АҚШ пен Иран біржола келісе ме? Сыртта қалған Путин енді қайтпек?

АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған бейбіт келісімге қол қоюға дайындық қызу жүріп жатыр.

1781686249200597.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф тараптардың келісім жобасын толықтай мақұлдағанын және жақын арада оған ресми түрде қол қойылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, екі ел қарқынды келіссөздерден кейін барлық бағыттарда әскери операцияларды дереу тоқтатуға уағдаласқан. Ресми қол қою рәсімі 19 маусымда Швейцарияда өтеді деп жоспарланған.

ТРАМП, АРАКЧИ МЕН ВЕНС: ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ?

АҚШ президенті Дональд Трамп та бұл меморандумның қақтығысты тоқтату жолындағы маңызды қадам екенін растады.

Келіссөздердің барысында Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи қол қою рәсімі 19 маусым күні өтетінін, ал сол күні ядролық бағдарлама мен санкциялар бойынша келіссөздердің жаңа кезеңі басталатынын хабарлады.

Өз кезегінде АҚШ вице-президенті Жей Ди Венс келісімдегі маңызды талаптардың бірін атап айтты. Оның сөзінше, алдағы 60 күндік келіссөздер кезеңінде Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қатынауы үшін ешқандай ақы алынбайды. Вэнс Вашингтон бұл механизмнің келісімдер толық бекітілгеннен кейін де сақталуын қалайтынын және бұғазды пайдалану үшін төлем алу тәжірибесіне түбегейлі қарсы екенін атап өтті.

Сонымен қатар вице-президент келісімнің аясында Иранның «ХАМАС», «Хезболла» және «Йемендік хуситтер» секілді бірқатар қарулы топтарға қолдау көрсетуді тоқтату міндеттемесі бар екенін жеткізді.

КҮДІК ПЕН КҮМӘН: АҚШ ПЕН ИРАН БІРЖОЛА БІТІМГЕ КЕЛЕ МЕ?

Алайда, бұл процеске қатысты күдік-күмән мен келіспеушіліктер де жоқ емес. АҚШ барлау қызметінің басшысы Жон Рэтклифф президент Дональд Трампқа Иранның ядролық бағдарламаға қатысты өз міндеттемелерін орындауға дайындығына күмән келтіретін деректер бар екенін жеткізді.

«Axios» агенттігінің хабарлауынша, америкалық арнайы қызметтер Иран келіссөзшілерінің жабық есік жағдайындағы мәлімдемелері мен жария риторикасы арасындағы алшақтықты байқаған, бұл Тегеранның шынайы ниетіне қатысты сауал тудырып отыр. Мұндай алаңдаушылықты АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен қорғаныс министрі Пит Хегсет те білдірген.

Осыған дейін БАҚ-та «Иран Ормуз бұғазын ашқаны үшін және соғыстағы шығындары үшін Вашингтоннан 300 миллиард долларға дейін өтемақы алады» деген ақпарат тараған болатын. Алайда Дональд Трамп бұл ақпаратты өз әлеуметтік желісінде қатаң терістеп, 300 миллион доллар төленеді деген қауесетті «әдейі бұрмаланған факт» деп атады және бұл мәліметті Демократиялық партия өкілдерінің таратып отырғанын алға тартты.

Президент Иранның ядролық қаруға ие болмауға келіскенін қайталады. Сонымен қатар АҚШ әкімшілігінің өкілдері келіссөздер жүріп жатқан 60 күн ішінде аймаққа жіберілген қосымша әскери күштердің шығарылмайтынын және келісімнің жүзеге асуы Иранның нақты қадамдарына тікелей байланысты болатынын мәлімдеді.

РЕСЕЙГЕ ҚЫСЫМ АРТАДЫ: КЕЛІССӨЗДЕН СЫРТ ҚАЛҒАН ПУТИН ҚАТПЕК?

Сарапшылар бұл келісімнің геосаяси салдарына да назар аударуда. «Newsweek» басылымының бағалауы бойынша, АҚШ пен Иран арасындағы ымыра Ресейдің мүдделеріне соққы болуы мүмкін. Егер Ормуз бұғазындағы қатынас қалпына келсе, Мәскеу әлемдік энергетика нарығындағы дағдарыстардан пайда табатын ықпалынан айырылып, мұнай бағасының төмендеуі Ресей экономикасына қысымды күшейтеді.

Бұдан бөлек, Батыстың Ресейге қарсы санкциялық қысымы артуы мүмкін.

Ал Польшаның «PISM» сараптамалық орталығы бұл деэскалацияны Еуропа үшін тиімді деп бағалайды. Олар мұны энергетикалық нарықты тұрақтандырудың және болашақта Иранға қарсы санкцияларды жеңілдетудің жолы ретінде көреді. Дегенмен, Иранның адам құқығын бұзуы және Ресеймен әскери серіктестігі сияқты мәселелер Еуропаның Тегеранмен толыққанды жақындасуына әлі де тосқауыл болып қала береді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар