Қазіргі таңда Ресей мен Украина арасындағы қанқасап соғыс мүлде жаңа сипат алып, майдан даласындағы динамика күн өткен сайын өзгеруде.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
«BLOOMBERG»: УКРАИНА РЕСЕЙДІҢ ЖАРТЫ ЖЕРІН ҚАРУЫМЕН КӨЗДЕП ОТЫР!
Осы ретте әйгілі «Bloomberg» басылымы Украинаның зымыран және дрон шабуылдарының ауқымы соңғы айларда айтарлықтай кеңейгенін жазыпты. Бұрын мұндай ескертулер негізінен шекаралас аймақтарға қатысты болса, қазіргі таңда Украина өз әлеуетін арттырып, Ресей аумағының жартысына жуығына соққы жасауға қабілетті болып отыр.
Сарапшылардың пайымдауынша, Украина ендігі жерде өз өндірісінен шыққан соққы жасаушы дрондар мен қанатты зымырандарды қос-қостап қолданып, Ресейдің әуе қорғаныс жүйесін әлсірету тактикасын тиімді пайдалануда.
КЕЛЛОГ: БІЗ БӘСТІ УКРАИНАҒА ТІГІП ОТЫРМЫЗ!
Осы жағдайға байланысты АҚШ президентінің Украина мәселелері бойынша бұрынғы арнайы өкілі Кит Келлог маңызды мәлімдеме жасады. Ол 2023 жылдан бері алғаш рет Украинаның Ресейге қарағанда басымдыққа ие бола бастағанын және майдандағы жағдайдың Украина пайдасына өзгеретініне сенім артатынын жеткізді. Келлог соғыстың нәтижесін тек іскерлік келіссөз ретінде қарастыруға болмайтынын ескертіп, бұл мәселеде дипломатиялық тәжірибе мен саяси дұрыс шешімдердің маңыздылығын баса айтты.
«2023 жылдан бері Украина алғаш рет майдан шебінде Ресейге қарағанда басымдыққа ие бола бастады. Егер бүгін біз Украинаға бәс тігіп отырмыз», - деді.
Сонымен қатар, АҚШ-тың «CSIS» (Center for Strategic and International Studies) орталығының мәліметінше, Ресей соғыста әскери басымдықты толығымен жоғалтып алды. Орталық сарапшылары Ресейдің адам шығынының өте жоғары екенін, 2026 жылдың бірінші жартысында екі тараптың шығын арақатынасы 8-дің 1-іне жеткенін алға тартады. Мұндай нәтижеге қол жеткізуде Украинаның жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған дрондарды қолдануы шешуші фактор болғаны атап өтілген.
БОЛЖАМ: РЕСЕЙ ЭЛИТАСЫ ПУТИНГЕ ҚАРСЫ БАС КӨТЕРУІ МҮМКІН!
Осы орайда, батыстық басылымдар Ресей президентінің жеке басының қауіпсіздігіне алаңдап, Федералдық күзет қызметінің (ФСО) аппаратын айтарлықтай кеңейткенін жазуда. Бұл орган жоғары лауазымды тұлғаларды, соның ішінде Путинді және оның жақын ортасын қорғаумен айналысады. Соғыс басталғалы бері күзетшілер санының артуы Мәскеудегі билік өкілдерінің өз қауіпсіздігіне деген үрейін көрсететіндей.
Ал «Forbes» басылымының сарапшылары Ресейдегі ішкі саяси ахуалға қатысты болжам жасады. Шолушы Мелик Кайлан Ресей тарихындағы сәтсіз әскери науқандардың режимнің ауысуына әкеп соққанын мысалға келтіре отырып, алдағы үш жыл ішінде Ресей элитасы мен ірі бизнес өкілдерінің билікке қарсы шығуы мүмкін екенін болжайды. Сарапшының пайымдауынша, тығырыққа тірелген биліктің ұрда-жық саясатынан шаршаған элита өз тағдырларын сақтап қалу үшін түбегейлі қадамдарға баруы мүмкін. Сондай-ақ, басылым Кремльдегі күштік құрылымдардың өзара бәсекелестігі мен қақтығысының да билік жүйесін әлсіретіп, ішкі бүлікке ұласу қаупі бар екенін жоққа шығармайды.
Mezgil.kz