Жастар – кез келген мемлекеттің қозғаушы күші, елдің интеллектуалдық және экономикалық әлеуетін айқындайтын басты ресурс.

(Суреттер: aqshamnews.kz, aikyn.kz)
Сондықтан жастарды қолдау, олардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмыспен қамтылуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, баспаналы болуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстанда соңғы жылдары жастар саясатын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар бастамалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып, жас буынның жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер қалыптасып келеді.
Жастар саясатының бүгінгі бағыты, оның жүзеге асырылу барысы және жас ұрпаққа көрсетіліп жатқан қолдау шараларының маңызы туралы саясаттанушы, публицист Бекнұр Кисиков өз пікірін білдірді.
- Менің ойымша, негізі қоғамдық кеңесте де жұмыстардың мониторингін жасадым. Алматыдағы жастар ұйымдарының, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының жұмыстарымен танысып, олардың қызметін бақыладым. Барлық жұмысын толық білемін деп айта алмаймын, бірақ жеткілікті деңгейде хабардармын.
Жалпы, қазіргі жастар саясаты өте жақсы бағытта дамып келеді деп ойлаймын. Жыл сайын деңгейі өсіп жатыр. Мысалы, осыдан 1–2 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, өзім жазушы болғандықтан бұл бағытты ерекше қолдаймын. Соңғы жылдары кітап мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Кітап жәрмеңкелері, кітап конференциялары өткізіліп келеді. Мұның пайдасы – кітап оқитын жастар мен оқырмандардың санын арттыруда.
Екіншіден, белгілі бір себептермен білім ала алмай қалған немесе жұмыссыз жүрген жастарға түрлі курстар ашылып, оқыту мәселесі бойынша қолдау көрсетіліп жатыр. Жатақхана мәселесіне де көңіл бөлінуде.
Қазіргі жоспарлардың ең басты бағыты – жастардың адами капиталын көтеру деп ойлаймын. Әрине, бәрі мінсіз, өте сапалы атқарылып жатыр деп айта алмаймын. Кемшіліктері де бар. Бірақ жалпы алғанда бағыттары мен жоспарлары дұрыс.
Қазіргі таңда жастарға көрсетілетін басты қолдаудың бірі – оларды жұмыспен қамтамасыз ету. Сонымен қатар болжау жүйесі болуы керек. Бұрын бізде болашақта қандай мамандықтар қажет болатынын көрсететін кәсіптер картасы жасалатын. Сол сияқты қазір де алдағы уақытта қандай мамандар қажет болатынын алдын ала анықтап, 14–15 жастағы балаларды соған бейімдеп даярлау қажет. Сондықтан бұл бағытта тұрақты мониторинг жүргізілуі керек.
Мысалы, қазір жасанды интеллект туралы көп айтып жүрміз. Бірақ оны меңгеру үшін қандай жағдайлар жасалып жатыр? Қандай мүмкіндіктер бар? Оны кімдер үйретіп жатыр? Қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осындай мәселелердің барлығы басты назарда болуы керек деп ойлаймын.
Екінші мәселе – қаржылық мүмкіндігі шектеулі, тұрмыстық жағдайы төмен жастарға материалдық қолдау көрсету қажет.
Үшіншіден, білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Қазір жоғары және орта білім саласында мамандар жетіспейді. Сонымен қатар білім сапасы өте жоғары деп айта алмаймын. Кейде тәжірибелі мамандарды оқытуға ғана көңіл бөлініп, жастар назардан тыс қалып жатады. Сондықтан осы бағытқа да мониторинг жүргізіп, саралау қажет деп ойлаймын.
Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету дегеніміз – тек бір жұмыс тауып беру емес. Бұл жалпы инфрақұрылымдық мәселе.
Мысалы, еліміздің оңтүстігінде жастар көп, ал солтүстік өңірлерде маман жетіспейді. Солтүстік аймақтарда жұмыс орындары да бар. Сондықтан мемлекет жастарға қолдау көрсетіп, сол өңірлерге барып еңбек етуіне мүмкіндік жасауы керек деп ойлаймын.
Жалпы, қазір жұмыс ұғымының философиясы жоғалып кеткендей. Көп жастар курьер болып жұмыс істеп жүр. Курьерлік – ұзақ мерзімге арналған жұмыс емес, уақытша кәсіп. Оның үстіне бәрі бірдей курьер бола алмайды. Сондықтан жастарды өз мамандығына сай дайындап, нақты нәтиже беретін бағыттарға бейімдеуіміз керек.
Көпшілік қалаға ұмтылады. Алайда қалада да жұмыс жетіспегендіктен курьер немесе даяшы болып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Мен бұл мамандықтарды жаман демеймін, олардың да еңбегі құрметке лайық. Бірақ қолында дипломы бар жастар өз мамандығы бойынша жұмыс істегені дұрыс. Егер олар Қазақстанның шеткі өңірлеріне, әсіресе солтүстік аймақтарға барып еңбек етсе, өз мамандығына сай жұмыс тауып, елге де, өзіне де пайдасын тигізер еді. Сондықтан мемлекет осы бағытта қолдау көрсетіп, жастарды ынталандыруы керек деп ойлаймын.
Мен көп жастармен сөйлесемін. Олардың көбі отбасы құрғысы келмейді. Себебі қаржылық мүмкіндігі жоқ, өз күнкөрісін әрең қамтамасыз етіп жүр. Осындай жағдайлардың салдарынан отбасы құруды кейінге қалдырады. Мұның соңы демографиялық мәселелерге де әсер етуі мүмкін.
Сондықтан жастарға арналған арнайы қалалар салу керек деп ойлаймын. Мысалы, қазір Алатау City жобасы туралы айтылып жүр ғой. Сол сияқты жастарға арналған қалалар болса, онда жатақхана, тұрғын үй, жұмыс орындары, мектеп, балабақша сияқты барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылса, жастар өз отбасын құрып, өз мамандығымен жұмыс істеп, жаңа қаланың дамуына да үлес қосар еді. Осындай бағдарламалар шетелде, соның ішінде Америкада да жастарға мүмкіндік ретінде жүзеге асырылған.
Жалпы, жастарды қолдау туралы айтқанда көбіне материалдық мәселелерге тоқталамыз. Бірақ психология, философия және рухани құндылықтар жағын да ұмытпауымыз керек. Қазіргі кезде жастардың бір бөлігі тек ақша табуға ұмтылып, өз тарихын, дәстүрін, тамырын ұмытып бара жатқандай көрінеді. Сондықтан біз ең алдымен тәрбиелі, мәдениетті, инабатты жастарды қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын.
Әрине, бұл жай ғана ұран немесе бос сөз болмауы керек. Бұған дейін де жоғары деңгейдегі басшылар айтып келеді. Бірақ ол нақты іске айналғанда ғана нәтиже береді. Сондықтан жастардың рухани дамуына, кітап оқу мәдениетіне және ішкі дүниесінің қалыптасуына да жастар саясатында ерекше көңіл бөлінуі қажет.
Жастар саясаты тек жатақхана немесе жұмыспен қамтамасыз етумен шектелмеуі керек. Жастардың ішкі байлығы, дүниетанымы, патриотизмі қандай деңгейде дамып жатыр – осыған да назар аудару қажет.
Қазір көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бірақ олардың кейбірінің нақты мағынасы жоқ, көбіне көзге көріну үшін ғана ұйымдастырылатын сияқты. Ал оның жастарға қандай әсер бергенін, қандай пайдасы болғанын ешкім терең талдап жатқан жоқ.
Дүниежүзінде "social impact" деген ұғым бар. Яғни өткізілген шара қандай әсер берді, қандай ой қалдырды, одан кейін қандай өзгеріс болды – осының бәріне талдау жасалады.
Негізі бұл тек басқарманың ғана жұмысы емес. Бұл – бүкіл қоғамның, мемлекеттің ортақ міндеті. Сондықтан жастар мәселесін тек бір ұйымның жауапкершілігіне артып қоймай, барша қоғам болып қолға алуымыз керек.
Mezgil.kz