Пашинян Мәскеуге қатты айтты: ЕАЭО өзінің бар-жоғын нақтылап алсын!

Бұл жолы Армения премьері Никол Пашинян Еуразиялық экономикалық одақтың болашағына қатысты өте қатаң позициясын білдірді.

1782470976519537.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

ПАШИНЯН: ЕАЭО ӨЗ-ӨЗІН ТАРАТЫП ТЫНАДЫ!

Оның пікірінше, «бұл ұйым өзінің өміршеңдігін дәлелдеуі керек. Егер одақ аясында тауарлардың, қызметтердің және қаржының еркін қозғалысы іс жүзінде қамтамасыз етілмесе, онда мұндай одақтың бар болуының өзі мағынасыз» деген ой түйеді Армения премьері.

Пашинян өзі жоқ кезде серіктес елдердің қабылдаған шешімдеріне алаңдаушылық білдіріп, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер кез келген уақытта бір-біріне қарсы шектеулер қоя беретін болса, ұйымның өзін-өзі жоюына тура келетінін ашық айтты.

«ЕАЭО дейтін одақ ішінде тауарлардың, қызметтердің және қаржының еркін қозғалысы жұмыс істей ме, жоқ па? Ең әуелі соны нақты анықтап алу керек! Егер бұлай болмаса, онда ЕАЭО-ның да болмағаны деген сөз. Менің ЕАЭО-дағы серіктестеріме, олардың мен жоқ кезде қабылдаған шешімдеріне қатысты сұрақтарым бар. ЕАЭО-ның кез келген елі кез келген уақытта басқа бір елге қарсы осындай шешім қабылдай ала ма? Егер солай болса, онда ЕАЭО бұл әрекетімен өзін-өзі таратып тынады деген сөз», - дейді Пашинян.

ПАШИНЯННЫҢ ӨКПЕСІ – МӘСКЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН!

«Армения премьерінің бұл өкпесі ең әуелі Мәскеуге бағытталған», - дейді сарапшылар. Өйткені Ресейдің Армениядан келетін импортқа және армян тауарларының транзитіне салған шектеулері де армян билігінің қатты наразылығын тудырып отыр. Дегенмен, ішкі саясатта Пашинян тұрақтылықты сақтауға ниетті, ол үкімет құрамындағы вице-премьерлер мен министрлерді жақын арада ауыстыруды жоспарлап отырмағанын жеткізді.

Бұл шиеленістің төркіні Ереванда жақында өткен саяси оқиғалармен тікелей байланысты. 2026 жылдың мамыр айында Ереванда Еуропалық саяси қауымдастық пен Армения–ЕО саммиті өтті. Оған Еуропаның ондаған ықпалды басшылары, соның ішінде Украина президенті Владимир Зеленский қатысты. Зеленскийдің сол жиындағы Ресейге қарсы қатаң мәлімдемелері Мәскеуді бұлқан-талқан күйге түсірді. Артынша Ресей Арменияға қысымды күшейтіп, армянның ауыл шаруашылығы өнімдеріне, минералды суы мен алкоголіне импорттық шектеулер енгізді, тіпті елшісін Мәскеуге кеңес алу үшін шақырып алды.

Көп ұзамай, 7 маусымда өткен парламенттік сайлауда Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы 49,81 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Сайлау нәтижесі армян қоғамының басым бөлігі Еуропамен интеграциялану бағытын қолдайтынын көрсеткендей болды.

Осы оқиғалардан кейін сарапшылар арасында «Пашинян Мәскеумен араны біржола үзетін күн алыс па?» деген сауал жиі қойыла бастағаны да жасырын емес. Десе де, сарапшылардың пікірінше: Армения экономикасы Ресеймен әлі де тығыз байланысты, Ереван әлі де ЕАЭО мүшесі, Ресейдің Армения аумағындағы әскери базасы да жұмысын жалғастыруда және Ресейде миллиондаған армян азаматы еңбек етіп жүр. Сондықтан, Пашинян Батыспен ынтымақтастықты тереңдетуді стратегиялық бағыт ретінде ұстанғанымен, Мәскеудің қысымы бұл процесті біршама баяулатуы мүмкін деп күтілуде.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар