Жапония соғысқа дайындалуда: Басты қауіп – Қытай мен Ресей...

Жапония билігі өңірдегі қауіп-қатерлердің күшеюі мен соғыс жүргізудің жаңа формаларының күн санап өзгеріп отыруын ескеріп, ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысқа қатысты 3 негізгі құжатты қайта қарауды жоспарлап отыр.

1781603985473540.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Батыстағы БАҚ-тың хабарлауынша, қазір Жапон билігіндегі талқылаулардың ең маңыздысы — «Өзін-өзі қорғау күштерін» заманауи жағдайларға бейімдеу және жаңа әскери мүмкіндіктерді, соның ішінде ұшқышсыз жүйелерді дамыту мен дрондар мен зымырандардың жаппай шабуылдарына қарсы іс-қимыл құралдарын енгізу болып отыр.

ЖАПОНИЯНЫҢ БАСТЫ ҚАУПІ – ҚЫТАЙ...

«Hudson Institute» аналитиктерінің мәліметінше, Қытайдың әскери әлеуетінің артуына, оның ішінде өңірдегі ықтимал қақтығыста шешуші рөл атқаруы мүмкін алыс қашықтықты көздейтін бомбалаушы ұшақтарды дамытуына ерекше назар аударылуда.

Сарапшылар елдің географиялық орналасуына байланысты Жапонияның әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚ) жүйесінің осал тұстарын атап өтуде. Бұл көпдеңгейлі қорғаныс құруды, алыстан анықтау жүйелерін күшейтуді, сондай-ақ суасты және ұшқышсыз жүйелерді дамытуды талап етеді.

Жалпы алғанда, Жапонияның қорғаныс стратегиясы қатерлерді алдын ала анықтауға және қару-жарақ тасымалдаушыларын жоюға қарай ойысып келеді.

ТАКАИТИДІҢ ТЕГЕУРІНІ: «ПАЦИФИСТІК» КОНСТИТУЦИЯ

Айта кетейік, биыл жыл басында (ақпанда) Жапония билігі «пацифистік» Конституцияға түзетулер енгізуге ниетті деген ақпарат тараған. Бұл мәлімдемені басқа-басқа елдің премьер-министрі Санаэ Такаитидің өзі айтты.

«Қолда бар нәтижелер мен осы уақытқа дейін жүргізілген талқылауларға сүйене отырып, сондай-ақ барлық парламенттік фракциялардың қолдауына ие бола отырып, мен түзетулер жобасын дайындау және Конституцияны өзгерту бойынша референдумды тезірек өткізуге жағдай жасау үшін қажырлы еңбек етуге бел будым», – деген Такаити.

Жапония – Ресей, Солтүстік Корей мен Қытайды өзінің потенциалды қарсыластары деп санайды. Ал «пацифистік» Конституция Жапонияға Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін күштеп таңылған болатын. Ол Жапонияға жеке армия ұстауға (оның орнына «Өзін-өзі қорғау күштері» құрылды) және ел аумағынан тыс жерде соғыс жүргізуге тыйым салатын.

Жапония бұл шектеулі Конституцияны өзгерту ісін бұрынғы премьер-министр Синзо Абенің тұсында талқылай бастаған. Абе де Конституцияның «пацифистік» мәнін дәйекті түрде жұмсартуды жақтаған. Осылайша, «Өзін-өзі қорғау күштеріне» ел аумағынан тыс жерлерде, соның ішінде одақтастарды қорғау мақсатында әрекет ету мүмкіндігі берілді.

ЖАПОНИЯНЫҢ ОДАҚТАСТАРЫ КІМДЕР?

Ең алдымен, әрине, АҚШ. Бұған қоса, ұлттық қорғаныс тұжырымдамасы Жапонияның жауларына алдын ала соққы беру мүмкіндігі туралы ережемен толықтырылды. Яғни, сол кездің өзінде-ақ Жапонияның «Өзін-өзі қорғау күштері» негізінен, нақты армияға айналудың заңдық мүмкіндігіне ие болды. Дәл сол уақытта Жапония Австралия, Үндістан және АҚШ-пен қатар «Үнді-Тынық мұхитының НАТО-сы» — Қауіпсіздік жөніндегі төртжақты диалогтың (QUAD) мүшесі атанды.

Оның үстіне, Абе бұл блокты құруға бастамашы болғандардың бірі еді. Дегенмен, Австралияның жобадан шығуына байланысты оның жұмысы әжептәуір бәсеңдеп қалған.

Сонымен қатар, Абенің тұсында Жапонияны американдық қару-жарақпен жарақтандыру басталды. Атап айтқанда, Токио бесінші буынның истребительдерін сатып алуды арттырып, елеулі авиациялық топ құрды.

2011 жылы Жапония 42 дана F-35 истребителіне тапсырыс берсе, 2020 жылы АҚШ Жапонияға тағы 105 дана ұшақ сататынын айтты.

ЖАПОНИЯНЫҢ ТАҒЫ БІР ДҰШПАНЫ – РЕСЕЙ...

Жапония билігі өзінің әлеуетті қарсыластарының бірі деп санайтын тағы бір ел – Ресей. Екі арада Куриль аралдарына қатысты келіспеушілік бар және ол жуық жылдарда шешіле қоятын мәселе емес.

Жапония бұл даулы жерлерді «солтүстік аумақтар» деп арнайы атап, өз иелігі деп есептейді. Қайсыбір жылдары экс-премьер Абе әкесінің бейітінің басында тұрып, Курильді қайтаруға ант бергені да бар. Ал былтыр Жапония Сыртқы істер министрлігі: «1945 жылы Ресей Жапонияға заңсыз шабуыл жасап, Куриль аралдарын басып алды», - деп ашық мәлімдеді.

АҚШ та Куриль аралдарын Ресейдікі деп танымайды және жергілікті тұрғындардан американдық виза алу үшін өздерін Жапония азаматтары деп көрсетуді талап етеді.

ЖАПОНИЯ ҚАРУЛАНУДА...

Жапония билігі соңғы жылдары әскери бюджетті еселеп аттырып, әскерін жарақтандыру жұмыстарын күшейтті. Жапония үкіметі әскери қорғаныс бюджетіне 58 млрд доллар бөлді. Бұл алдыңғы жылдардан гөрі әлденеше есе жоғары көрсеткіш.

Токио өзінің гипердыбысты зымырандарын жасап шығаруда. Және шет мемлекеттерге қару-жарақ экспорттауға рұқсат беретін арнайы заң да қабылданды.

Аймақтағы американдық әмбебап десанттық кемелерден (ӘДК) бөлек, жапондардың ӘДК-ге ұқсас функциялары бар өз кемелері бар — бұлар суасты қайықтарына қарсы қорғанысқа арналған деп есептелетін, бірақ іс жүзінде толыққанды авианосец, яғни шабуылдаушы қару болып табылатын «Хюга» типіндегі эсминец-тікұшақ тасығыштары.

«Өзін-өзі қорғау күштерінің» қару-жарағында 12 дана «MV-22 Osprey» конвертопланы бар — бұл АҚШ-тың басты десанттық қаруы. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ бұл қаруды бұған дейін ешкімге ешқашан берген емес. Тіпті, Жапония АҚШ-пен бірлесіп бірнеше рет оқу-жаттығулар өткізді.

Осының бәрі – Такаити тізгінін ұстаған Токионың тыңғылықты дайындығын көрсетеді...

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар