2026 жылдың 10 маусымы – Украинадағы толық ауқымды соғыстың 1568-ші күні болды.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Әуелде: «Киевті үш күнде тізерлетеміз», - деп елпініп-желпінген Кремльдің Украинада миллион сарбазын құрбан ете отырып, жалғастырып жатқан қанқасап соғысының созылып жатқан уақыты осы межеден асып жығылды...
УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЖІЛІК СОҒЫСТАН ДА ҰЗАҚҚА СОЗЫЛДЫ
Анығы бұл сан жай ғана күнтізбелік көрсеткіш емес, адамзат тарихындағы ең ауыр сынақтардың бірі болған Бірінші дүниежүзілік соғыстың ұзақтығымен теңескен тарихи меже.
Салыстыру үшін есеп қылсақ: 1914 жылғы 28 шілдеден 1918 жылғы 11 қарашаға дейін созылған сол бір сұрапыл соғыс – Бірінші жаһан соғысы ұзын-ырғасы 1566 күнге (4 жыл 106 күн) созылыпты. Ал Екінші жаһан соғысы 1939 жылдан бастап 1945 жылға дейін 2194 күнге созылған екен.
Осы бір адамзат тарихындағы ең ұзаққа созылған сұрапыл, азап пен қазаға толы кезеңдерден бері ешбір қақтығыс одан ұзаққа созылмастай көрінуші еді. Алайда, бүгінгі Украина жеріндегі қанқасап оқиғалар бұл түсінікті түбегейлі өзгертіп, соғыс тарихының жаңа парағын ашты.
СОҒЫС СИПАТЫН ӨЗГЕРТКЕН УКРАИНА ДРОНДАРЫ
«The New York Times» басылымы атап өткендей, екі соғыстың да сипаты технологиялық жаңалықтардың арқасында күрт өзгерген. Бұдан бір ғасыр бұрын ұшақтар мен танктер соғыс алаңындағы ахуалды айтарлықтай өзгертсе, бүгінде сол рөлді дрондар атқарып отыр.
Украинаның соғысты тоқтатуға бағытталған стратегиясы осыған байланысты сол кездегі одақтастардың тактикасымен үндеседі. Ол кездегі экономикалық блокада мен әскери қысым бүгін Ресейдің мұнай активтері мен әскери әлеуетін нысанаға алған дрон шабуылдары арқылы көрініс табуда.
РЕСЕЙ: КҮЙРЕУІК ЭКОНОМИКА МЕН САНКЦИЯ ҚОС ӨКПЕДЕН ҚЫСУДА
Ресей экономикасы соғыстың бесінші жылында өз ресурстарын тауыса бастағанын сарапшылар айтуда.
Стокгольм экономикалық институтының сарапшылары Ресейдің қаржылық буферлерінің айтарлықтай таусылғанын және Қытайға деген тәуелділіктің оларға күн санап қымбатқа түсіп жатқанын алға тартады. Ресей экономикасы толығымен құламаса да, оның құрылымдық негіздері жедел күйреп жатқанын ескертеді. Мұнай өңдеу зауыттарына жасалған украин соққылары экспорттық кірісті тұрақты түрде кемітуде. Сондықтан экономистер: «Ресей экономикасының қазіргі сыни әлсіреуі Батыс үшін шешуші қадам жасайтын терезе мүмкіндігін ашып отыр», – деген қорытындыға келеді.
РЕСЕЙ ЛОГИСТИКАСЫ: ЛАПЫЛДАП ЖАНҒАН ЖАНАРМАЙ КЕРУЕНІ...
«Reuters» агенттігінің мәліметінше, Украинаның орта қашықтыққа соққы беру операциялары майдан шебіндегі Ресейдің алға жылжуын айтарлықтай тежеді. Бұл шабуылдар жаудың логистикасын бұзып, ПВО жүйесін әлсіретті.
Украинаның дрон әскерін басқаратын Роберт Бровди (Мадияр) өз сөзінде: «Ресейдегі адамдар да қазір соғыстың азабын сезе бастады. Біздің бұл операцияларымыздың басты негізгі мақсаты – Ресейдің соғысу қабілеті мен оны жалғастыруға деген еркін жою», - дейді.
Ал АҚШ-тың бұрынғы арнайы өкілі Кит Келлог келіссөздер процесінің тоқтап тұруын оң бағалайды. Ол: «Мен келіссөздер процесі іс жүзінде тоқтатылды деп ойлаймын. Бұл жаман емес. Шын мәнінде, бұл жақсы. Украина үшін жақсы. Оны майдан даласындағы Украинаның ілгерілеуінен аңғарсаңыз болады», - дейді Келлог.
САРАПШЫЛАР: ПУТИН СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУҒА НИЕТТІ ЕМЕС...
Дегенмен, сарапшылар Кремль көктемгі сәтсіз шабуылдардан кейін қыс мезгіліне үлкен үміт артып отырғанын айтады. Болжам бойынша: Путин алдағы қыста Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдарын талқандап, гуманитарлық дағдарыс тудыру арқылы жеңілдіктерге қол жеткізгісі келеді-міс.
«The Wall Street Journal» басылымының жазуынша, президент Дональд Трамп билікке келген сәттен бастап «күш құқықты анықтайды» деген қағиданы алға тартып, әлемдік тәртіпті АҚШ-тың мүддесіне сай, Ресей мен Қытайдың тәсілдеріне ұқсас «ықпал ету аймақтары» жүйесіне қарай қайта құруға ұмтылуда. Ол алып мемлекеттердің әлсіздерге өз талаптарын мәжбүрлеп тели алатынына сенім артқан еді. Ал Украина АҚШ-тың көмегі тоқтаса да, сыртқы қысымға қарамастан майданды ұстап тұр.
Mezgil.kz