Әлем жұрты ызу-қызу талқылап жатқан тақырыптардың палитрасына көз салсақ, Украина мен Ресейдің, АҚШ-Израиль тандемі мен Иранның арасындағы ауқымды соғыстардан бастап, әр күні тарс-тұсырмен ататын Таяу Шығыс пен тыныштығы кете бастаған Тынық мұхитына дейінгі аралықты тұтас қамтиды. Осылардың ішінде ию-қиюы көп Еуропада да сан қилы тартысты саяси оқиғалар орын алуда. Бүгін Mezgil.kz оқырмандарына Сербиядағы саяси оқиғаларға қатысты ауқымды шолу ұсынғанды жөн көрдік.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
ВУЧИЧ КЕТСЕ МӘСКЕУ ТАҒЫ БІР «ЖАҚТАСЫНАН» АЙЫРЫЛА МА?
Шынтуайтына келгенде, Сербия президенті Александр Вучичті – Ресейбасы Владимир Путиннің ашық жақтасы деуге және келмейді. Балқандағы Белградтың сыртқы саясаттағы ұстанымы – аса күрделі көпвекторлы саясат. Ал президент Вучич бір жағынан өзін – Ресеймен достық қарым-қатынастарды сақтауға мүдделі басшылардың бірі ретінде позициялап келеді. Сөйте тұра – Еуропалық одаққа интеграциялану жолын ұстануда. Сол себепті де, Ресеймен ашық түрде әскери салада одақтастықтан бас тартып келеді.
Вучичтің мұндай екіұшты саясат ұстануының басты себебі – Белградтың Мәскеуге энергоресурстар мәселесінде тәуелді бола түсуі. Сербия – Ресей газының тұтынушысы. Кей деректерде, Сербия тұтынатын газдың 90 пайызға жуығы Ресейге тиесілі екені айтылады. Тіпті, «Балқан ағыны» құбырымен ағылып жатқан Ресейдің энергоресурсын Сербия Еуропадағы елдердің ішінде ең төменгі бағада алып отырған ел саналады. Осылайша, Белград елішілік тұтынушылықты қамтамасыз етіп отыр.
Десе де, соңғы жылдардағы Еуропаның Ресейге қатысты қатал саясаты Белградты әжептәуір тығырыққа тіреді. Еуропаның ұжымдық түрде Ресейдің энергоресурстарынан бас тарту саясаты – Сербияны энергетикалық ресурстарды диверсификациялауға мәжбүрлеуде. Сол себепті де, Сербия қазірдің өзінде Әзірбайжан газын сатып ала бастаған. Дейтұра, қазір бұл мәселеде – Сербия үшін Ресей басты әріптес саналады.
Бұдан бөлек, Ресей Косова мәселесінде БҰҰ алаңдарында Сербияға жан-жақты дипломатиялық қолдау көрсетуде.
Ал Украина мәселесінде Вучич «Украинаның территориялық тұтастығын» қолдағанымен, антиресейлік санкцияларды қолдамай, бейтарап позиция ұстанып келеді.
АЛЕКСАНДР ВУЧИЧ КІМ?
Александр Вучич – Сербияның қазіргі президенті. Бұған дейін елдің премьер-министрі болған. 90-шы жылдардың соңғы шегінде Сербияның Ақпарат министрі болған.
Жуырда ол елішілік наразылықтар өршіген соң, мерзімінен бұрын қызметтен кететінін жариялады. Ал бұл наразылықтардың өрши түскеніне 1,5 жылға жуықтаған. Жұрт Вучичтің доғарысқа кетуін және елде жаңадан сайлау өткізу керектігін талап еткен.
Вучичтің өзі сөзбе-сөз: «Мен әлі 1-2 апта президенттік қызметімді жалғастырамын. Сосын «отставкаға» кетемін», - деген алаңдағы жақтастарының алдына шығып тұрып. Әйтпесе, Вучичтің президенттік мерзімі 2027 жылы аяқталуы тиіс-тін.
Вучич жай кетпек емес, ол өзі басқаратын «Серб прогрессивті партиясына» (СПП) парламенттік сайлауда жеңіске жетуге көмектесіп кетпек. Ол сайлауға «Біртұтас Сербия» атты кандидаттар тізімін ұсынатынын айтты.
Шыны керек, Вучич ел ішіндегі ұлтшылдық риториканы еуропалық талпыныстармен шебер ұштастыра отырып, сонымен бірге Ресеймен достық экономикалық және саяси қарым-қатынастарды сақтай отырып, 12 жыл бойы мемлекеттегі ең жоғары лауазымдарды атқарып келді. Өзінің кетераяқ сөзінде Вучич өзінің жетістіктерінің қатарында «ҚХР және Ресеймен «дәстүрлі достықты» сақтауды, сонымен бірге Сербияның «еуропалық жолмен» ілгерілеуін қолдауды атап өтті.
НАРАЗЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ НОВИ-САДТАҒЫ ТРАГЕДИЯ
Ол билікке келгелі-бері Сербияда көп мәрте наразылықтар ұйымдастырылған. Оппозиция Вучичті «авторитарлық билік құрды», «баспасөзге қысымды күшейтті», «оппозицияны басып-жаншыды» деген айыптар таққан. Бұл наразылықтардың ең шегі – 2024 жылдың қарашасында Нови-Сад қаласында қайта жөндеуден өткен вокзалдың күнқағары құлап, қайғылы жағдай орын алғаннан кейін тіпті өршіді. Сол кезде қайғылы жағдайдан 16 адам қаза тапқан. Ашуға мінген тұрғындар вокзалды жөндеуге қатысты құжаттардың толық жариялануын және құрылысқа жауапты министрлерге де қатысты тергеу жүргізілуін талап етті. Наразы жұрт бұл қайғылы оқиғаның басты себебі – құрылыс ісіндегі жемқорлық екенін алға тартты.
Наразылықтар өршіген тұста, билік студенттерге қысымды арттырып, шеруге шыққандарды қамай бастаған. Бұл онсыз да маздап тұрған шоқты өршіте түскен әрекет болды. Айлар бойы толассыз шерулер ұйымдастырылып, жастар да, кәрілер де көшелерге шықты. Митингілер Сербияның ірі қалалары мен шалғай аймақтарын да қамтыды. Митингтердің ең ауқымдысы – Белградта өтті. Оған бірнеше жүз мың адам қатысқан. Арты күштік құрылымдармен қақтығыстарға ұласты.
2024 жылдан бастап жалғасып жатқан ірілі-ұсақты наразылықтардың барлығында Александр Вучич табандап қарсы тұрды. Парламентті таратудан бас тартты. Тіпті: «Бұл наразылықтарды шетелден арнайы күштер ұйымдастырып отыр», - деп айып тақты. Бір жолы наразылыққа шыққандарға қарата: «Біз бәріңді кешіреміз. Сендерге қол созамыз. Бірақ, біз ақымақ емеспіз, өткен жылдар бойы сендердің елімізді қалай бүлдіргендеріңді еш ұмытпаймыз», - деп кейіген.
Түйін: Сарапшылар: «Александр Вучич биліктен өзі кеткенімен, өз орнына өз жақтасын отырғызу үшін бар күшін салады. Ал өзі елдің премьер-министрлігіне үмітті. Елдегі Президенттік лауазымның күші премьерліктен әлсіз екенін ескерсек, Сербия саясатының ақсақалына айналған Вучич кресло ауыстырғанымен, биліктен мүлде қол үзіп қалмайды», - деп болжайды.
Mezgil.kz