай бастады. Бұл – инклюзивті қоғамның қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Бізге аяушылық емес, тең мүмкіндік керек. Соны көпшілік түсінген сияқты. Әрине бұл жүйелі жұмыстың да нәтижесі.
– Алдағы уақытта қандай өзгерістер болғанын қалар едіңіз?
– Ең алдымен, әрбір қала мен ауыл толықтай қолжетімді болса деймін. Екіншіден, жұмыс берушілер ерекше қажеттілігі бар мамандардың мүмкіндігіне көбірек сенсе екен. Үшіншіден, қоғамда бір-бірімізге деген құрмет арта түссе деймін. Өйткені инклюзивті қоғам заңмен ғана емес, адамдардың санасымен қалыптасады ғой.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
– Рақмет! Осындай тақырыптардың жиі көтерілгені біз үшін өте маңызды.
Mezgil.kz