«Ақ жол» сиезі: Перуашев төрағалықтан кетті. Еспаева - партия жетекшісі...

Бүгін Астанада «Ақ жол» партиясының сиезі өтті...

1781345352596614.jpg

(Суреттер: «Ақ жол» партиясының әлеуметтік желілерінен)

Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сиез барысында партия жетекшілігінен кететінін мәлімдеді.

Осының алдында «Аманат» пен «Әділет» партияларының бірігуіне байланысты БАҚ өкілдерінің сұрауына жауап берген Азат Перуашев: «Ақ жолдың» өз жолы, өз бағыты, өз ұстанымы бар», - деп жауап берген еді.

Азат Перуашев кім?

Азат Перуашевтің саяси карьерасы қалай өрбіді десеңіз: Еңбек жолын 1991 жылы сол кездегі Талдықорған облысының Панфилов ауданында инструктор болып бастаған. «Алюминий Қазақстан» АҚ-да вице-президент, «Атамекен» ҰКП-да төраға болған.

2011 жылы саясаткер, қоғам қайраткері Әлихан Байменовтен кейін «Ақ жол» тізгінін ұстаған. Ал 2012 жылы «Ақ жолдың» фракциясын бастап, Мәжіліске өтті. Рас, «Ақ жол» төрағасы Азат Перуашев әлеуметтік желіде һәм қазақ қоғамында көп талқыланатын депутаттардың бірі. Ол – елдің саяси болашағы туралы қоғамда қызу сөзталас жүріп жатқан сәттерде «Ақ жол» төрағасы пікір білдіріп, сұхбат беруден қашқан жоқ.

«Ақ жолдың» жолы...

Партия Алаш идеясын партия бағдарламасына енгізді, осы бағытта Алашқа, Алашордаға, Ұлт зиялыларының һәм қазақ тарихшыларының зерттеу еңбектерін шығару бойынша бірқатар жұмыстар атқарды. «Ақ жол» – Қазақстандағы өзін «сындарлы оппозиция», бизнес партиясы және ХХ ғасыр басындағы «Алаш» қозғалысының ізбасары деп сипаттайды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы ресми тіркелген 2002 жылы тең төрағалар болып Болат Әбілов, Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосов сайланған. 2003 жылы тең төрағаларының саны 5 адамға дейін артты. Бұл қатарға Людмила Жуланова мен Алтынбек Сәрсенбайұлы қосылды. Ал 2005 жылы тең төрағалар институты таратылып, партияны Әлихан Бәйменов тізгіндеді. Онан соң  2011 жылғы құрылтайда «Ақ жол» төрағасы болып бірауыздан Азат Тұрлыбекұлы Перуашев сайланды. «Ақ жол» 2012 жылдан бастап парламенттік партия атанды. Мәжілісте тұрақты депутаттық фракциясы бар.

Сиезде не талқыланды?

Бұл жолғы сиезде «партияның ұстанымдарын жаңа Конституцияға сәйкестендіру үшін» келіп түскен ұсыныстар талқыға салынды. Партия жарғысына өзгерістер енгізілетіні айтылды. Басты мәселелер: Жаңадан қабылданған Халықтық Конституцияға сәйкес партияның Жарғысына өзгерістер енгізу. Партия бағдарламасының жобасын өзектендіру бойынша өңірлердегі филиалдардың ұсыныстарын тыңдау.

Сиезге тең құқылы партияның 170 делегатының 165-і қатысқан. Аталған сиез барысында партия төрағасы Азат Перуашев өзінің партия жетекшілігінен кететінін жариялап, төрағалыққа Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваны ұсынды. Ал партияның Қарағанды өңірлік филиалы төрағалыққа өз кандидаттарын - Ермек Әбділдинді ұсынған. Төраға сайлау бойынша дауыс беру ашық әрі демократиялық тәсілмен жүзеге асқан. Осылардың ішінде 5-еуі қалыс қалып, 8-і Ермек Әбділдиннің кандидатурасын қолдаған. Ал қалғандары Дания Еспаеваның кандидатурасын қолдап дауыс берген.

Сөйтіп, ширек ғасырлық тарихы бар «Ақ жолдың» су жаңа төрағасы болып алғаш рет әйел адам сайланды.

«Ақ жол» демпартиясының су жаңа төрағасы - Дания Мәдиқызы Еспаева!

Дания Еспаева – Ақтөбенің тумасы. Қазіргі Мәжілістің төраға орынбасары. 2016 жылдан бастап Мәжілісте депутат («Ақ жол» партиясынан). Мамандығы - экономист. Саясатқа банк саласынан келген.

2019 жылғы 24 сәуірде «Ақ жол» партиясының XV кезектен тыс сиезінде делегаттар бірауыздан қолдап, сол жылғы президенттік сайлауға «Ақ жол» партиясынан үміткер боп қатысқан. Дания Еспаева Тәуелсіз Қазақстандағы президенттік сайлауға ресми тіркеліп, додаға түскен тұңғыш әйел кандидат. Ол кезде Еспаева 5,05 пайыз дауыс жинап, үшінші сатыға жайғасқан.

Дания Мәдиқызы алдағы Құрылтай сайлауында да өз партиясын саяси додаға бастап кірмек. Ендеше іске сәттілік тілейміз. Ал «Ақ жолдың» бұл додадағы мүмкіндіктері туралы кейінірек, талдау жасайтын боламыз...

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар