Кеше АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Арменияға ұшып барды. Оны Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян қарсы алды...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ: ЕРЕВАН МЕН ВАШИНГТОН МӘСКЕУГЕ СОҚҚЫ БЕРДІ
Екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының кездесуі төтелей сол «Звартноц» әуежайында өтті. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рубио мен Армения СІМ басшысы Мирзоян АҚШ пен Армения арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы жарғыға қол қойды.
Сондай-ақ Армения мен АҚШ арасында «TRIPP жобасы» шеңберіндегі стратегиялық серіктестік туралы негіздемелік келісімге және екі ел арасындағы минералдар мен сирек кездесетін қазбаларды жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі негіздемелік жоспарға қол қойылды.
МӘСКЕУ БОПСА ТІЛІНЕ КӨШУДЕ...
Мәскеу бұған бұлқан-талқан болуда. Мысалы, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Біз Арменияға газды жеңілдікпен саудалап отырмыз. Егер Ереван Еуропаны таңдаса, газды да сол бағада сатамыз. Жеңілдік жоқ», - деп сөйледі.
Ал «Росстатистика» агенттігі: «Армения ЕАЭО-дан шығатын болса, өзінің 40 пайызға жуық тауар айналымын жоғалтуы мүмкін. Ресейдің тауар айналымының едәуір бөлігі Ресей еншісінде – 2,9 млрд доллар. Арменияның ЕАЭО елдерімен сауда айналымы 8,2 млрд доллар болса, өзге елдермен сауда-саттығы 13,2 млрд доллар», - деп жариялады.
Бұл - нап-нағыз бопса…
АРМЕНИЯ РЕСЕЙДЕН ТЕРІС АЙНАЛУДА...
7 маусымда Арменияда парламенттік сайлау өтеді. Үкіметті кім тізгіндейтіні белгілі болмақ. Парламент пен Премьерлік үшін күресте Пашинян - басты фаворит.
Бұл Пашинян қазір Мәскеу үшін ең тиімсіз адам. Анығы - ол билікке келгеннен Кремльдің жоспарына сыймаған. Билікке антиресейлік риторикалармен келді. Еуроинтеграцияны жақтады. «Қарабақ» кланына жататын Саркисян, Кочерян секілді экс-биліктің ойыншыларымен білек күрестіріп, сонымен қатар Ресеймен интеграцияны сақтай отырып, сақ қимылдай бастады. Ал 2020 жылғы Қарабақ соғысындағы Арменияның жеңілісінен соң, Пашинянға тіпті себеп табылды. Кремльдің күшімен тұрған ҰҚШҰ-ға қатыспай, тіпті шығатынын мәлімдеуде. Ресейді айыптайтын мәлімдемелерді жиілетті. Тіпті, биыл Еуропаның «тұтас» лидерлерін Ереванның қақ төріне жиып, Ресейдің бас дұшпаны - Зеленскийге мінбер берді. Зеленский қарап тұрсын ба, Ресейді іреп-сойып, сөйледі.
Ереванның мұнысына Ресейде ашуланбаған адам қалмады. Путиннің өзі бірнеше кезек сөйлеп, «Ереван екінің бірін таңдасын. Не - біз, не – Еуропа» деген ультиматумды айтты. Ол - ол ма: «Украинада да бәрі солай басталған. Киев еуроинтеграцияны таңдаған. Арты не болды, ал?!», - деп сес көрсетті.
АҚШ ақпараты: «Ресей Пашинянның беделін түсіру және өңірдегі бейбітшіліктің тас-талқанын шығару үшін өжінің жымысқы әрекеттерін белсендіре түсті. Мәскеу жергілікті қолшоқпарларын — жемқор олигархтар мен халықаралық ойыншылар арасындағы пікірлестерін жұмылдыра отырып, Арменияға өз бақылауын орнатуға ұмтылуда», - дейді («NorthJersey» басылымы).
Батыс сарапшыларының бір шоғыры: «Кремль Армениядағы сайлауға араласып, жеңіске жетсе АҚШ елеулі геосаяси соққы алып, стратегиялық маңызы зор Оңтүстік Қапқазда жаңадан ие болған ықпалынан айырылып қалуы мүмкін», - дейді.
Қазір Ресей Арменияда өз мақсаттарын ілгерілету үшін өз қолшоқпарлары — Арменияның экс-президенті Кочарян мен ресейлік кәсіпкер Карапетянға қолдауды күшейтуде. Тіпті, бұл топқа Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) бұрынғы прокуроры Окампо сияқты тұлғаларды тартқан. Ал Кремльдің ақшасына Окампо ұлымен бірге Пашинянды биліктен тайдыруға және Әзербайжанның имиджіне нұқсан келтіруге бағытталған саяси науқандар ұйымдастырған.
Бұдан бөлек, егер Пашинян жеңіске жетіп, қайта сайланса, «Трамп маршруты» (TRIPP) жобасы қайта жалғаспақ. Ал бұл жобаға халықаралық инвестициялар тартылған жағдайда, бұл жоба Оңтүстік Қапқаздағы басым транзиттік дәлізге айналады деп күтілуде. Ал бұл өз кезегінде Ресей мен Қытайдың аймақтағы көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоспарларын бұзады.
РЕСЕЙДІҢ ҚҰПИЯ ЖОСПАРЫ: ПАШИНЯНДЫ ТАҚТАН ТАЙДЫРУ ОПЕРАЦИЯСЫ...
Жуырда Ресейдің арнайы қызметі қызметкерінің телефонын бұзу арқылы Пашинянды биліктен кетіру жоспары әшкереленді. Бұл туралы «Хроники Кавказа» редакциясы жазды.
7 маусымдағы Армениядағы парламенттік сайлауға Ресей арнайы қызметтерінің араласу жоспарын әшкерелейтін эксклюзивті құжаттар әшкере болған. Бұл ақпарат ресейлік арнайы органның қызметкеріне тиесілі ұялы телефонды бұзу арқылы қолға түскен.
Қолға түскен материалдарда Армения премьер-министрі Пашинянды биліктен тайдыру үшін оппозицияны жасырын қаржыландырудың қадамдық нұсқаулықтары, тактикалық сценарийлері мен жоспарлары жазылған.
Ол бойынша ресейлік саяси технологтар Армения электоратын үш секторға бөлген:
▪«қара» (Кочарян мен Саргсянның дәстүрлі оппозициясы — 15%);
▪«ақ» (Пашинянның қолдаушылары — 15%);
▪«қызыл» (биліктің ауысуын қалайтын, бірақ бұрынғы режимге қарсы 70% азаматтар).
Осы 70 пайыздық негізгі электоратты өз жағына шығару үшін Мәскеу құжаттарда «армян Иванишвилиі» деп сипатталған кәсіпкер Карапетянға иек артып отыр. Жоспарға сәйкес, ауқымды оппозициялық альянс құрылуы тиіс. Оның құрамына «Мать Армения» блогы (Карапетян тұтқындалған жағдайда қолданылатын «Б» жоспары) және Царукянның «Процветающая Армения» партиясы енуі керек. Бұл одақты қоғам алдында заңды етіп көрсету үшін «Гражданская платформа» атты жасанды тәуелсіз ұйым аясында құқық қорғаушыларды тарту және қамаудағы архиепископ Микаэл Аджапехянмен одақтасу арқылы діни факторды пайдалану көзделуде. Сайлау алдындағы «квартеттің» әлеуетін тексеру үшін кураторлар Эчмиадзиндегі жергілікті сайлау науқанын «бас репетиция» ретінде белгілеген, онда Карапетянның орнына «Мать Армения» блогы алға тартылмақ.
Қысқасы Қапқаз үшін таластың немен аяқталатынын 2 аптадан кейін білетін боламыз. Егер армян сайлаушылары Кремльдік жобаны таңдаса - Оңтүстік Қапқазда қайта от тұтануы мүмкін. Тіпті, Кочарян-Саркисяндар «реваншистер» саналады. Олар Қарабақ «кланының» өкілдері. Сондықтан, Қарабақта қайтадан мылтық даусы естілмесіне кепілдік жоқ.
Mezgil.kz