Минскіге қойылған ультиматум: Украина мен Беларусь ашық соғыса ма?

Беларусь билігі мен Украина арасындағы қазіргі қарым-қатынастың күрделілігі мен Беларусь жеріндегі әскери белсенділіктің артуы соңғы күндері халықаралық саясаттың саяси күн тәртібіндегі ең өткір мәселеге айналып отыр.

1782212559670125.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

БЕЛАРУСЬ ОППОЗИЦИЯСЫ: ЛУКАШЕНКО СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛУДА...

Жуырда Беларусь оппозициясынан жасақталған «Біріккен өтпелі кабинет» мүшелері арнайы есеп-қисап дайындап, Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибигаға табыстапты. Онда Беларусь билігінің ашық соғысқа қызу дайындалып кеткенін дәлелдейтін фактілер жиналған.

Отыз беттен тұратын бұл құжатта Лукашенко режимінің ӨЗ елін Украинаға қарсы соғысқа тікелей қатыстыруға немесе Ресей Федерациясының шабуылдарын жүзеге асыру үшін стратегиялық плацдарм ретінде пайдалануға жүйелі түрде дайындап жатқаны туралы дәйекті деректер келтірілген. Сарапшылардың пікірінше, бұл құжат тек бақылау емес, сонымен бірге аймақтық қауіпсіздікке төнген үлкен қауіптің тізімі іспетті.

Сонымен, есепте не жазылған? Қараңыз:

▪ Лукашенко билігі Конституция мен әскери доктринаға ел аумағынан тыс жерде армияны қолдануға және қауіптің алдын алу соққыларын жасауға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізген;

▪ Әскер санын көбейту, Украина бағытында оңтүстік жедел қолбасшылығын құру және мобилизациялық резервті кеңейту туралы шешім қабылданып, жүзеге асырыла бастаған;

▪ Бюджеттегі әскери шығындарды өсіріп, Беларусь әскери-өнеркәсіптік кешенінің Ресейдікімен интеграциялану бойынша шешімдер қабылданған;

▪ Ресейдің тактикалық ядролық қаруы мен «Орешник» кешенін ел аумағына орналастырған, сондай-ақ, ресейлік әскерді Беларусь аумағына орналастырған;

▪ Украина, Польша және Литва шекараларында қорғаныс шептерін сала бастаған. Білім беру саласын милитаризациялау (әскерилендіру) және әскери-патриоттық лагерьлерді дамыту бойынша шешім қабылданған;

▪ Денсаулық сақтау жүйесі мен азаматтық инфрақұрылымды соғыс уақытындағы жағдайға келтірген;

▪ Жағармайдың стратегиялық қорларын жинақтау және азаматтық көлікті мобилизациялау мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

Сарапшылар: «Беларусьтің әскери доктринасы мен Конституциясына енгізілген соңғы өзгерістер тек қағаз жүзіндегі дүние емес, олардың артында нақты әскери мақсаттар жатыр. Ел басшылығы превентивті соққы беру құқығын заңдастырып, армияны өз шекарасынан тыс жерлерде қолдануға мүмкіндік беретін тетіктерді бекітті. Бұл қадамдар Украина бағытындағы оңтүстік жедел қолбасшылығының құрылуымен және контракттық армия санының ұлғаюымен ұштасып отыр. Мобилизациялық резервті кеңейту және әскери шығындардың жылдан жылға күрт артуы, сондай-ақ Беларусьтің қорғаныс өнеркәсібін ресейлік ВПК-мен толыққанды кіріктіру үдерісі жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді», - дейді.

ЗЕЛЕНСКИЙ ЛУКАШЕНКОҒА ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙДЫ...

Украина президенті Владимир Зеленскийдің бұл оқиғаларға байланысты айтқан сөздері өте қатаң және ымырасыз болды. Ол Лукашенконың бұрынғы «мен бәрінен кешірім сұраймын» немесе «соғысқа қатыспаймыз» деген сөздерінің енді ешқандай күші жоқ екенін ашық мәлімдеді.

«Соғыстың алғашқы күндерінен бері Беларусь аумағы Украинаға қарсы ракеталық шабуылдар жасау үшін пайдаланылғаны белгілі, ал ол кезде Лукашенко мұны «бақылай алмадым» деп ақталған еді. Енді мұндай сылтаулардың уақыты өтті және Киев енді тек нақты іс-әрекеттерге ғана қарайды», - деді Зеленский.

Ең басты талап – Украина аумағындағы бейбіт халыққа бағытталған оқ атуды түзетіп, дрондардың соққы жасауына көмектесетін барлық арнайы техникалық жабдықты шекарадан алып тастау. Президент бұл үшін нақты бір апталық мерзім белгіледі. Егер бұл талап орындалмаса, Украина өз аумағының қауіпсіздігі үшін шекараның арғы жағындағы қауіп көздерін өз күшімен жоятынын ашық ескертті.

Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында Беларусьтен Ресейге жіберілген бензин мен жанар-жағармай көлемінің былтырғымен салыстырғанда 13 есеге дейін өсуі жағдайдың қаншалықты ауыр екенін көрсетеді. Мұндай экономикалық көмек Лукашенконы Ресейдің соғыстағы серіктесіне айналдырып, Украинаның заңды нысанасына қойып отыр.

Зеленскийдің сөзімен айтқанда, Лукашенконың сөзі емес, оның Украинаға бағытталған қауіпті техниканы шекарадан әкетуі ғана қазіргі жағдайды оңалтуы мүмкін. Украина билігі үшін бұл мәселедегі аралық кезең аяқталды – енді не Лукашенко өз еркімен техникасын шекарадан алады, немесе Украина оны күштеп жояды, бұл екі жақтың да қақтығысқа жақындай түскенін білдіреді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар